Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сексеннің сеңгіріндегі сергек рух

Сексеннің сеңгіріндегі сергек рух

Шиелі ауданының құрметті азаматы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, елдің өткені мен бүгінін жүрегіне тоқыған Есіркеп Шәдібекұлы биыл сексеннің сеңгіріне көтеріліп отыр. Ғұмырын еңбекпен өріп, елмен бірге есейген, көргені мен түйгенін кейінгі ұрпаққа аманат етіп келе жатқан жанның өмір жолы – тағдырдың талай сынынан сүрінбей өтіп, адамдық қалпын жоғалтпаудың үлгісі.
Есіркеп Шәдібекұлы 1946 жылдың 1 тамызында атақты диқан Ыбырай Жақаевтың мекені – сол кездегі «Қызылту» ұжымшарында дүниеге келген. Әкесі Шәдібек Нұржанов 1896 жылы Қарғалыда туған, өз бетінше сауат ашқан, елге сыйлы, зерделі, ақындығы бар азамат болған. Қызылту колхозында партия комитетінің хатшысы, өндіріс бригадирі, қойма меңгерушісі секілді қызметтер атқарған. Сөз қадірін білген Шәдібек Нұржанов Нартай, Нұрмахат, Болтай, Күлжамал секілді сол дәуірдің ақындарымен айтысқа түскен өнерлі жан екен. Алайда ұзақ жылдар бойы перзент сүйе алмай, бәйбішесі Қалбибімен бірге жеті құрсақтың қайғысын көтерген әке артында тұяқ қалдыруды тілепті. Басқосуларда:
Ұлым болса маңдайы жарқыраған,
Болар еді көңілім шад-шадыман, – деп жырлайды екен.
Сол арман ақыры орындалып, дүниеге Есіркеп келеді. Бірақ қуаныштың ғұмыры ұзаққа созылмады. Әкесі 1950 жылдың 21 қаңтарында, небәрі 54 жасында өмірден өтті. Есіркеп ол кезде төрт жасқа да толмаған еді.
Әке мейірімін толық сезініп үлгермеген бала үшін тағдырдың бұл сынағы оңай болмағаны анық. Дегенмен Ақкөкесі атанған әкесінің інісі Қазыбек пен анасы Қалбибінің қамқорлығының арқасында ол жетімдіктің зардабын барынша аз сезініп өсті.

Өмір мектебі шыңдаған азамат
Есіркеп Шәдібекұлы 1963 жылы №47 ­Ломоносов атындағы орта мектепті бітіріп, 1970 жылы Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институттың химия-биология факультетін тәмамдады. Еңбек жолын «Гигант» орта мектебінен бастады. Ұстаздық қызметтен алған тәжірибесі оның адамдармен тіл табысуына, жастар тәрбиесіне ден қоюына және жауапкершілікті терең сезінуіне негіз болды.
Жалындаған жастық шағының өзінде-ақ ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түсіп, шаруашылықтың бастауыш комсомол ұйымына жетекшілік етті. Кейін аудандық комсомол комитетінің хатшысы болып сайланды. Осылайша, оның ел ісіне араласқан еңбек жолы біртіндеп кеңейе берді.
Шиелі кенті кеңесі атқару комитетінің хатшысы, №31 жылжымалы механикалық колоннасы мекемесінің кәсіподақ комитетінің төрағасы, «Еңбекші» кеңшары партия комитетінің хатшысы, сауда мекемесінің директоры, ауылдық кеңес төрағасы, совхоз директорының орынбасары секілді жауапты қызметтерді атқарды. Әр саланың өз қиындығы мен жауапкершілігі бар. Бірінде елдің тұрмыс-тіршілігіне араласса, екіншісінде еңбек адамдарының мұң-мұқтажын тыңдады, тағы бірде шаруашылық жұмысының ауыртпалығын бөлісті. Қай қызметте де адамдармен жұмыс істеу, олардың сенімін ақтау, ортақ іске ұйытқы болу басты міндеттердің бірі еді. Есіркеп Шәдібекұлының өмірлік тәжірибесі осындай сан салалы еңбектің үстінде қалыптасты.
Кейінгі жылдары Қызылорда аймағындағы «Харрикейн-Құмкөл» мұнай құрылысы мекемесінің кәсіподақ комитетін басқарды. Бұл кезеңде ол еңбек адамдарының мүддесін қорғап, өндіріс ұжымының тыныс-тіршілігіне араласты. Шетелдік әріптестермен де қоян-қолтық жұмыс істеп, ел мүддесін, қазақы болмыс пен ұлттық қадір-қасиетті қатар ұстанды.

Жарты ғасырлық сырлас – «Өскен өңір»
Есіркеп Шәдібекұлының болмысын оның рухани әлемінен де тануға болады. Ол – туған жердің тынысын, елдің сөзін, халықтың мұң-мұқтажын баспасөз арқылы танып-біліп келе жатқан оқырман. Өзге облысқа қоныс аударғанына бірнеше жылдың жүзі болса да ата басылымнан алшақтаған емес. Өзі де үнемі тәуелсіздік, ұлттық тіл, дәстүрлі дін, қазақы тәрбие, ел бірлігі мен қоғамдық келісім туралы пайымды пікірлерін айтып, баспасөз бетінде ой бөлісіп келеді.

Жар таңдаудағы парасат
Есағаңның өміріндегі ең әсерлі әңгімелердің бірі – отбасын құру туралы толғанысы. Ол жастық шағында жар іздегенде жеке басының қалауынан бұрын өзін өсірген ата-анасының көңілін ойлағанын жасырмайды.
«Мені асырап өсірген, жетім қылып жұртқа жалтақтатпаған, бір үзім нан болса да алдымен менің аузыма салған, бүкіл өмірін маған арнаған, шекемнен шертпеген, адалдыққа, адамдыққа тәрбиелеген Ақкөкем үшін, дүниеге жеті перзент әкеліп, бәрі шетінеп кетсе де, сабыр сақтап, Құдайдан тек менің тілеуімді тілеген Қалбибі шешем үшін олардың жағдайын жасайтын, қабағына мұң шалдырмайтын ақылды, парасатты жар іздедім», – дейді ол.
Бұл сөздерден Есіркеп Шәдібекұлының отбасы құндылықтарына деген көзқарасы айқын көрінеді. Өзін мәпелеп өсірген жандардың жақсылығын ұмытпау, олардың көңіліне қарау, өмірлік шешім қабылдағанда ақыл мен жауапкершілікті қатар ұстау – оның азаматтық болмысының бір қыры.
Сөйтіп, өмірлік серігі Ардақ апамызбен тағдырын тоғыстырды. Екеуі ұл-қыз тәрбиелеп, олардың білім алып, өмірден өз орындарын табуына жағдай жасады. Бүгінде перзенттері үйлі-жайлы болып, оннан астам немеренің қызығын көріп отырған бақытты ата мен әже.

Әкеге деген сағыныш
Есіркеп Шәдібекұлының бойындағы тағы бір ерекшелік – өлеңге жақындығы. Әкесі Шәдібек Нұржановтың ақындық өнері мен ел ішінде қалған жырлары ұлының жүрегінде де сөзге деген құрмет оятқандай. Әкесінен тым ерте айырылған ол жылдар өте келе сағынышын өлеңге айналдырып, жүрек сырын қағазға түсірді.
Әкесіне арнаған жырында:
О, әке, абзал әке, қайдасың, қайдасың,
Үнімді естимісің, қайдасың?
Әкелік мейірге құмарымды қандырмай,
Неліктен тыныштық рахат жайдасың? –
деп мұңын төгеді.
Бұл – балалық шағында әке мейіріміне шөлдеген перзенттің жан дауысы. Әкенің алақанына бір сәт болса да басын қойып, ақылын тыңдауды аңсаған жүректің үні. Алайда өлең мұңмен ғана шектелмейді. Есағаң әкесінің рухани мұрасын өмірлік бағдарға айналдырады:
Жоқ, әке, сен өлген жоқсың, тірісің,
Өзіңмен бірге менің бар тынысым.
Дүниеден өтсең де ғасыр бұрын,
Жетелеп келеді мені ұлы ісің.
Әкенің өмірден өткеніне қаншама жыл өтсе де, оның бейнесі ұлының жадында жаңғырып тұрады. «Жетелеп келеді мені ұлы ісің» деген жолдарда әкеге деген құрмет, орындалған арманға деген жауапкершілік және ұрпақтар сабақтастығы жатса керек.

Еңбекке құрмет – елге құрмет
Еңбек адамын бағалау – қоғамның өз құндылықтарын бағалауы. Осы тұрғыдан алғанда, Есіркеп Шәдібекұлының көп жылғы қызметі мен кәсіподақ саласына сіңірген еңбегі лайықты құрметке ие болып келеді.
Жақында ол Қызылорда қаласына барып, Құмкөл кенішінің ашылғанына 40 жыл толуына арналған мерекелік шараға қатысты. Осы басқосу барысында кәсіподақтың жоғары марапаты – «Адал еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Сексен жасқа толған мерейтойында да ел ағасына деген ізет пен құрмет айрықша көрініс тапты. Қазір өзі тұрып жатқан Шамалған ауылының әкімі Нұрсұлтан Жолдасбеков алқа мүшелерімен бірге Есіркеп Шәдібекұлын арнайы қабылдап, сый-сияпатын көрсетті.
Бүгінде Есағаң Шамалған селолық ардагерлер ұйымының алқа мүшесі, селолық қауымдастықтың мүшесі ретінде қоғамдық өмірден қол үзбей келеді. Тәжірибесі мен өмірлік пайымын ортаға салып, елдік мәселелерге бейжай қарамайтын азамат ретінде танылып отыр.
Сексен жас – адамның өткеніне есеп беріп, жүріп өткен жолына ой жүгіртетін кезең. Бірақ Есіркеп Шәдібекұлы үшін бұл жас тоқыраудың емес, тағылымның белесі секілді. Өйткені ол өзінің өмірлік тәжірибесін кейінгі ұрпақпен бөлісіп, туған жердің жаңалығына құлақ түріп, елдің амандығын тілеп отырған азамат.
Адамның жасын жыл санымен өлшеуге болады. Ал оның ғұмырын елге сіңірген еңбегімен, ұрпағына қалдырған өнегесімен, айналасына жасаған жақсылығымен бағалау керек.
Есіркеп Шәдібекұлының сексен жылдық ғұмырына көз жүгіртсек, онда балалықтың сағынышы да, еңбек жолының белестері де, қоғамдық қызметтің жауапкершілігі де, отбасылық бақыттың шуағы да бар. Өзі де сексеннің белесіне арналған өлеңінде:
Келсем де сексеніңе, сөнгенім жоқ,
Кәріліктің құрсауына енгенім жоқ.
Кеудемде жыр толқыны атой салып,
Халқыма бергенімнен берерім көп, – деп жырлайды.
Ендеше, сексеннің сеңгіріне шыққан Есіркеп Шәдібекұлына зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасының амандығын, ұрпағының қызығын тілейміз. Жүрегіндегі жыр толқыны толастамай, туған жерге деген сағынышы мен елге деген ықыласы сарқылмасын!

Гүлхан ЯХИЯ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі
20 қазан 2026 ж. 50 0