ЦИФРЛЫҚ ДӘУІРДІҢ КӨЛЕҢКЕСІ
Соңғы бірнеше жылда Қазақстан қаржылық технологиялар мен цифрландыру қарқыны бойынша әлемдегі алдыңғы қатарлы елдердің қатарына көтерілді. Кез келген шалғай аудан орталығындағы базардан бастап, қоғамдық көліктегі жолақыға дейін смарт-төлемдер мен QR-код арқылы лезде жүзеге асады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономиканы көлеңкеден шығару, салықтық әділдікті қамтамасыз ету және қаржылық айналымды ашық ету туралы тапсырмалары өз нәтижесін беріп жатыр.Қазір қолма-қол ақшасыз төлемдер үлесі елімізде рекордтық көрсеткішке жетті. Анығында мемлекет бюджетін толықтырып, сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі айналымды тежеуге бағытталған түбегейлі оң өзгеріс. Алайда осы тамаша көріністің екінші жағында қоғам үнсіз қалып отырған бір маңызды сұрақ бар: «Осы цифрлық ашықтық біздің жеке өміріміз бен экономикалық еркіндіктің шекарасын қай жерге дейін тарылтты?».
Бүгінгі таңда біз өзіміз байқамай «цифрлық шыны қапастың» ішінде өмір сүріп жатырмыз. Әрбір аударым, кез келген ұсақ сауда, дүкеннен алған шоколадымыз бен таксиге берген ақшамыз бәрі-бәрі банктік жүйелер мен алгоритмдердің жадында жазылып қалады. Бір қарағанда бұның ештеңесі жоқтай көрінуі мүмкін. «Егер заңсыз ештеңе жасамасаң, тығылатын нең бар?» деген стандартты аргумент алға тартылады. Бірақ мәселе заңсыздықта емес, бақылаудың шектен тыс абсолюттенуінде жатыр. Қаржылық ағындарды қадағалау мақсатында енгізілген шектеулер, атап айтқанда, картадан картаға жасалатын қарапайым аударымдарға қойылған қатаң лимиттер мен банктердің күмәнді операцияларға арналған автоматты түрде бұғаттау жүйелері көбіне қарапайым халық пен шағын бизнеске ауыр салмақ түсіріп отыр. Үй жанындағы жеке тігінші, балаға репетиторлық жасайтын студент немесе қолөнермен айналысатын жалғызбасты ана өз еңбекақысын немесе қызмет ақысын карта арқылы алғаны үшін кенеттен банктердің тексеруіне тап болып жатады. Мемлекет ірі олигархтар мен көлеңкелі миллиардтарды ауыздықтауды көздесе де, бұл жүйенің «қармағына» ең бірінші болып күнін көру үшін күнделікті ұсақ-түйекпен айналысып жүрген қарапайым халық ілініп жатқаны жасырын емес. Цифрлық ашықтық бізді көлеңкелі экономикадан құтқарғанымен, кей жағдайда «цифрлық бақылаушы» жүйесінің қатаң тирандығына айналып бара жатқан жоқ па?
Екінші маңызды мәселе – деректердің қауіпсіздігі мен жеке өмірдің құпиясы. Бүкіл қаржылық өміріміз бір смартфон экранына көшкен заманда киберқауіпсіздік мәселесі ұлттық қауіпсіздікпен теңесіп отыр. Соңғы жылдары жеке деректер базасының сыртқа таралып кетуі, алаяқтардың азаматтардың атынан заңсыз несие рәсімдеуі бұл жүйенің әлі де әлсіз тұстары бар екенін ащы шындықпен көрсетті. Банк картасы арқылы адамның күнделікті әдеті, қайда барып, не сатып алатыны, қандай дәрі-дәрмек алатыны немесе кімге ақша аударатыны бәрі алгоритмдер арқылы оқылады. Мемлекет экономиканы бақылауға алғанымен, бұл үлкен деректердің үшінші тараптың немесе киберқылмыскерлердің қолына түспеуіне нақты кім кепілдік береді? Жеке өмірдің қол сұғылмайтындығы конституциялық қағидат еді, ал цифрлық дәуірде бұл ұғымның шекарасы мүлде бұлдырай бастады. Біз ыңғайлылық үшін барлық жеке өмірімізді виртуалды әлемге өз еркімізбен ұстатып отырмыз.
Үшінші қыры – психологиялық фактор және экономикалық еркіндік. Қолма-қол ақша адамға белгілі бір дәрежеде тәуелсіздік пен еркіндік сезімін беретін. Белгілі бір соманы жинап, қалаған уақытында ешкімге есеп бермей жұмсау мүмкіндігі бүгінде банктердің комиссиялары, «күмәнді операция» деп бұғатталған шоттары және шектеулері арқылы тұсаулануда. Адамдар ақшасын адал жолмен, маңдай терімен тапса да, банктерге барып түсініктеме беруге, «ақшаның шығу тегін растайтын анықтама» немесе келісімшарт әкеліп беруге мәжбүр болатын жағдайлар көбейді. Бұл бюрократиялық кедергілер адамның бизнес ашуға, еркін жұмыс істеуге немесе жаңа бастамаларға деген ынтасын тежемей қоймайды. Азамат пен мемлекет арасындағы сенім институты біртіндеп «сенімсіздік презумпциясына» яғни, әрбір адам алдын ала кінәлі немесе күдікті санатына кіретін жүйеге ұласып бара жатқандай.
Мемлекет басшысының экономиканы жаңғырту, ашық ету және салықтық тәртіп орнату туралы саясаты сөзсіз стратегиялық тұрғыдан дұрыс бағыт. Еліміз дамыған өркениетті мемлекеттер сияқты ашық салық төлеу мәдениетін қалыптастырып, бюджетті толықтыруы тиіс. Бірақ бұл процесс тек қатал бақылау мен шектеулер тілінде емес, азаматтардың саналы сенімі мен цифрлық этика шеңберінде жүруі қажет. Цифрлық әлемнің де өз шекарасы, адам құқығының қорғалатын шегі болуы тиіс. Қаржылық ашықтық пен азаматтың жеке өмір сүру еркіндігінің арасындағы алтын ортаны таба алмасақ, көлеңкелі экономикадан құтылғанымызбен, өз еркіндігімізді цифрлық шыны қапасқа мәңгілікке қамап қоюымыз мүмкін. Бұл бүгін ойланбасақ, ертең кеш болатын маңызды қоғамдық таңдау.
С.МАДИЯРОВА






