Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жалын боп жырым шарпысын

Жалын боп жырым шарпысын



Халық аузында «Өмірі қысқа болатын жан өзгешелеу болады» деген тіркес бар. Жастық жалыны көзінің ұшқынынан байқалып тұратын азаматтың бойындағы дарынын көрмеу мүмкін емес. Қиыннан қиыстырып қара өлең шығарудан бөлек, түйткілді мәселелерді көтеріп, ой саларлық мақалалар жазып, оқырман көзайымына айналып үлгерген Бақытжан Жоламанұлы бүгінде арамызда жоқ. Ақын болу мен мақала жазу екі бөлек дүние болғанымен, өзіндік қолтаңбасын қалдырып кеткен, небәрі 27 жасында өмірден озған азамат Бақытжан Мәденовты өткен сейсенбіде еске алу кеші Ә.Тәжібаев ауылы, №214 орта мектепте ұйымдастырылды. Аталмыш шарада ақын шығармашылығы топтастырылған «Жалын боп жырым шарпысын» атты кітабының тұсаукесері өтті.
Өлең жинағында ауыл бейнесі, жүректі тербеген махаббат мәселесі, тіл тағдыры, ана тақырыбы, сонымен қатар «Тағдыр тепкісі» атты повесі ұсынылды. Өлеңдерінен еліне деген шексіз құрметін байқауға болады. Көптеген республикалық байқауларда жүлдегер атанып үлгерген жас ақын, өмір жолында «Шарайна-Сейхун», «Өскен өңір» газеттерінде тілші болып қызмет атқарып, өзінің ізденімпаздығы мен қажырлы еңбегінің арқасында көзге түсе білген қарымды журналист еді.
Бұл күндері арамызда жоқ аяулы азаматты еске алу кешінде ақынның өмір жолы бейнеролик арқылы көрсетіліп, көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен қатар жиынға біртуар азаматтың қиялына қанат бітіріп, қаламын ұштаған облыстық «Шарайна-Сейхун» газетінің бас директор-редакторы Нұрмахан Елтай, облыстық «Кызылординский вести» газетінің Шиелі-Жаңақорған аудандары бойынша меншікті тілшісі Мақсұт Ибраш, аудандық «Өскен өңір» газетінің бас редакторы Нұрболат Пірімбет сынды қаламгерлер қатысып, ақын өмірі мен шығармашылығы туралы естеліктер айтты. Кішкене кезінен білім нәрімен сусындатқан ұстаздары да шыңға шығып шыңдалудан жасқанбайтын, белестерді бағындырар батыл шәкірт бола білгенін айтып еске алды.
«Жалын боп жырым шарпысын» атты кітаптың тұсаукесерін Нұрмахан Елтай мен Сағындық Сұлтанов кесті. Поэзия мен баспасөз әлеміне өзіндік өрнек салып келе жатқан жас ақынның өлеңдерін өзі түлеген мектеп қабырғасындағы балдырғандар жатқа оқып, жүрекжарды арнауларын да көпшілікке ұсынды. Жиында Бақытжанның ет жақын туыстары сағынышпен тебірене сөз сөйлеп, келген ағайын-туыс, әріптес, жора-жолдас, ұстаздарға алғысын жеткізді. Еске алу кешінің соңы Бақытжан Жоламанұлына арнап құран бағыштаумен аяқталды.
Шиелі топырағы әлі қаншама ақын-жазушыларды, аузы дуалы азаматтарды дүниеге алып келері анық. Өскелең ұрпақ ақын шығармашылығын естен шығармайды. Ендеше өзінен үлкен аға буыннан лайықты бағасын алған өлең жинағы оқырман жүрегінен жол табады деген үміттеміз.

Фариза КЕНЖЕШОВА.
18 мамыр 2019 ж. 1 681 0