ЕЛГЕ СЫЙЛЫ АЗАМАТ – ЖЕҢІС ӘЛЖАНОВ
Шиелі өңірінде Жеңіс Әлжанов ағамызды білмейтін адам кемдекем шығар. Өзінің білімділігі, принципшілдігі және кішіпейілдігі арқасында ол елге сыйлы азамат болып отыр. Кейіпкеріміз 1950 жылы дүниеге келген. 6 айлығында анасынан, ал 13 жасында әкесінен айырылып, әжесінің тәрбиесінде өскен. 1958 жылы №151 Жданов атындағы толық емес мектептің 1-сыныбын аяқтап, 1968 жылы Шиелідегі №47 М.В.Ломоносов атындағы мектептің 10-сыныбын бітірген.1970 жылы Қазақ Мемлекеттік Еңбек Қызыл Ту орденді ауыл шаруашылығы институтының ауыл шаруашылығын механикаландыру факультетіне түсіп, 1975 жылы инженер-механик мамандығын алған. 1976 жылы Шиелі аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының мемлекеттік техника бақылау инспекциясының инженер-инспекторы болып жұмысқа қабылданды. 1978 жылы аға инженер-инспектор болып тағайындалып, 1980 жылы мекеменің бас инженер-инспекторы лауазымына көтерілді. 1986 жылы аудандық партия комитетінің шешімімен №11 Шиелі кәсіптік техникалық училищесінің оқу және өндірістік жұмыстар жөніндегі орынбасары болып бекітілді. Бұл қызметінде ол шәкірттердің сапалы білім алуына, ұстаздардың біліктілігін арттыруға, үш мезгіл тамақтану жағдайын ұйымдастыруға, уақытылы арнайы киім беру мен жатақханалардың толық пайдаланылуын қамтамасыз етуге үлес қосты. 1987 жылы білім бөлімінде авто-іс жөніндегі нұсқаушы болып қызмет атқарды. Аудандық партия комитетінің шешімімен 1989 жылы 31 шілдеде Шиелі №1 Жүк тасымалдау автоколонына директорының орынбасары болып тағайындалып, 12 жыл бойы еңбек етті. Осы кезеңде ол 450 шақты көліктің жұмысқа жарамдылық пайызын арттыру, жүк тасымалдау мүмкіндігін кеңейту, жүргізушілердің жалақысын көтеру бағытында нәтижелі еңбек етті. 2003 жылы Еңбек және әлеуметтік қорғау департаментінде мемлекеттік еңбек инспекторының бос орнына конкурсқа қатысып, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінде еңбек жөніндегі мемлекеттік инспекторы қызметін атқарды. Зейнеткерлікке шыққанға дейін еңбек заңдылығының сақталуы мен жетілдірілуіне өз үлесін қосты. Ол ауыл шаруашылығы басқармасында қызмет істеген кезінде ауданның 5 колхозы, 7 совхозы және 1 мал бордақылау бірлестігі бар болатын. Ол кәсіби маман ретінде осы шаруашылықтардың материалдық-техникалық жағдайын жақсартуға көп еңбек сіңірді. Әлмат Кенбаев ағамызды өзінің жұмыстағы ұстазы деп атап, өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық даму қарқынына қуанышын білдірген. Осылайша, кейіпкеріміздің өмір жолы – адал еңбектің, білімге деген құштарлық пен адамгершіліктің үлгісі. Ол қызмет атқарған әр салада өз ізін қалдырып, әріптестері мен шәкірттеріне өнеге болып отыр. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі өлшеусіз, ал кәсіби шеберлігі мен кішіпейілділігі ел жүрегінде ерекше құрметке ие.
М. КЕҢЕСҰЛЫ






