Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жыр жауһарымен өткен жүздесу

Жыр жауһарымен өткен жүздесу


Жұма күні Шиелінің кеші өлеңмен батып, теріскейден соққан салқын самал сол өлеңмен тербеліп тұрды. Мәдениет үйінде оқылған өлең мен шырқалған ән, ойналған күйдің дауысы Шиелінің көгінде шалқып, бейнебір айналасына шуағын шашып, тіршілік біткенге рухани күш-қуат, жігер беріп тұрғандай болды. Осыншалық сиқырдың себепшісі, ақын, журналист Сәрсенбек Бекмұратұлының шығармашылығына арналған «Сағындарған поэзия» атты кеші еді. Аудандық әкімшілік пен мәдениет бөлімінің ұйымдастыруымен өткен поэзия кешіне жиналғандар Сәрсенбек ақынмен сұқбаттасып, оны мүлде басқа қырынан танып, ақынның сөзіне жазылған әндерді тыңдап, өлеңдеріне қанығып қайтты. Әуелден сөз құдіретін түсініп, ақын-жазушыларын төбесіне көтеріп, құрметтің ең үлкенін жасай білетін аудан хылқы үшін, оның ішінде өлең сүйер қауымға бұл кеш ерекше көңіл-күй сыйлады.
Жалпы, мынау он сегіз мың ғалам, оның ішіндегі жаратылыс, төселген жер, қазықтай қағылған тау, сәулесін төккен күн, аспандағы ай, жерді мекендеген жан-жануар түгел бір әлем болса, ақындар қауымы өзінше бір әлем. Ал, жерлесіміз Сәрсенбек Бекмұратұлы сол әлемде өмір сүріп, жалындай жанған, жұлдыздай жарқыраған, жауһар жырларымен елге танылып, оймақтай ойлары арқылы оқырманның оң бағасын алып жүрген азамат. Ақын 1949 жылы Шиелі ауданының Еңбекші ауылында дүниеге келіп, №45 «Ақ Орда» мектебін, Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. 1967-1985 жылдары аудандық «Өскен өңір» газетінде әдеби қызметкер, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары болды. 1985 жылдан Алматы облыстық «Жетісу» газетінде жауапты хатшының орынбасары, бөлім меңгерушісі қызметін атқарды. 1989 жылдан республикалық Қазақ радиосында комментатор, бөлім меңгерушісі, «Шалқар» ұлттық бағдарламасында редакция меңгерушісі болып қызметтер атқарды. Бүгінде Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде тілші болып қызмет атқарып келеді.
Ақын ағамыз бұқаралық ақпарат құралдарында ұзақ жылдар қызмет атқара жүріп, өлең жазуды да жанына серік етеді. «Жалын» баспасынан әр жылдары жарық көрген «Балауса», «Дария жыры» және «Қарлығаш» жыр жинақтарына топтама өлеңдері енген. 1986 жылы «Қайнар» баспасынан «Малды ауылдың өрендері» атты деректі повесі, 1991 жылы «Жан жұпары» жыр жинағы жарық көрді. Көркем очерктерінің басын құрап «Ел перзенттері» атты қос кітабы жарық көрді. Қазақстанның «Құрметті Журналисі», Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
Әсерлі кеште, ағынан жарылған Сәрсенбек Бекмұратұлы өзінің туған жерге деген сағынышы мен құрметін өлеңмен өріп, сөз арасында осында өткен күндерін сағынышпен есіне алып отыратынын айтты. «Менің түсіме туған жерім жиі кіріп тұрады. Кейде ұйықтап жатып, баяғы аға-апаларыммен баспаханада «Өскен өңірді» басып жатамын. Содан оянып кетсем, «Алматы ақшамында» жүремін. Осындай қызықты сәттер көп кездеседі», – дейді ақын. Ақын әңгіме арасында бұдан бөлек, «Өскен өңір» газетінде қызмет еткен уақыттағы қызықты оқиғалары мен өмір жолында кездестірген тау тұлғалармен өткізген күндерін де сөз етіп, көпшіліктің көкейіндегі сауалдарға жауап берді. Осы ретте айта кетуіміз керек, аудан халқының рухани жаңғырып, тұрғындарды күнделікті күйбең тірліктен бір мезгіл ажыратып, поэзия әлемімен өткенге саяхат жасауына бірден-бір ұйытқы болған «Өскен өңір» газетінің ардагері, ақын, сазгер, Шиелі ауданының «Құрметті азаматы» Өркен Исмаил ағамызға зор алғысымызды білдіреміз. Қашан да ізденіс үстінде жүретін Өрағаң осы жолы да өнердің шын жанашыры екенін көрсетіп, дүйім елге ерекше кеш сыйлауға мұрындық болып отыр. Бұл да болса, досқа деген адалдық пен туған жерге деген махаббаттың белгісі деп білеміз.
Иә, ақынын құрметтеген ел азбайды, шара барысында аудан басшысы ақынның иығына шапан жауып, ізігі құрметін білдірді.

Елдос Жүсіп.
Суретті түсірген
Бақытжан БӘЙІМБЕТ.
20 ақпан 2018 ж. 1 465 0