ШІРІСЕ ШЫҒЫН, ИГЕРІЛСЕ ТИІМДІ ӨНІМ
Қазіргі әлемде технологиялық даму қарқыны таңқалдырады. Шығыс көршіміздің әр күні жаңа «технологиялық тосынсыйларымен» бөлісуі қалыпты жағдайға айналды. Бүгінгі таңда «жұмыртқадан жүн қырыққан» заман деп айтсақ та, олар кейде жұмыртқаны өзі жасап шығаратын деңгейге жеткенін әлеуметтік желілердегі бейнемазмұндар дәлелдеп отыр.Солай бола тұра, қытайлық тауарлар туралы пікірлер әрқашан екіұдай. Бір жағынан олар арзанырақ, қолжетімді, ал екінші жағынан сапасы мен төзімділігі белгісіз. Мысалы, автокөлік бөлшектерін сататын дүкендерде сізге бірден екі нұсқа ұсынылады. Қымбат әрі сенімді өнім немесе арзан әрі ұзаққа жарамайтын қытайлық өнім. Стартерді мысалға алсақ, қытайлықы – 20 000 теңге, Жапония немесе Малайзиядан келгені – 30-40 мың теңге. Бірі бірнеше жылға қызмет ете алады, енді бірі аптаға жетпей істен шығуы мүмкін. С а п а м е н б а ғ а а р а с ы н д а ғ ы айырмашылыққа қарамастан, қытайлық тауар айналымы қарқынды дамып келеді. Қазақстан мен Қытай арасындағы саудасаттық жыл санап өсіп, елдің экономикасына жаңа мүмкіндіктер ашуда. Деректерге сүйенсек, 2013-2016 жылдары екі ел арасындағы теміржол арқылы тасымалданған экспорт пен импорт көлемі 1,35 млн тоннаға жеткен. 2018 жылы бұл көрсеткіш 672 мың тоннаны құрады. Ал 2024 жылдың алғашқы бес айында Қытайдан келген жүк 12,8 млн тоннаға жетсе, кері бағытта Қазақстаннан 1 млн тоннадан астам өнім экспортталған. Тарихқа үңілсек, бұл Қазақстанның Шығыс пен Батыстың сауда қатынасындағы дәстүрлі рөлін еске салады. Ұлы Жібек жолы кезінде қазақ даласы тоғыз жолдың торабындағы маңызды сауда көпірі болған. Бірақ қазіргі таңда бұл үлкен көлемдегі импорттың артында бір маңызды мәселе тұр – сапа. Көшірме, төмен сапалы өнім өндірушілер тек пайдасын ойлап, сапаны елемейді. Сол себепті ойға келетін сұрақ: «Неге біз өзіміз сапалы, отандық өнімді шығармаймыз?» Отандық өндірісті дамыту тек экономикалық пайданы арттырып қана қоймай, мәдени және экологиялық мәселелерді де шешеді. Қазіргі таңда елімізде жеңіл өнеркәсіп саласы әлсіз. Ауыл шаруашылығы өнімдерін тиімді пайдалану, соның ішінде малдың терісі мен жүнін кәдеге асыру арқылы экономикаға қосымша құн қосуға болады. Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін 5 жыл ішінде кемінде 2,5 есеге арттыру қажеттігін атап өтті. Өкінішке қарай, қазіргі таңда тері мен жүн көбіне бағаланбай, шіріп немесе қоқысқа айналуда. Бұл экологиялық қауіп тудырады, әсіресе экологиялық зонадағы аймақтар үшін. Сол себепті мал терісі мен жүнін тиімді пайдалану – тек экономикалық қажеттілік қана емес, экологияны қорғау мәселесі де. Мемлекет тарапынан мүмкіндіктер де қарастырылған. Мысалы, 2015 жылы Ақтөбе облысында тері өңдейтін цех іске қосылды. Жобаның құны – 150 млн теңге, оның ішінде мемлекет 14 млн теңге жеңілдетілген несие берді. Жұмысқа 30-35 адам тартылып, айына 180 тонна теріні өңдеуге қабілетті. Бұл – тек экономикалық пайда емес, ұлттық дәстүрлерді жаңғыртуға да мүмкіндік. Қазақ халқы малдың терісі мен жүнін әрдайым тиімді пайдаланған. Ірі қара, жылқы, қой терісін әртүрлі мақсатта қолданған: киім-кешек, төсеніш, арқанжіп, бау-шу жасау бәрі жоғары сапамен орындалған. XVІ ғасырдағы жыраулар Доспамбет пен Ақтамберді тері мен жүн бұйымдарының мәнін жоғары бағалаған. Күдері мен кіреуке, бұзау мен бұғы терісінен жасалған киімдер жұмсақ әрі төзімді болған. Қазіргі заманда осы дәстүрлерді қайта жаңғыртып, тері мен жүнді сапалы өнімдерге айналдырсақ, жеңіл өнеркәсіптің дамуына елеулі әсер етер еді. Түркияның тәжірибесі дәлелдейді: мал терісін сәнді киімдерге айналдырып, миллиардтаған қаржы табу мүмкін. Сол арқылы ұлттық мәдениеттің дамуына да жол ашылады. Қолда бар «алтын» – мал терісі мен жүні. Оны тиімді пайдаланып, сапалы өнім шығару арқылы біз тек экономикалық пайданы емес, мәдени мұраны да жаңғырта аламыз. Бір теріден бірнеше аяқ киім, киім немесе бұйым жасау арқылы елдің экономикасына қосымша құн қосуға болады. Тек қолда барын бағалап, оны іске асыру қажет. Бұл – ұлттық өндіріс пен мәдениеттің дамуындағы маңызды қадам. Ел ішінде отандық өндірісті дамыту, сапалы өнім шығару, экологияны қорғау және ұлттық дәстүрлерді жаңғырту – бір-бірімен тығыз байланысты. Қолда бар ресурсты тиімді пайдаланып, біз өзіміздің экономикамызды нығайтып қана қоймай, мәдени мұрамызды сақтап, болашақ ұрпаққа аманат қалдыра аламыз.
Сұлушаш МАДИЯРОВА






