Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Аты күміс, заты алтын кітап

Аты күміс, заты алтын кітап


Шығарманы жазатын автор болғанымен, оған өмір сыйлайтын оқырман екенін ескерсек мен талай кітаптың өмірін қыршыннан қидым. Ол үшін өзім де кінәлімін. Кітаптардың таңдалғанын емес, табылғанын оқитынмын. Кейде бірнешеуін қатар оқып, алған ақпаратты миым қорытып үлгермейтін. Бұл – оқырман ретіндегі менің қателігім. «Күміс кітап»–осы олқылықтың орнын толықтырушы болды.

Кітаппен арадағы достығын ештеңеге айырбастамайтын Бақытжан Бұқарбай бұл туындысын небәрі 16 тәулікте жазып шыққан. Автор бұл кітапты жазуға оқырманның арасындағы алуан түрлі сауалдар түрткі болғанын айтады. Б.Бұқарбайға қойылатын сұрақтардың басым көпшілігі кітап оқу тұрғысында. Сол себепті «Күміс кітаптың» негізгі идеясы – оқырман қалыптастыру, кітапты таңдай білу мен кітап оқу мәдениетіне арналады. Көпшіліктің сұрауы бойынша екінші рет басылып шыққан туындыны қолына алып, жақсы пікір білдіріп жатқандар да жоқ емес. Олардың қатарында қоғам қайраткері мен саясаткер де, журналистер мен блогерлер де кездеседі. Туындыға берілген баға мен айтылған пікірлер әр түрлі. Бірі заманауи басылым десе, енді бірі кітап оқуға арналған кеңестердің кеисі дейді.
Аты күміс болғанымен, заты алтын туындының бірінші тарауында автор өзінің оқырман ретінде қалай қалыптасқанын бая­ндайды. 1999 жылы алтыншы сыныпқа барғанда алғаш кітап оқуды бастаған ол әлем әдебиетімен бала кезінде-ақ танысып үлгерген. Ол «Әлем халықтарының ертегілері» жинақтары, Роберт Льюис Стивенсонның «Қазына аралы», Даниель Дефоның «Робинзон Крузо», Джонатан Свифттің «Гулливердің саяхаты» сияқты шытырман оқиғалы романдарын орташа есеппен 20-25 теңгеге сатып алып оқыған, ал, қаражаты жетпеген жағдайда дүкенде түрегеп тұрып кітап оқуға мәжбүр болған екен. Өзіне керекті туындыны әуре сарсаңға түсіп зорға табатын Б.Бұқарбай қазіргі таңда кітап оқуға ынталы адам үшін жол ашық екенін айтады. Расымен, қазір аяғыңды аттап бассаң бірінен бірі өтетін кітап дүкендері жетерлік. Одан қалса интернеттен кітаптың электронды нұсқасын жүктеп алуға болады. Тіпті қаланың аялдамаларында қазақ әдебиеттерінің QR коды көрсетілген. Соған қарап-ақ, туындыны қайдан табуға болатынын біле аласыз.
Туындының келесі тарауы кітапты таңдап үйренуге арналады. Бұл тарауда автор кітапты қазақ және орыс тілімен қоса, ағылшын тілінде оқуға кеңес береді. Әрі өткен ғасырдың әдебиеттерін ғана емес бүгінгі таңда жарыққа шығып жатқан жастардың туындысын да назардан тыс қалдырмау керек дейді. Сонымен бірге, сәнге айналған кітапқа сеніп, нағыз білім бұлағынан құр қалмауды ескертеді. Автордың сәнге айналған туынды деп отырғаны өз-өзіңді дамыту, мотивациялық, психологиялық және позитивті жүруге үйрететін жинақтар. Бақытжан Бұқарбайдың болжамынша позитивті көңіл-күйді сақтамай-ақ жетістікке жетуге болады екен. Ол бұл тұрғысында бірнеше мысалдарды да келтіреді. Мәселен, Ньютон тым ренжігіш әрі кекшіл. Бетховен жанжалқой, сотқар болған. Осыған орай мотивациялық кітаптардың арасында бір ғана кітапты оқысаңыз жеткілікті дейді. Ол – жиырмасыншы ғасырда өмір сүрген австриялық психолог Виктор Франклдің «Сказать жизни «Да»: психолог в концлагере» атты еңбегі. «Күміс кітапта» кітап оқуды енді бастаған оқырмандар үшін де кәдесіне жаратар кеңес бар. Оң мыңнан астам адамның биографиясымен танысқан ол автобиографиялық туындыларды оқу өте пайдалы дейді. Оларды оқыған сайын тарихта аты қалған тұлғалардың қандай жолдармен жүргендігін, қандай әрекетті әдетке айналдырғанын біле аласыз. Сол арқылы өзіңіздің өмір соқпағыңызды қалыптастыруға болады.
«Күміс кітап» көпшіліктің көңілінен шығып, жақсы баға алумен қатар, қоғамда оң өзгерістердің туындауына себепкер болып келеді. Мәселен, осы кітаптың аясында бірнеше кітапханаларда оқырман клубы құрылып, жастар арасында кітап оқу жаңа деңгейге көтерілген екен. Әлеуметтік желілерді пайдаланушылар күнделікті күйбең тіршілігінен бөлек оқыған шығармаларды бөлісуді әдетке айналдырған. Ал, Бақытжан Бұқарбай еліміздің бірнеше аймағында жастармен кездесу өткізіп, кітап оқудың маңыздылығы туралы әңгіме өрбіткен.
Еліміздегі жастардың 80 пайызға жуығы кітапты сирек, не мүлдем оқымайды екен. Олардың пайымдауынша ғаламтордағы ақпараттар табыс тауып, жеңіске жетуге жеткілікті. Алайда, кітап оқу мен ғаламтор арасына теңдік қоя алмаймыз. Мұны Томас Корлидің «Ауқатты адамдардың күнделікті әдеттері» атты туындысы дәлелдей алатын шығар. Томас Корли байлар мен кедейлердің өмір сүруін салыстыра отырып зерттеу жүргізгенде, кітап оқу арқылы мол табысқа кенелуге болатынын анықтаған екен. Ауқатты адамдардың 86 пайызы кітап оқуды жақсы көрсе, кедейлердің үлесі – 26 пайызды құрайды. АҚШ-та дәулетті адамдардың 88 пайызы күн сайын кемінде жарты сағатын кітап оқуға арнайды. Ал, мұндайды әдетке айналдырған тұрмысы төмен отбасылар 2 пайызды құрайды. Сандар сөйлеген статистикалық мәліметтерден кітап оқудан келетін тағы бір пайданы байқаймыз.

Маржан БОЛАТҚЫЗЫ.
26 ақпан 2019 ж. 1 897 0