Жақсылығы жүрекке жеткен
Ақ халатты абзал жанның міндеті – сырқатқа шипа сыйлау ғана емес, қиындыққа тап болған жанға демеу болу. Кейде дәрігердің жылы сөзі мен шынайы жанашырлығы да науқасқа күш-қуат беріп, өмірге деген үмітін оятады. Осындай адамдық қасиетімен көптің алғысына бөленіп жүрген жандардың бірі – жедел жәрдем фельдшері Іңкәр Болатқызы.Іңкәр Болатқызы 1992 жылдың 19 қыркүйегінде дүниеге келген. Ол Жөлек ауылындағы №152 мектепте білім алып, 2009 жылы мектепті тәмамдады. Ақ халат киіп, адам жанының арашасы болуды мақсат еткен жас бойжеткен сол жылы Түркістан қаласындағы медициналық колледжге оқуға түсіп, медицина саласының қыр-сырын меңгерді. 2013 жылдан бастап Сұлутөбе ауылында жедел жәрдем фельдшері болып еңбек жолын бастады. Ал 2018 жылдан бері аудандық аурухананың жедел жәрдем бөлімінде қызмет етіп келеді.
Жылдар бойы жинаған тәжірибесі мен кәсіби біліктілігі Іңкәрді түрлі жағдайларда шұғыл шешім қабылдауға үйретті. Өйткені жедел жәрдем қызметінде әр минуттың маңызы зор. Бір шақыртуда науқастың қызуын түсіріп, енді бірінде қан қысымын қалыпқа келтіруге көмектессе, кейде адамның өмірін сақтап қалуға бағытталған алғашқы көмекті көрсетуге тура келеді. Осындай сәттерде дәрігердің сабырлылығы, шапшаңдығы мен жауапкершілігі сыналады. Дегенмен Іңкәр Болатқызының болмысын тек кәсіби міндетімен шектеуге болмайды. Оның бойындағы ерекше қасиет – науқасқа медициналық көмек көрсетумен қатар, адамның тұрмыстық жағдайына да бейжай қарамайтын жанашырлығы.
Жанашырлықтың жарқын үлгісі
Адамның басына қиындық түскенде шын ниетімен қол ұшын созатын жандардың қадірі арта түседі. Әсіресе жасы ұлғайған, денсаулығы сыр берген кісілер үшін дәрігердің дер кезінде келуі ғана емес, көңіл бөліп, хал-жағдайын сұрауының өзі үлкен медет. Іңкәрдің осындай адамдық қасиетін ерекше бағалайтын жандардың бірі – ардагер ұстаз Нұржамал Дәулетова.
Адамның басына қиындық түскенде шын ниетімен қол ұшын созатын жандардың қадірі арта түседі. Әсіресе жасы ұлғайған, денсаулығы сыр берген кісілер үшін дәрігердің дер кезінде келуі ғана емес, көңіл бөліп, хал-жағдайын сұрауының өзі үлкен медет. Іңкәрдің осындай адамдық қасиетін ерекше бағалайтын жандардың бірі – ардагер ұстаз Нұржамал Дәулетова.
Жедел жәрдем фельдшері науқастың үйіне келіп, жағдайын тексеріп, қажетті медициналық көмегін көрсетумен шектелмей, оның тұрмыс-тіршілігіне де көңіл бөлген. Құлағалы тұрған ескі үйінің жайын көргенде де сырт айналып өтпей, жаңа шағын баспана салып беруге атсалысқан. Бұл – кез келген адамның қолынан келе бермейтін кең жүректіліктің белгісі. Себебі біреудің сырқатына ем іздеу – мамандық міндеті болса, оның тұрмыстық қиындығына ортақтасып, қолынан келгенше көмек беру – адамгершіліктің өлшемі.
Ардагер ұстаздың ризашылығына Іңкәрмен бірге жүрген, жедел жәрдем саласында 15 жылдық тәжірибесі бар Азамат Сыздықов та лайық. Көп жылғы еңбек тәжірибесі қалыптастырған сабырлылығы мен жауапкершілігі оны да өз ісіне берілген маман ретінде танытады. Екеуі де шақыртуларға бірге барып, науқастарға медициналық көмек көрсету барысында бір-біріне сүйеніп, ортақ міндетті абыроймен атқаруға күш салады.
«Дәрігердің жақсы болғаны қандай, ал сол дәрігердің адамгершілігі мол болғаны тіпті ерекше. Іңкәр ауырған кездерімде үйіме келіп, ем-домын жасап, жағдайымды сұрап жүрді. Бірақ оның жақсылығы мұнымен шектелген жоқ. Ескі үйімнің құлағалы тұрғанын көріп, жаңасын салуға көмектесті. Мұндай қамқорлықты сөзбен айтып жеткізу қиын. Азамат та өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, тәжірибелі азамат. Екеуі де қолдарынан келгенше көмектесіп, көңілімді көтеріп жүрді. Мен оларды тек мықты медицина қызметкерлері ғана емес, адамға шын жаны ашитын, қиын сәтте қасынан табылатын жандар деп білемін. Алғысым шексіз. Еңбектеріне табыс, отбасыларына амандық тілеймін», – дейді Нұржамал Дәулетова.
Иә, кейде біреуге көрсетілген көмек сырт көзге шағын ғана іс болып көрінуі мүмкін. Алайда жалғыздықты сезінген немесе денсаулығы сыр берген жан үшін сол көмектің мәні ерекше. Іңкәр мен Азаматтың әрекетінен кәсіби міндет пен азаматтық жауапкершіліктің өзара сабақтастығын көреміз. Адам өміріне араша түсуді мақсат еткен маманның жүрегінде мейірім болса, оның еңбегінің де қадірі арта түседі. Өйткені медицинада білім мен тәжірибе қаншалықты маңызды болса, адамға деген ізгі көзқарас та соншалықтцы қажет.
Г.Әбдіханиқызы






