Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ӨНЕГЕЛІ ӨМІР ИЕСІ

ӨНЕГЕЛІ ӨМІР ИЕСІ


Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарлы мақаласында қазақстандықтарды тарихқа үңіліп, ұлттық сананы көте­ріп, еліміздің өркениетті мемлекеттер қатарында болуына атсалысуға шақырды. Сондай-ақ, аталмыш құжатта еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына, жаңа техникалар мен технологияны игеруде, бәсекеге қабілетті тауарлар шығаруда, қоғамдық келісімді сақтауда еңбек адамының рөлі туралы жан-жақты айтылған. Себебі, еңбек адамы – қоғамды жаңғыртуға жұмылдырылған бірден-бір негізгі күш.

Бүгінгі бейбіт өмірге, жаһанданған заман мен бақытты кезеңге жету жолында қаншама адамдардың, аталарымыз бен әжелеріміздің еселі еңбегін, маңдай тері мен қасық қаны қалғанша арпалысқан бейнетін айтып жеткізу мүмкін емес.Өкініштісі, сол бір зұлмат жылдарды көзімен көрген ақсақалдарымыз бен ақжаулықтыларымыздың бүгінде қатары сиреп бара жатыр. Біздің, тәуелсіз заман ұрпақтарының ендігі міндеті – арамызда жүрген аз ғана құнды қазынамыз – Еңбек ардагерлерінің естеліктерін, өнегелі өмір жолы мен жасаған ұлы істерін қағаз бетіне түсіріп, тарихқа енгізу.  
Отаршылдық кезеңді көзімен көріп, небір қиыншылық сәттерді басынан өткерген тау тұлғалардың бірі, соғыс және еңбек ардагері – Базарбек Әділбеков. Ол 1936 жылы Жаңақорған ауданында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысы жылдары жетінші сыныпты бітіріп, елдің ауыртпашылығын көріп өскен Базарбек ерте есейді. Тіпті, оның доп қуалап, ойын-ойнаған балалық шағы да болмаған. Колхоз жұмысына кішкентайынан араласып өскен жас бала 1944 жылы Қызылорда қаласындағы су шаруашылығы техникумына түсіп, инженер-гидротехник мамандығы бойынша тәмамдайды. 1951 жылдан 1959 жылға дейін Тәжікстанның шет аудандарының бірінде өз мамандығы бойынша жұмыс жасайды. Кейіннен елге келіп, «Шиелі-су» шаруашылығы мекемесінде 1965 жылға дейін қатардағы инженер-гидротехник қызметіне орналасады. Осы жұмысты жасап жүріп Алматы қаласында өткен Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің VІІ пленумына делегат болып сайланған. Зейнетке шыққанша Авангард совхозында бас инженер-гидротехник қызметін абыроймен атқарады. Дәл осы тұс совхоздың жыл сайын күріш егіп, одан жоғары өнім алудан ауданның алғы шебінде тұрған кезі еді.
Оның шаруашылықтың 6,5 гектар тегістелген алқабында 9 танапты егу жүйесіне қосқан үлесі мол. Тапсырылған істі толығымен орындап, оқығаны мен түйгенін шаруашылық жұмысына пайдалана білгені үшін талай рет кеңестің кезеңде басшылықтың марапаттарына ие болды. Соның бір айғағы 1968-1974 жылдары бүкілодақтық халық шаруашылығы көрмесінде қола медальді иеленсе, 1981 жылы облыстық атқару комитетінің шешімімен «Таңдаулы инженер-гидротехник» атағы берілді. «В.И.Лениннің 100 жылдығы» мерекелік медалімен, «Еңбек ардагері», «Ұлы Отан соғысының 50 жылдық және 55 жылдық» төсбелгілері, сонымен қатар, «Ұлы Отан соғысы ардагерінің 1941-1945 жылдағы» белгісі кеудесінде жарқырап тұр. Ақмая ауылында еңбек еткен жылдары сол ауылдық округ атынан депутат болып сайланған.
Бүгінде Базарбек ақсақал үлкен бір әулеттің ардақты атасы, ауылдың батагөй қариясы атанып отыр. Жары Пістегүл екеуінен тараған 7 ұл, 4 қыздан 45 немере, 63 шөбересі бар. Балалары түрлі саланың білікті мамандары.
Тоқсан жасқа таяған қарияның айтар естеліктері де, өнегелі әңгімесі де көп. Тіпті, ел ішінде болып жатқан оқиғалар мен жаңалықтарды күн сайын бақылап отырады.
Гүлхан ЯХИЯЕВА
15 желтоқсан 2017 ж. 1 507 0