Мүтәліп Жантөреев
Еңбек ардагері, Шиелі ауданының «Құрметті азаматы» Жантөреев Мүтәліп ағамыз 81 жасында өмірден озды.
Мүтәліп Жантөреев 1938 жылы Шиелі ауданы, бұрынғы «Ащықұдық», кейін «Қазақстанның отыз жылдығы» совхозында колхозшы отбасында дүниеге келген. 1956 жылы «Қазақстанның отыз жылдығы» совхозында жаңадан ашылған «Абай» атындағы орта мектепті үздік бітіріп, сол жылы Қызылорда қаласындағы Гидромелиоративтік техникумға түсіп, 1959 жылы техникум жолдамасымен «Мырзашөлді» игеруге Жетісайға жіберілген. Онда он жеті жыл алғаш қатардағы инженер, совхоздың бас гидротехнигі, аудандық су шаруашылығы басқармасының бастығы қызметтерін атқарады. 1972 жылы Ташкент институтын бітіріп, инженер-гидротехник мамандығын алған.
1976 жылы «Голодностепводострой» тресінің бұйрығымен Қызылорда облысында жер асты суларын тік дренаждар салу арқылы төмендегі сорлаған жерлерді тазарту жұмысына жіберілген. Осында көп жылдар басшы болып жұмыс жасаған. 1987-1988 жылдары №31 мехколлонасында басшы болып қызмет атқарған. Істе ұйымдастырушылық қабілетін танытқан Мүтәліп ағамыз 1988 жылы аудандық коммуналдық шаруашылық мекемесі басшылығына ауыстырылған. Кейін Бидайкөл елді мекенін ауыз сумен қамтамасыз етумен айналысқан. Мүтәліп Жантөреев ағамыздың елге сіңірген еңбегі лайықты бағаланып, салалық медальдармен, мақтау қағаздарымен марапатталған. 2016 жылы Шиелі ауданының «Құрметті азаматы» атағы берілді. Жұбайы Оңдасын екеуі 6 ұл мен қызды өсіріп, 25 немересіне тәлімді тәрбие берді.
Ардақты ағамыздың жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын. Марқұмның отбасы мен туған-туыстарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамыз.
Аудан әкімдігі, аудандық мәслихат, «Nur Otan» партиясының Шиелі аудандық филиалы, аудандық ардагерлер кеңесі