Еліне еңбек еткен ер

Сәрсенбек Баймағанбетов Өзбекстанның Шыршық қаласында 1956 жылы 14 ақпанда дүниеге келген. Кейін 1959 жылы Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, қазіргі Ақмая ауылына көшіп келеді. 1963-1973 жылдары Ақмаядағы №49 орта мектептің түлегі атанып, мектеп бітіргеннен кейін аудандық мәдениет үйінде автоклуб меңгерушісі қызметінде болды. 1976 жылдары Кеңес армиясында азаматтық борышын өтейді. Содан соң 1976-1986 жылдар аралығында қайтадан мәдениет үйінде жұмыс істейді. Алматыдағы ауыл шаруашылық институтының инженер-механик факультетіне оқуға түсуіне байланысты Шиелі ауданы ауыл шаруашылық мекемесіне ауысады. Онда технадзор, техника қауіпсіздігінің инженері, бас инженер болып 1997 жылға дейін қызмет атқарады. 1997-2004 жылдары Ақмая ЖШС-інде төраға, 2004-2019 жылдары №56 Шиелі жол дистанциясына кәсіподақ төрағасы болып зейнетке шығады.
Мәдениет бөлімінде қызмет атқарған жылдары республикалық, облыстық көркем өнерпаздар байқауларына қатысып, «Жігер» фестивалі, «Халық – талант қайнары» теле фестивалінің лауреаты атанған. 1978 жылы Қызылорда облысының «Қарақалпақстандағы он күндігі» концерттік бағдарламасының, республикалық телеарналардағы терме айту бағдарламасының қатысушысы. Қазақ телекөрмесінің алтын қорында Сәрсенбек Сәбекұлының орындауындағы 7 терме сақталған. 1985-1989 жылдары «Тамаша» ойын-сауық отауының концерттік кештерінде ән салған.
Ақбота БАЯНБАЙ