«ЛАЙФКАХТАР» – БАҒЫТ ЕМЕС, БАҒДАР

Кітаптың басты ерекшелігі – автордың шынайлығы мен адамға деген жанашыр көзқарасы. Ол өзін оқырманнан жоғары қоймайды, керісінше қатар тұрып сөйлеседі, кеңес айтпай, бірге ой бөліседі. Бұл туындыда өмірлік тәжірибе мен ішкі толғаныстар ұштасып, біртұтас философиялық кеңістікке айналған. Әр беті – бір адамның өмірінен алынған сабақ. Бұл тек мотивацияға құралған дүние емес, бұл – жан жарасын жазатын сөзбен емдеу. Автор жасандылықтан аулақ, көзбояушылыққа жол бермейді. Ол өмірді қалай болса, сол күйінде баяндайды. Қиындығын да, жеңісін де, сәтсіздігін де жасырмай, жүректен өткізеді. Жинақта автор кең тараған ережелер мен теориялардан гөрі, күнделікті тіршілікте жиі кездесетін жағдайларды тілге тиек етеді. Ол өмір сүрудің «құпия формуласын» үйретпейді, керісінше оқырманды өз жолын табуға шабыттандырады. Автордың баяндау стилі жеңіл әрі бейресми. Ол сенің ойыңды оқып отырғандай әсер қалдырады. Кейде досыңмен кешкі шай үстінде отырғандай, кейде терең ойдың үстінде ұзақ үнсіздікке кеткендей күй кешесің. Бұл еңбекте берілген қысқа кеңестер мен жеке тәжірибелер – өмірдің түрлі қырын ашып, оқырманға айналасына басқа көзбен қарауға мүмкіндік береді. Данияр Жігітбектің баяндауында нақты бір бағыт жоқ, бірақ соқпағы бар. Ол соқпақ – өз-өзіңе қайта оралу жолы. Осы жолда автор сенің серігіңе айналып, жолайрықта адаспай, жүрегіңнің дауысын тыңдауға итермелейді. Мысалы, «Егер сен бір нәрсені шынымен қаласаң, оған уақыт табасың. Уақытың жоқ болса, демек, ол сен үшін аса маңызды емес». Осы бір қарапайым сөйлемнің өзегінде терең философия жатыр. Бүгінгі қоғамда ең көп айтылатын сылтаулардың бірі – «уақытым жоқ». Бұл тіркес кейде шынымен де шынайы себеп сияқты көрінгенімен, автор оны адамның ішкі басымдықтарына апарар жол деп түсіндіреді. Ол адамды өзіне сұрақ қоюға итермелейді: менің уақытым шынымен жоқ па, әлде мен басқа нәрсені бірінші орынға қойдым ба? Осы бір ой адамды өз күн тәртібіне, өмірлік таңдауларына, мақсаттарына жаңа көзбен қарауға мәжбүр етеді. Бұл жерде автор оқырманды айыптамайды, кінә тақпайды. Ол жай ғана факті келтіреді, бірақ сол факті адамның ішкі әлемін дүр сілкіндіреді. Себебі шындық ащы болғанымен, ол оятады. Бұл сөйлем – мотивациялық плакат емес, жанға айтылған тура сөз. Және де дәл осындай нақты, өткір, бірақ шынайы ойлар кітапта жиі кездеседі. Осы мысал арқылы автор бізге бір ғана ойды емес, тұтас бір өмір салтын ұсынады: егер шынымен қаласаң – әрекет ет. Себеп іздеме, сылтау таппа. Себебі өмір ешкімге қосымша уақыт бермейді. Бұл – батылдыққа шақыру, жалқаулықпен күресудің жұмсақ, бірақ нақты тәсілі. Осындай қысқа бірақ айтары көп, берері мол үзінділерді аталған туындыдан көп кездестіруге болады. Әсіресе, қазіргі заман жастарының алары көп. Себебі көбінде ақпарат пен талап көп, ал ішкі үндестік пен шынайылық аз. Жас буын өзін үнемі салыстырады, асығады, жетуге тырысады. Осындай қарбалас өмірде тоқтап, ойланып, өзімен-өзі сырласуға мүмкіндік беретін бұл еңбек – бір тыныс, бір дем. Ол табысқа жетудің емес, адам болып қалудың мәнін ұғындырады. Автордың өз өмірінен алынған мысалдары – әсіреленген емес, қарапайым, бірақ әсерлі. Оның алғашқы қателіктері, қорқыныштары, өзіне деген күмәндері оқырманның да ішкі уайымдарымен үндесіп жатады. Әрбір тарауда адамға деген сенім, ішкі мүмкіндікті ояту, кішкентай қадамдардың үлкен өзгеріске алып келетінін ұғындыру бар. Бұл туынды бір ғана оқуға арналған дүние емес, оны қайта ашып, әр жолдан жаңа ой табуға болады. Себебі әр кезеңде өмірге басқа көзбен қарайсың, ал бұл кітап әр қырынан сөйлейді. Сонымен қатар кітаптың жазылу стилі де адамды тез баурап алады. Автор көбінесе көркемдікке ұмтылмай, табиғилығымен баурайды. Кей жерлерде қалжың араласқан, кейде терең толғаныстарға толы. Бірақ ешбір сөйлем жасанды емес. Бұл кітапта автор емес, адамның жаны сөйлейді. Ал жанның сөзі жүрекке бірден жетеді. Жазушының ең үлкен жетістігі – оқырманмен эмоционалды байланыс орната білуінде. Ол бір ғана оқырман үшін жазып отырғандай әсер қалдырады. Жалпы бұл жинақ – бүгінгі буынның жан дауысына жауап берген туынды. Ол сені өзгертпейді, бірақ өзіңді түсінуге мүмкіндік береді. Ол сені шабыттандырмайды, бірақ ішіңдегі отты оятады. Ол сен үшін шешім қабылдамайды, бірақ өз таңдауыңа сенуге үйретеді. Данияр Жігітбектің бұл еңбегі – қазіргі қазақ жастарының өмірлік серігіне айнала алатын, жүрекке жақын, ойға терең туынды. Ол – бағыт емес, бағдар. Ол – үн емес, үміт. Ең бастысы – бұл кітапты оқып болған соң, өзіңді жалғыз сезінбейсің. Себебі сенің де ішкі күресіңді біреу түсінеді. Және ол түсінік – ең үлкен демеу.
Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА