Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Кітаптан ғанибет тапқан Ғазиз

Кітаптан ғанибет тапқан Ғазиз


Адам өмірі қамшының сабындай ғана деп жатамыз көбіне. Көзді ашып-жұмғанша өтіп кететін ғұмырды пайдамен өткізген қандай ғанибет. Ізденіп, өмір бойы білімін жетілдіріп, кітап оқитын жандар рухани бай болып, кездескен кедергілерге немесе сауалдарына жауапты оңай-ақ табары сөзсіз.
Елбасы ескерткендей, «Келешекте компьютердің тұтқасын ұстағандарды кітап оқығандар басқарады». Осы орайда, ең үздік оқырмандарға қатысты деректерді сөйлетсек, атақты жазушы Н.Рубакин бүкіл өмірінде 250 мыңдай кітап оқыған екен. Әйгілі жазушы Мұхтар Мағауин күніне 150 бет кітап оқыса, қазақ әдебиетінің классигі Әбіш Кекілбаев та күніне бес жүз беттік туындыны оқып тауысатын болған.
Жалпы, ғалымдардың зерттеулеріне сүйенсек, кітап оқитын адамдардың жүйке жүйесі анағұрлым берік, яғни, олардың күйзеліске ұшырауына мүмкіндік аз.
Міне, осындай белсенді оқырманның бірі, кент тұрғыны – Ғазиз Әбенов. Құқық қорғау саласында талай жыл жемісті жұмыс жасап, бүгінде зейнеттік демалыстағы Ғазиз Тоқтасынұлы 12 жасынан кітапқа қызығып, әлі күнге қойнынан тастамаған. Айына 7-8 кітапты бітіретін ол осыған дейін 3000-ға тарта данасын тауысқан. Білгеніміздей, біз әңгімеге арқау етіп отырған жан тарихи кітаптарды көп оқиды екен. Кейіпкеріміздің айтуынша ата-анасы Тоқтасын Әбенов пен Кеңескүл Төлегенова кітаптан еш жалыққан емес. Сол кісілерге қарап бой түзеген Ғ.Әбенов ой түзейтін дүниені алыс­тан іздемесе керек-ті. Бала күнінен өзіне қажетті дүние мен мазалаған сұрақтарына жауапты осынау білімнің кенінен тапқан ол төрт баласын да осы бағытта тәрбиелемек ниетте. Үлкен екі баласы қазірдің өзінде әкелерінің жанында отырып кітап парақтайтын көрінеді.
– Әрбір саналы адам аптасына не айына 1-2 рет қолына кітап алуы тиіс. Кітап – ең құнды қазына. Кітап оқыған адам мен оқымаған адамды салыстырудың өзі артық. Оқымастан бұрын «Мен бұл кітапты не үшін оқимын?» деген сұраққа жауап беріп алыңыз. Негізі, біздің тұла бойымызға тікелей әсер ететін бірден-бір ағза – ми. Ал миды толық жұмыс істету кітаптың көмегімен жүзеге асырылады. Тән саулығын физикалық жаттығулармен шыңдар болсақ, рухани нәріміз – кітап. Біз оқу арқылы тұлғалық қасиетімізді қалыптастырып қана қоймай, өз денсаулығымызға орасан пайда әкелеміз. Мәселен мен өзім ұнататын не болмаса аса қызық кітап оқу барысында түрлі эмоцияларды бастан өткізіп, өзге өмір кешемін. Сол арқылы өзіме керекті ақпаратты жинап, бір арнаға түсуге мүмкіндік туады. Демек, адам тек сабырлық пен шыдамдылыққа ғана емес, сонымен бірге, алдына мақсат қойып, армандауды да үйренеді. Кітап оқудың тағы бір өзіндік ерекшелігі – ұзақ өмір сүру қабілеті. Бүгінде қоғамда кітап оқитын жастар қатары көбейіп келе жатқандығы көңіл қуантады. Менің үлкен екі балам кітапқа қызығады. Мен де өз оқығандарыммен үнемі бөлісіп отырамын. Көбіне өзіме қажетті кітаптарды орталық кітапханадан аламын. Арасында сатып та аламын. Мен үшін кітап – ең қымбат сый. Қазіргі күні кітапхананың босағасында бұрынғы кезек болмаса да, жаңа заман талабына ілескен жас ұрпақ электронды кітаптың көмегіне көп жүгінеді. Тіпті қарапайым смартфондар арқылы ұнаған кітапты жүктеп оқу уақытты да, қаражатты да үнемдеуге мүмкіндік береді. Десе де, қолға ұстаған кітаптың әр бетін тамсана ашқанға не жетсін. Бір жағынан көңіл қуанышы болған хобби екінші жағынан денсаулыққа пайдалы тиімді әдістің бірі болмақ, – дейді белсенді оқырман.
Егемен елімізді әлемге таныту, болашақта еркін өмір сүріп, ойлаған армандарымыз тек ерінбей терең білім алғанда ғана орындалары сөзсіз. Ал, білім алудың басты құралы – кітап екені баршаға аян. Олай болса, кітаппен дос болуға асығайық.

Дина ЖҮСІПОВА.
11 желтоқсан 2018 ж. 1 760 0