ЖАНАРСЫЗ АДАМ, ЖАЛЫНДЫ ЖЫР
9 ақпан – ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күні. Осыған орай Алматыдағы «Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана» мен «Көмектес» қайырымдылық қоры бірлесе отырып, зағип оқырмандар арасында республикалық «Мұқағали оқулары» фестивалін өткізді.
Мұқағалидың «Жанарсыз адам келеді» деген өлеңі бар.
«Жанарсыз адам келеді… жанарлы бейқам тірліктен,
Жанарын даулап, дүниені таяқпен түртіп оятқан» деп аяқталатын осы өлеңінде ақиық ақын зағип жандардың жан толғанысын терең тебіреніспен жеткізе білген.
Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана Хантәңірінің мұзбалағы Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін насихаттау арқылы қазақ тілінің мәртебесін арттыруға ден қойып, мүмкіндігі шектеулі талантты жастарды ынталандырып, әдеби шеберлікке баулуды дәстүрге енгізген. Жылда өткізілетін осы әдеби шара биылдан бастап керегесін кеңейтіп, республикалық фестивальге айналыпты.
Алдымен «Мұқағали оқулары» фестивалінің іріктеу кезеңіне 23 үміткер қатысып, қорытынды кезеңге жолдама алса, сол он бес өнерпаз 2 аталым бойынша: Мұқағали шығармаларын жатқа айту және ақын сөзіне жазылған әндерді орындау бойынша бақ сынасты.
Мерекелік шараны Мирас Қожахметов жетекшілік ететін «Атамұра» ұлт-аспаптар ансамблі Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым», Нұрғиса Тілендиевтің «Көш керуен» күйлерімен ашып берді. «Армандастар» вокалды-аспаптар тобы «Есіңе мені алғайсың», «Сағыныш» атты танымал әндерді орындап, оқырмандарға тамаша көңіл-күй сыйлады.
Мұқағали шығармаларын жатқа айту кезеңі бойынша бірінші жүлделі орынды кітапхана қызметкері Зарина Абдрахманова жеңіп алып, «Мұқағали» журналының директоры Жақыпжан Нұрғожаев тағайындаған 30 000 теңге ақшалай сыйлықты иеленді. Екінші жүлделі орынды кітапхана оқырманы Лидия Попова жеңіп алды. 20 000 теңге ақшалай сыйлыққа демеушілік жасаған – «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи қорық музейінің директоры Абай Садуақасұлы. Үшінші жүлделі орынды «Армандастар» вокалды-аспаптар тобының мүшесі Светлана Тоқабаева жеңіп алды. Ол Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Досхан Жолжақсыновтың 15 000 теңге ақшалай сыйлығымен және дипломмен марапатталды.
Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған әндерді орындау кезеңі бойынша бірінші жүлделі орынды Чайковский атындағы музыкалық колледжінің 1-курс студенті Ерхат Тәжібаев Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған, Тұрсынғазы Рахимовтың «Аягөз ару» әнін орындап, Қазақ зағиптар қоғамына қарасты кәсіпорын төрағасы Мирас Мейірбекұлы тағайындаған 30 000 теңге ақшалай сыйлықпен марапатталды. Екінші жүлделі орынды Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданы Қызылқия аудандық мәдениет үйінің әдіскері Рүстем Тайыров Мұқағалидың сөзіне жазылған, Шынберген Сүлейменовтің «Қайран жеңгем» әнімен жеңіп алды. 20 000 теңгелік жүлдеге демеушілік жасаған – «Алатау» дәстүрлі өнер театрының директоры, жыршы, термеші Берік Жүсіпов. Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданынан келген, «Қазақ зағиптар қоғамы қоғамдық бірлестігі» Аягөз бастауыш ұйымының төрайымы Құралай Елшібекова Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған, Төлеген Мұхамеджановтың «Мен деп ойла» әнін орындап үшінші жүлделі орынды жеңіп алды. Оған 15 000 теңгелік ақшалай сыйлықты кітапхана директоры Ерлік Әлімқұлов тапсырды. Кітапхана оқырманы, ақын Олег Рябуха Мұқағалиға арнаған өлеңін оқып, «Көрермендер көзайымы» дипломымен марапатталды, сонымен қатар 5000 теңге ақшалай сыйлықты иеленді. Қалған қатысушылардың барлығы да республикалық «Мұқағали оқулары» атты зағип жандар арасында өткізілген фестивальде өнер көрсеткені үшін арнайы дипломдармен марапатталып, 5000 теңге ақшалай сыйлыққа ие болды. «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Алматы филиалы төрайымы Кабира Сағидолдақызы 5 өнерпаз – Исатова Мейрамгүл, Горбачева Ольга, Айшуақова Қапиза, Қорғанбаева Динара, Ербек Бакиев ақшалай сыйлық тарту етті. Шара соңында республикалық «Мұқағали оқулары» фестиваліне қолдау көрсетіп, демеушілік жасаған. Бақытгүл Қыдырбайқызы, Пархат Азатұлы, Бораш Әлібекұлы тағы да басқа жанашырларға кітапхана директоры Ерлікбай Әлімқұлов алғысхат табыс етті.
Осы шара аясында «Ғасыр ақыны» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен іс-шараға барлығы 107 оқырман қатысып, «Мұқағали оқулары» фестиваліне халықаралық Жамбыл сыйлығының лауреаты, ақын Нұрлан Әбдібек, актер, әнші, Мәдениет қайраткері Ғазизхан Әділханов, «Егемен Қазақстан» газетінің шолушысы Сапарбай Парманқұл, Мәдениет қайраткері, композитор, кітапхана жанынан құрылған Ардагерлер кеңесінің төрағасы Мүбәрак Шәкір, «Өнер өрімдері» әдеби-мәдени клубының жетекшісі, ақын Әбетхан Тоқтаған қазылық еткенін айта кеткен жөн.
Төреғали ТӘШЕН