Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қалдырам жырды мұраға

Қалдырам жырды мұраға


Өткен аптада Арман мәдениет үйінде қазақ поэзиясында өзіндік қолтаңбасын қалдырған көрнекті ақын, бірнеше жыл аудандық «Өскен өңір» газетінде қызмет атқарған қарымды журналист марқұм Тұрар Тоққұловтың шығармалары топтасқан тырнақ алды тұңғыш кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Аталмыш шараны аудандық мәслихат хатшысы Болат Сыздық пен ақын кітабының қалың оқырманға жол тартуына себепші болған, яғни демеушілік көрсеткен сыныптас досы, Семізбай-U мекемесінде бас директордың даму жөніндегі кеңесшісі Ақмұрат Дүйсенбайұлы ашып берді. Сөз барысында ақынның тұлғалық келбетіне, шығармашылық жолына тоқталып, ізгі лебізін білдірді.

Ақын «Шежірелі Шиелім» деп өзі жырлағандай Шиелі ауданы, қазіргі Бидайкөл ауылында 1966 жылдың 23 ақпанында дүниеге келді. 1984-1986 жылдары әскери міндетін бөлімше командирі ретінде атқарып, сержант шенімен туған жеріне оралды. Ауылына келген соң №7 бригадасында жүгері теріп, бірнеше жыл еңбек етті. 1989 жылы А.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтында қазақ тілі мен әдебиеті бөлімінің студенті атанды. Институт қабырғасында жүріп-ақ сабақ үлгерімінің жоғарылығын айтпағанда, түрлі іс-шараларға белсене араласып, көптеген жарыстарда жүлдегер болды. Көзінің тірісінде аудандық, облыстық, республикалық мүшәйралардың жеңімпазы атанды. Ұзақ жылдар «Өскен өңір» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болып абыройлы қызмет атқарды. Одан соң аудан жастарынан құралған «Жас­тар үні» газетінің редакторы ретінде де танылды.
Кітапта әр түрлі тақырыптар қамтылған. Ол ақынның жан-жақтылығының көрінісі. Тұрар – ізденімпаз, шебер ақын. Сондықтан болар оның өлеңдері тілге жеңіл, көңілге қонымды, бейнелі, көркем, қарапайым, әсерлі. Өлеңдерінде жан дүниесін ашып, оқырманмен сырласқандай.
Халқына адал қызмет еткен ақын-журналисті еске алып, оның шығармашылығын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған кеште қызметтегі әріптестері облыстық «Шарайна-Сейхун» газетінің директор-редакторы Нұрмахан Елтай, аудандық «Өскен өңір» газетінің бас редакторы Нұрболат Пірімбет, аудандық кітапхана меңгерушісі Гүлдана Жақыпова, білім бөлімінің әдіскері Әмина Тәжиева сөз алып, ғибратқа толы естеліктерімен бөлісті. Шара барысында ақынның тебірентер өлеңдері оқылды. Сонымен қатар көрермендердің арасынан Бидайкөл ауылының ардагерлері ­Мейрамбек Аханұлы мен Жұмаділ Оразбек және Ақмұрат Дүйсенбайұлы бастаған сыныптас достары да табылды. Шараны ақпараттандыруға ауданға облыстық «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасының журналистері де арнайы келді. Шара соңында ақын өлеңдерін насихаттау мақсатында Шиелі ауданы бойынша 44 кітапханаға ақын кітабы табыс етілді.
Бүгінде жаухар жырларын мұра етіп қалдырған Тұрар Досмағанбетұлы тірі болғанда 53 жасқа толар еді. Дегенмен ел жүрегінде елеулі есімі мен саф алтынға бергісіз әдеби әлемі қалды.

Фариза
КЕНЖЕШОВА

26 маусым 2019 ж. 1 110 0