Шиелі кітабы жарыққа шықты
Той – ел ырысы, несібесі, байлығы, дәулеті мен сәулетінің жарқын көрінісі, халық қазынасы. Шырайлы да киелі Шиелі жері небір тума таланттылар мен дарындыларға, ақын, әнші, композитор, академик, жазушыларға толы. Алтын күз аясында өткізілген тағылымды шаралардың бірі – «Шиелі шежіресі» атты Шиелі ауданы туралы шығарылған кітапқа арналған ғылыми-танымдық конференция.
Салтанатты шарада аудан әкімі Ә.Оразбекұлы аудан тұрғындарын айтулы мерекемен құттықтады. Конференцияға жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әнес Сарай, мемлекет және қоғам қайраткері Алтыншаш Жағанова, ғалым, философия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі Досмұхамед Кішібеков, академик, доктор Тимур Кішібеков, журналист, қоғам қайраткері Әбдіжәлел Бәкір, Халықаралық қазақ-түрік университетіні, әлеуметтік ғылымдар фаультеті «Қоғамдық ғылымдар» кафедрасы, ф.ғ.к, доценті Балтагүл Оспанқызы, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Шиелі ауданының «Құрметті азаматы» Мадияр Елеуов, жазушы, журналист, Мәдениет қайраткері, жерлесіміз Ағайдар Ысымұлы, еңбек ардагері Бибіжан Жәукебаева және аудан ардагерлері мен зиялылар, жастар қатысты.
Мерекелік жиында еңбек ардагері Б.Жәукебаева баяндама жасап, Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында Қазақстанның қасиетті орындары, киелі жерлері туралы ерекше жазған. Шиелі ауданында киелі орындар көп. Бойында шежіресі тұнған, даласы дархан, қойнауы қазына, тарихы телегей теңіз Сыр маржаны – Шиелінің өткені мен бүгінін терең зерттеп, жерлестеріміздің бойында туған өлкенің тарихын тану, оны ардақтау сияқты қасиеттерді қалыптастырудың маңызы зор екендігіне тоқталды. Одан соң ауданымызды бес жылға жуық басқарған қазіргі қала әкімі Н.Нәлібаевтың құттықтау хатын қала әкімінің аппарат басшысы А.Есмаханов оқып берді. Конференция барысында аудан өнерпаздары Шиелі туралы әндер шырқап, халықтың көңілін көтерді.
Тарихқа тұнған киелі өлкенің қасиетті жерлерін, ірі тұлғаларын, ауылшаруашылығы мен өнеркәсібін жан-жақты зерделеген «Шежірелі Шиелі» кітабын жинақтауға Шиелі ауданының «Құрметті азаматы», жазушы Ағайдар Ысымов, ҚР Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, «Шарайна-Сейхун» газетінің бас редакторы Нұрмахан Елтай, ҚР Журналистер одағының мүшесі, сазгер Өркен Исмаил, ҚР Журналистер одағының мүшесі, «Кызылординский вести» газетінің Шиелі-Жаңақорған ауданының меншікті тілшісі Мақсұт Ибрашев және ҚР Журналистер одағының мүшесі, аудандық «Өскен өңір» газетінің бас редакторы Нұрболат Пірімбет атсалысып, құнды деректермен толықтырған болатын. Атап өткен авторлардың бірлесуімен жарыққа шыққан кітап рухани қазынамыздың қатарын толықтырар құндылықтардың бірі болады деп үміттенеміз.
«Өскен өңір» ақпарат.
Сурет Б.БӘЙІМБЕТТІКІ.