Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » СӨЗІ – ӨНЕГЕ, ІСІ – ҮЛГІ

СӨЗІ – ӨНЕГЕ, ІСІ – ҮЛГІ


Аудан айнасы «Өскен өңір» газетін жарты ғасырдан бері жанына серік етіп, ақылшы әрі досы санап келе жатқан «Шиелі Ауданының құрметті азаматы», ҚР Журналистер одағының мүшесі Есіркеп Шәдібеков 73 жасты толтырып, алтыншы мүшелге аяқ басып отыр.


Санаулы күн, санаулы ай...
Мәселе өмірдің ұзақтығында ғана емес, сол саналы ғұмырында адам ел игілігі үшін, мемлекет дәулетінің артуы мақсатында қандай келелі істер атқарды, нендей өрелі іске мұрындық болғандығында емес пе?
Санаулы күн, санаулы ай, санаулы жыл,
Санауменен ағарды-ау самайлар кіл.
Уақытты не пайда санағаннан?
Алатұғын өмірден бағаңды біл, – деп жырлағанда ойшыл ақын Мұқағали да осыны айтып отырған жоқ па?
Қиындығы да, қызығы да мол өмір соқпағынан өтіп, жетпістің желкенін керіп отырған азамат Есіркеп Шәдібекұлының өмірбаяны байыппен үңілген адамға көп жайттан хабар бергендей.
Азамат деген сөзді бекер қолданып отырғанымыз жоқ. Халықтың арғы-бергі тарихына көз жүгіртсек, бұл атауды кім болса соған қолдана бермеген. Өзі тұрған мекеннің, өмір сүрген қоғамның кемелдігіне көп үлесін қосқан, еңбегімен өзгеге үлгі болған ерен жанды ғана азамат деп танып, орынды бағалаған. Қазір азамат деген сөз ол қасиетінен айырылып бара жатыр. Ол әрине, басқа бір әңгіменің желісі. Сонымен тақырыбымызға қайта оралсақ, Есіркеп Шәдібекұлын шын мәнінде азамат деп атауға толық негіз бар. Оның ұзақ жылғы еңбек жолын тізбелеп жатпай, адам бойында тым жиі ұшыраса бермейтін кейбір қасиеттеріне тоқталғым келіп отыр.

Дүниеде екі ақиқат бар: біреуі – діни, екіншісі – ғылыми
Кеңес дәуірінде бірыңғай саяси күн деген шара болатын. Ол аптаның белгіленген бір күнінде өтіп тұратын. Оны «саяси сабақ» деп те атайтын.
Есіркеп Шәдібекұлы «Еңбекші» кеңшарында партком хатшысы болып жүргенде осындағы бір саяси сабаққа Қазақстан компартиясы орталық комитетінің сектор меңгерушісі Ж.Беспаев қатысады. Жанында аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы бар. Күн тәртібінде – тұрғындарға атеистік тәрбие беру мәселесі. Қанға сіңген ұқыптылығына басып, оның үстіне жоғарыдан лауазымды кісілер келетін болғандықтан, баяндамаға әбден дайындалады. Ауылдың мәдениет үйіне халық көп жиналыпты. Партком хатшысы залды ризашылық кейіппен бір шолып өтеді де, бір жөткірініп алып баяндамаға кіріседі. Сол кездегі тәртіппен «Жолдастар!» дей бергенде орталық комитеттен келген мәртебелі қонақ оның сөзін бөліп:
– Жолдас партком хатшысы, сен алдымен құдай бар ма, жоқ па, соны айтшы? – деп төтесінен сұрақ қояды. Тосын сұрақты естіген кезде Шәдібеков үнсіз тұрып қалады. Бейнебір есінен айырылған жандай мең-зең. «Құдай бар» дейін десе, партиядан қорқады, «Жоқ» дейін десе, ертең елдің бетіне қалай қарайды? Не істерін білмей залға қараса, шыбынның ызыңы естілмейді, бәрі не айтады дегендей саяси жетекшісіне қадалып қалыпты. Ол алдында тұрған судан бір ұрттап, есін жияды. Институтта оқыған ғылыми атеизм пәнінің тұжырымы есіне сап етіп түседі:
– Жолдас, лектор, дүние жүзінде Авиценнадан (Ибн Сина) асқан ғалым жоқ қой. Сол кісі дүниеде екі ақиқат бар: «Біреуі – діни, екіншісі – ғылыми» деген екен, осы сөзге тоқтасақ қалай болады? – дегенде лектор: «Тауып кеттің, әрі қарай оқи бер», – дейді.

Қазақ үйіне құлып салмаған
1997 жылдың сәуірінде Түркияның Анкара қаласында кәсіподақ активтерінің дүниежүзілік форумы өтеді. Оған респуб­ликадан 22 адам қатысады. Солардың бірі – Есіркеп Шәдібеков. Ол бұл уақытта Қызылорда аймағындағы «Харрикейн-Құмкөл» мұнай құрылысы мекемесі кәсіподақ комитетінің төрағасы болатын.
Стамбулдан ұшақтан түскен соң 440 шақырымды 6 сағатта жүріп, Анкараға жетеді. Стамбулға қайтып келіп семинар жұмысын қорытындылайды. Басқосу мәжілісін жүргізуші, «Туркиш металл» кәсіподақ комитетінің төрағасы «Біздің елде дүкенде, үйде құлып деген болмайды. Ұрлық деген атымен жоқ» деп біраз бөседі. Бір сөзді әрі-бері тыңдап жалыққан қатысушылар әбден ығыр болады. Шыдай алмаған Есіркеп ағамыз: «Біздің қазақта сіз айтып тұрған жағдай бұдан бірнеше жүздеген жылдар бұрын қалыптасқан. Айдалада отырған қазақ үйіне құлып салмаған. Келген жолаушы сусынын ішіп, тамағын жеп, аттанып кететін болған», – деген кезде қазақстандықтар риза болып, ду қол соғыпты.

Партбилетін ұлына айырбастаған
Есіркептің әкесі Шәдібек ұзақ жыл перзент көрмейді. Бәйбішесі 7 құрсақ көтереді, бірақ жетеуі де шетінеп кетіп отырады. Перзенттің тақсіретін тартқан, соңында ізбасар қалдыруға тырысқан әке ауылдың бір бойжеткенімен қөңіл жарас­тырады.
Кешікпей қуаныштың да нышаны сезіле бастайды. Пенденің арасында қаскөйлік қалған ба? Әкесінің үстінен ­ауылдастары «екі әйел алған» деп жоғарыға арыз жазып жібереді. Сол бойынша мәселесі аудандық партия комитетінің бюросында қаралып, «Көп әйел алғаны үшін» деген желеумен партия қатарынан шығарылып, қызметінен босатылады. Әкесі ұжымшар басқармасының төрағасы екен.
– Кейін өндіріс бригадирі болып жүрген кезінде бел омыртқа туберкулезі болып, орнынан тұра алмай төсек тартып жатты. Мені кеудесіне отырғызып қойып, «Менің партбилетім ғой, мен бұл баламды партбилетке ауыстырып алғанмын» деп отырады екен. Әкем сол науқастан 1950 жылы 21 қаңтарда 54 жасында қайтыс болды, – деп күйзеле есіне алады ағамыз. Осылайша Есіркеп әкеден 4 жасында қалады. Бірақ әкесінің інісі мен үлкен анасының (бәйбіше) арқасында жетімдікті көрмейді.
Есіркеп Шәдібекұлы 1946 жылдың 1 тамызында атақты диқан Ыбырай Жақаевтың мекені – «Қызылту» (қазір Ыбырай Жақаев атындағы) ұжымшарында өмірге келді. 1963 жылы №47 Ломоносов атындағы орта мектепті, 1970 жылы Қызылорда қаласында Н.Гоголь атындағы педогогикалық институттың химбиология факультетін бітірді. Еңбек жолын «Гигант» орта мектебінен бастады. Жалыны мол, ойы ұшқыр Есіркеп көп ұзамай-ақ аудан басшысының көзіне түседі. Сөйтіп шаруашылықтың бастауыш комсомол ұйымына жетекшілік етті. Артынша аудандық комсомол комитетінің хатшылығына сайланады. Осылайша еңбек жолы өріліп жүре береді.
Аудан орталығы – Шиелі кенті кеңесі атқару комитетінің хатшысы, №31 жылжымалы механикалық колоннасы мекемесінің кәсіподақ комитетінің төрағасы, «Еңбекші» кеңшары партия комитетінің хатшысы, сауда мекемесінің директоры, ауылдық кеңес төрағасы, совхоз директорының орынбасары қызметтерін бірінен соң бірін рет-ретімен әрі абыроймен атқарды. Соңғы жылдары «Харрикейн-Құмкөл» мұнай құрылысы мекемесінің кәсіподақ комитетін басқарып, шетелдік әріптестерімен де қоян-қолтық жұмыс істей білді.
Есағаңның жастарға айтары мол
Қазір ел ағасына айналған Есағаңның жастарға айтары мол. Тәуелсіз елді, оның тарихын, ұлттық тілі мен дәстүрлі діннің белді насихатшысы. Елдің ынтымағы, бірлігі, қазақы әдет-ғұрпы туралы аудандық, облыстық баспасөз бетінде ой саларлық толғамымен, пайымды пікірімен жиі көрініп тұрады. Сонау шалғайда тұрғанына қарамастан «Алматы ақшамы» газетін жаздырып алып оқиды.
Автордың мәңгілік жар таңдауы да әдеттегіден өзгешелеу.
– Балалықтың бал дәурені өткен соң жігіт болып, қыз іздеп, жан-жағыма қарай бастағанда өмір бақи өзімнің жеке басымды ойлаған емеспін. Мені асырап өсірген, жетім қылып жұртқа жалтақтатпаған, бір үзім нан болса да алдымен менің аузыма салған, бүкіл өмірін маған арнаған, шекемнен шертпеген, адалдыққа, адамдыққа тәрбиелеген, өтірік айтып көрмеген, дүниенің қызығын, жақсылығын тек қана маған тілеген, мені қанағат тұтып перзентім болмады деп армандамаған Ақкөкем (Қазыбек) үшін, дүниеге 7 перзент әкеліп, бәрі шетінеп кетсе де, солар тірі болмады-ау деп күйінбей сабыр сақтап, Құдайдан тек менің тілеуімді тілеген Қалбибі шешем үшін, солардың жағдайын жасайтын, екеуінің қабағына мұң шалдырмайтын, ойын, арманын жүзінен ұғатын ақылды, парасатты жар іздедім, – дейді әңгімені сабақтап. Сөйтіп жүріп ең соңында өмірлік серігін тапқан.
Бұл күнде асыл жары Ардақ екеуі ұлы мен қызын заман талабына сай тәрбиелеп, біліммен жарақтандырған. Бәрі өмірден өз орнын тауып, үйлі-жайлы болып отыр. Перзенттерінен10-нан аса немере сүйіп отыр. Бұл күнде жетпістің шыңынан сүрінбей асқан азамат жас кезінде жаңсақ баспағанын, ақ сүтін бермесе де, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірген ата-анасының айтқанына көніп, ығына жығылғанын, өзі қанша ұнатып тұрса да, әке-шешесіне ұнамаған бойжеткеннен бойын аулақ сала білгенін кейінгі ұрпаққа үлгі етеді.

Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ,
Қазақстанның құрметті журналисі

10 шілде 2019 ж. 590 0