Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «ҚОЛДА БАРДА АЛТЫННЫҢ ҚАДІРІ ЖОҚ»

«ҚОЛДА БАРДА АЛТЫННЫҢ ҚАДІРІ ЖОҚ»

Шығыстағы көршіміздің әр күні жаңа бір «құпиясымен» таңқалдыруы әдетке айналды. Қазір «жұмыртқадан жүн қырыққан заман» десеңіз, ал олар тіпті жұмыртқаны да жасап шығаратын жағдайға жеткен. Әлеуметтік желілерде тараған бейнемазмұндарында бұл шындыққа айналып отыр.
Неде болса, қытайлық тауарлардың сапасы мен бағасы жайлы әңгіме көп. Мәселен, әріректе автокөлік бөлшектерін сататын дүкенге жол түсті. Ішке ене бергеніміз сол еді сатушылар: «Сізге сайманның қымбаты керек пе, әлде қытайлық өнімді таңдайсыз ба?» деген сауалды көлденең тарта салды. Біреуі – бір-екі жыл көлемінде іске жараса, екіншісінің жарамдылығы жұмбақ. Аптаға жетпей, морт сынуы немесе істен шығып қалуы да әбден мүмкін. «Жугили» автокөлігінің стартері туралы айтқанда, «Қытайдікі – 20000 теңге, Жапонияның немесе Малайзияның өнімдері – 30 000-40 000 теңге» деп салыстырады. Қытайлық өнімдер туралы әртүрлі пікір болғанымен, қазіргі таңда тауар айналымы қарқынды дамып келеді. Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда өсіп, соның арқасында еліміздің экономикасы да нығайып, жаңа мүмкіндіктер туып жатыр. Деректерге сүйенсек, 2013-2016 жылдары Қазақстан мен Қытай елдерінің арасындағы теміржол арқылы тасымалданған экспорт пен импорттың көлемі 1,35 миллион тоннаға жеткен. 2018 жылы бұл көрсеткіш 672 мың тоннаға тең. Ал өткен жылы Қазақстан мен Қытай арасында теміржол арқылы жүк тасымалы 12,5%-ға артқан. 2024 жылдың бес айында көрші мемлекеттен 12,8 млн тонна әртүрлі жүк келсе, кері бағытта 1 млн тоннадан астам қазақстандық өнімдер экспорталды. Осындайда Ұлы Жібек жолы да ойға оралады. Шығыс пен Батыстың сауда-саттығын тоғыз жолдың торабындағы Қазақ даласы жалғаған. Мұның сыртында тарихи-мәдени байланыстың мол мұралары және бар. Әрине, бар гәп сапада. Көшірмелерді жасап, өз пайдасын ғана көздейтіндер сапаға мән бермейді. Олар үшін басты нәрсе – қалтаға түсетін қаражат. Осындайда біреудің «қаңсығын таңсық көргенше» неге өзімізден сапалы отандық өнімдерді шығармаймыз деген ой келеді. Біз біреуге «Америка аш» деп жатқан жоқпыз. Әңгіме – қарапайым, қазақтың түптамыры – ауылмен, ауылдың өнімімен төркіндес. Анығында далада шіріп жатқан жүн мен теріні ұқсатсақ деген ой. Өзіңе де, елге де пайда. Жасыруға келмес, елдегі жеңіл өнеркәсіп саласы ақсап тұр. Мемлекет басшысы халыққа айтқан Жолдауында «5 жыл ішінде агро-өнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін және ауыл шаруашылығы өнімінің кем дегенде 2,5 есеге арттыруды тапсырамын» деген еді. Осы тұста малдың жүн-терісін кәдеге асырып, өнімді экспорттамасақ та, өзімізді сапалы тауармен қамтамасыз етсек те жарар еді. Әйтпесе, малдың терісі мен жүні қадірсіз қоқысқа айналып, көрінген жерде құрттап, шіріп, керексіз үйіндіге айналуда. Онсызда біз тұратын аймақ экологиялық зонада тұр. Ендігі жерде жүн-теріні пайдаға жаратпай өртей берсек, тұрғындардың денсаулығы не болмақ? Біреулер бұл іске қолдау жоқ десе, енді бірі арзанға сатылатын жүн-тері бизнесімен айналысуға ешкімнің құлқы мен қызығушылығы жоғын алға тартады. Иә, қазір қойдың бағасы бұрынғысынан едәуір қымбаттаған. Ендігі жерде терісі мен жүнін кәдеге жаратсақ дұрыс әрі маңызды болар еді. Бір сөзбен айтқанда, іс ашамын дегенге Үкіметтің көмегі дайын. Қолбайлау болар кедергі жоқ. Мысалы, 2015 жылы Ақтөбе облысында тері өңдейтін цех іске қосылды. Жоба құны – 150 миллион теңге болатын. Мемлекет тарапынан 14 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие алды құрылтайшылар. Әуел бастан 30-35 адамды жұмыспен қамтыған кәсіпорын қондырғылары айына 180 тонна теріні өңдеуге қауқарлы екен. Қандай игі бастама?! Қазақ халқы малдың терісі мен жүнін өз тұрмысында кеңінен пайдаланып, олардан әртүрлі өнім жасап, қолданған. Әсіресе, төрт түліктен алынатын барлық өнімді саналы түрде кәдеге асырып, тек ет пен сүтін ғана емес, терісі мен жүнінен де көптеген қажеттіні тігіп, қолөнерін дамытқан. Малдың терісінен киім-кешек, шекпен, киіз, төсеніштер, арқанжіп, бау-шу жасалған. Әр жануардың терісінің сапасы мен қалыңдығына қарай оны бірнеше түрге бөліп, арнайы мақсатқа қолданған. Мысалы, ірі қараның терісін сиыр, өгіз, тайынша, бұзау терісі деп, жылқының терісін бие, жабағы, құлын терісі деп атаса, қой терісін де бірнеше түрге бөліп, әрқайсысын өз орнымен пайдаланған. Қазақ қолөнерінде малдың терісін ешбір ысырапсыз, керісінше сапалы өнімге айналдыру басты міндет болып есептелген. Жүннен жасалатын киім-кешектер де жақсылап өңделіп, боялып, иіріліп, жіпке айналған. Тарихқа үңілсек, XVІ ғасырда өмір сүрген Доспамбет жырау мен Ақтамберді жырау тері мен жүннен жасалатын бұйымдардың мәнін жоғары бағалаған. Әсіресе, «күдеріден бау тағып, кіреуке кию» деген тіркес қазақтың тері өңдеу өнерінің биіктігін көрсетеді. Күдеріден жасалған киімдер мен бұйымдар жұмсақ, берік әрі сәнді болған. Бұғы мен бұзау терісінен жасалған кіреуке киімдер тек сәнді ғана емес, қатты киіп, жыртылмайтын төзімді әрі ыңғайлы болған. Қазіргі таңда осы ескі дәстүрлерді ұстанып, тері мен жүнді жоғары сапалы өнімдерге айналдыра білсек, еліміздің жеңіл өнеркәсібі айтарлықтай дамуы мүмкін еді. Түркияның тоқыма өнеркәсібі, мысалы, мал терісінің, жүнінің құнын жоғалтпай, оны сәнді әрі сапалы киімдерге айналдырып, миллиардтаған қаржы табуда. Бұл тек нарықтық экономиканы ғана емес, ұлттық мәдениетті де дамытуға үлкен әсер етті. Кеңес заманында қой жүнінің шайырына дейін игеріліп, өндіріс қалдықтары да тиімді пайдаланылғаны белгілі. Сол кезде Қиыр Шығыс, Саха және Бурят елдерінен қой жүнінен жасалған киімдерге сұраныс көп болған. Бірақ кейінгі жылдары осы байланыс үзіліп, тері мен жүнді тиімді пайдалану мүмкіндіктері жоғала бастады. Егер біз осы мұраны қайта жаңғыртып, тері мен жүнді қайтадан кәдеге жаратсақ, еліміздің жеңіл өнеркәсібі әлдеқайда өркендеп, ұлттық экономиканың маңызды бір бағытына айналар еді. Мұндай өндіріс өнімдері тек ішкі нарықта ғана емес, халықаралық аренада да сұранысқа ие болмақ. «Қолда бар алтынның қадірін білмей» қашанғы біреуге жалтақтаймыз? Тері демекші, түркиялық аяқ киім фирмалары бір ірі қараның терісін төрт-беске тіліп, жұқартады екен. Сонда, орта есеппен бір сиырдың терісінен ондаған аяқ киім тігеді. Сол етіктің әр жұбы біздің нарықта кемі 20-25 мың теңгеден саудалануда. Біз бір теріні 1-2 мың теңгеге өткізе алсақ жақсы.
Сұлушаш МАДИЯРОВА
01 ақпан 2025 ж. 47 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№8 (9275)

03 ақпан 2025 ж.

№7 (9274)

28 қаңтар 2025 ж.

№6 (9273)

25 қаңтар 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
2425262728