САН САЛАНЫҢ СҰХБАТЫ – САН ТАҒДЫРДЫҢ ШЕЖІРЕСІ
Әр адамның жүріп өткен жолында өзі ғана білетін сыр, уақыт қана таразылайтын шындық, кейінгі ұрпаққа өнеге болар тағдыр бар. Сол сырдың бетін ашып, сан алуан тағдырдың тамырына үңіліп, кейіпкердің жан дүниесін сөз арқылы сөйлету – журналистиканың жауапкершілігі зор, шеберлікті қажет ететін саласы. Осы тұрғыдан алғанда, Бифат Елтаеваның «Сыр-сұхбат – көңіл айнасы» атты алғашқы кітабы – автордың кәсіби ізденісін танытатын, оқырманды ойға жетелейтін еңбек деуге болады.Бұл кітап – қаламгердің осыған дейін жинаған тәжірибесінің, көңілге түйген пайымының, кейіпкерлермен жүздесуде қалыптасқан журналистік көзқарасының қорытындысы. Кітаптың атауының өзі терең мағынаға құрылған. Сыр – адамның ішкі әлемі, айтылмаған ойы мен жүріп өткен жолының белгісі болса, көңіл айнасы – сол сырды сезініп, оның астарына үңілуге мүмкіндік беретін рухани кеңістік. Демек, автор сұхбатты жалаң сұрақ пен қысқа жауаптың шеңберінде қалдырмай, адам болмысын танытатын, қоғамның тынысын аңғартатын құрал ретінде қарастыруға ұмтылады.
Кітаптың кіріспесінде айтылған «Бір сұхбат – бір ғұмыр. Бір ғұмыр – бір тарих» деген тұжырым бүкіл еңбектің идеялық өзегін айқындайды. Шынында да, бір адамның өмір жолынан тұтас бір кезеңнің сипатын, қоғамның өзгерісін, заманның тынысын аңғаруға болады. Әсіресе өз саласында із қалдырған тұлғалардың естелігі мен көзқарасы – келешек ұрпақтың да рухани қажетіне жарайтын құнды дерек. Осы мағынада кітапты әр кезеңнің адамдары арқылы уақыт шындығын тануға мүмкіндік беретін сұхбаттар жинағы деуге болады.
Кітаптың басты ерекшелігі – тақырыптық ауқымының кеңдігі. Мазмұнына көз жүгірткеннің өзінде автордың қоғам өмірін бір ғана қырынан қарастырумен шектелмегенін байқаймыз. «Өнер», «Саясат», «Денсаулық», «Кәсіп», «Балалар әлемі», «Сана» секілді бөлімдер өмірдің әртүрлі саласын қамтиды. Мұндай жүйелеу туындының танымдық мүмкіндігін кеңейтіп, оқырманды бір тақырыптан екіншісіне жетелей отырып, қоғамдық өмірдің сан қырлы көрінісін ұғынуға жол ашады. Әр бөлімнің өзіне тән тақырыптық жүгі болғанымен, барлығын біріктіретін ортақ арқау – адам, оның өмірлік ұстанымы және қоғам алдындағы жауапкершілігі.
«Өнер» бөліміне енген сұхбаттарда шығармашылықтың табиғаты, ұлттық өнердің жай-күйі, мәдениеттің қоғамдағы орны секілді мәселелер қозғалады. Талғат Темен, Бекжан Тұрыс, Ақжол Мейірбеков, Айгүл Иманбаева, Азамат Сатыбалды, Асқар Наймантай, Дулыға Ақмолда, Медеу Арынбаев және басқа да өнер өкілдерімен өрбіген әңгімелер әр кейіпкердің өз саласына қатысты ой-пікірін алға тартуға бағытталған. Бірі кино саласындағы түйткілдерді қозғаса, енді бірі өнердің табиғаты, ұлттық рух, дәстүр мен жаңашылдық жайында ой бөліседі.
Бұл бөлімнің маңызы – өнер адамын тек сахнадағы немесе экрандағы бейнесімен ғана емес, азаматтық ұстанымы мен өмірлік пайымы арқылы тануға мүмкіндік беруінде. Өнер – қоғамның рухани ахуалын танытатын өлшемдердің бірі. Сондықтан өнер иелерінің пікірі арқылы ұлттық мәдениеттің бүгінгі жағдайына көз жүгіртуге, оның жетістігі мен шешімін күткен мәселелерін бағамдауға болады. Автордың осындай әңгімелерді бір арнаға тоғыстыруы кітаптың мәдени-танымдық сипатын айқындай түседі.
Ал «Саясат» бөлімінде қоғамдық даму, ел басқару, жастарға жасалатын мүмкіндік, сайлау мәдениеті, ақпараттандыру, ұлттық экономика мен тарихи жады тәрізді өзекті мәселелер қамтылған. Марат Тоқашбай, Сергей Хван, Еркін Рақыш, Кәрімбек Құрманалиев, Тоғжан Қожалқы және өзге де кейіпкерлермен сұхбаттар оқырманды қоғамдық құбылыстарға бейжай қарамауға шақырады. Сұхбат атауларының өзінен-ақ автордың күнделікті жаңалықты тізбелеуден гөрі, белгілі бір мәселенің мәніне үңіліп, кейіпкердің көзқарасын алға шығаруға ден қойғанын байқаймыз. Журналистика үшін бұл – маңызды ұстаным. Өйткені қоғамдық мәселені көтеру бір басқа да, оның себеп-салдарын ашуға ұмтылу бір басқа. Оқырманға дайын қорытынды ұсынудан гөрі, мәселені әр қырынан танытып, ойлануына мүмкіндік беру – сұхбат жанрының әлеуетін арттырады. Осы тұрғыдан алғанда, кітаптағы саяси-әлеуметтік тақырыптардың болуы туындының уақытпен үндестігін көрсетсе керек.
Жинақтың «Денсаулық» бөлімі адам өмірінің ең басты құндылығы – денсаулық мәселесін әр қырынан қарастыруымен ерекшеленеді. Бұл бөлімдегі сұхбаттар медицина, ана мен бала денсаулығы, қоғамдағы әлеуметтік жауапкершілік және денсаулық сақтау жүйесінің өзекті мәселелерін қамтиды. Салтанат Байқошқаровамен жасанды жолмен дүниеге келген баланың табиғи жолмен ұрпақ жалғастыру мүмкіндігі туралы, Мұхит Құлымағанбетпен денсаулық пен өмірге құштарлық жайында өрбіген әңгімелердің тақырыптық мәні айрықша. Мұндай сұхбаттар оқырманды адам өмірінің қадірін түсінуге, денсаулыққа жауапкершілікпен қарауға жетелейді. Сонымен қатар Ләззат Жұмағазиқызымен шаршау мен қажу мәселесі, Нұрия Балтабайқызымен аутизм белгілері бар балалардың жағдайы, Еркін Рақышпен денсаулық сақтау министрлігінің міндеттері жөніндегі сұхбаттар қоғамда талқылануға тиіс мәселелерді алға шығарады.
«Кәсіп» бөлімі еңбектің қадірін, кәсіби ізденістің маңызын және кәсіпкерлікке тән табандылықты танытуға бағытталған. Құрманғали Жұмағұлдың жылқы бағу мен мал шаруашылығына қатысты тәжірибесі, Самғау Нәсіпханұлының сапалы аяқ киім өндіруге деген арманы, Динара Бердімұраттың кәсіп бастау мен табыс табу туралы ойлары – еңбек пен кәсіптің әртүрлі қырын көрсететін мысалдар.
Кітаптың «Балалар әлемі» бөліміне келгенде, әңгіме арқауы келешек ұрпақтың тәрбиесі мен болашағына ойысады. Талғат Айтбайұлының «Мемлекеттің басты мақсаты – адам тәрбиелеу» деген тұжырымы бөлімнің идеялық мазмұнын айқындай түседі. Өйткені баланы тәрбиелеу – тек отбасының міндеті емес, тұтас қоғамның ортақ жауапкершілігі. Ұрпақтың қандай болып қалыптасуы оның айналасындағы ортасына, алған тәлім-тәрбиесіне және қоғамның балаға жасайтын мүмкіндіктеріне тікелей байланысты. Қымбат Әбілдақызымен баланың көңіл әлемі туралы, Дәулетбек Байтурсынұлымен «Балалар жылы» аясында ұрпақ тәрбиесіне қатысты мәселелер жөнінде, Серікбол Хасанмен баланың бақытты болуға лайықты екені туралы өрбіген сұхбаттар осы ойды тереңдете түседі. Бейсенбай Сүлейменнің болашақ ұрпақ үшін қолдан келгеннің бәрін жасау қажеттігін алға тартуы, Қымбат Досжанның кішкентай көрерменнің талғамын қалыптастыру мәселесін көтеруі де балаларға қатысты жауапкершіліктің сан салалы екенін көрсетеді. Әсіресе Саят Қамшыгердің ауыл балаларына мүмкіндіктерді көбірек қарастыру қажеттігі жөніндегі пікірі әлеуметтік теңдік пен білімге қолжетімділік мәселесіне назар аудартады. Ал Елжас Ертайұлының «Суицид неге көп? Қазіргі балаға бұрынғы тәрбие жүрмейді» деген тақырыптағы сұхбаты жас ұрпақтың психологиялық жағдайын, тәрбие тәсілдерінің заман талабына сай өзгеру қажеттігін ой елегінен өткізуге шақырады. Бұл – жеңіл-желпі пікірмен шектелуге болмайтын, ата-ана, педагог және қоғам тарапынан терең түсіністікті қажет ететін мәселе.
Жинақтың соңғы «Сана» бөлімі де алдыңғы тақырыптарды рухани-танымдық тұрғыдан толықтырады. Бұл бөлімде адамның дүниетанымы, мінез-құлқы, жауапкершілігі және ойлау мәдениеті тәрізді мәселелер қозғалады. Рысбай Саянның «Адамдардың көбінде жауапкершілік қасиеті азайып барады» деген пікірі жеке адамның қоғам алдындағы міндеті туралы ойландырса, Серікгүл Салидің «Бала мінезі құрсақта қалыптасады» деген тұжырымға негізделген сұхбаты тәрбие мен тұлғалық қалыптасудың бастауына назар аудартады. Ал Бибігүл Тілесқызының «Сюцай ғылымы философиямен тікелей байланысты» деген тақырыптағы әңгімесі адамды тану мен дүниені пайымдаудың әртүрлі тәсілдеріне қатысты ой қозғайды.
Қорыта айтқанда, Бифат Нұрмаханқызының «Сыр-сұхбат – көңіл айнасы» атты алғашқы туындысы – әртүрлі сала өкілдерінің ой-пікірін жинақтап, адам тағдырын қоғамдық өмірмен сабақтастыра қарастыруға бағытталған еңбек. Әр кейіпкердің үні арқылы қоғамның сан алуан тынысын танытуға ұмтылған бұл жинақ автордың шығармашылық қоржынын толықтырып қана қоймай, оқырманға ойлы әңгіме ұсынатын алғашқы қадам ретінде бағалануға лайық.
Г.СӘБИТҚЫЗЫ





