Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Есіңе мені алғайсың...

Есіңе мені алғайсың...


Бірер байғұс өлең іздеп адасып,
Барады әне, жерге толып қарашық.
Қайран, Мұқа, тірілер болсаң қайтадан,
Қабіріңнен өлеңіңді ала шық.
Түн ортасы тұңғиыққа батырды ой,
Өлеңді аяп, қазір құны бақыр ғой.
Көкте қалқып жүрген ақын шабытын,
Көзімше жұрт көрге сүйреп жатыр ғой.
Шабыт кетсе, өлең жыртар езуді,
Қиял қояр тар ғаламды кезуді.
Ақын кетсе өлең мәңгі жоғалар,
Өлең кетсе жүрек қояр сезуді.
Санама сан санасыздық сияр ед,
Өлеңді жүр танымай жұрт қиямет.
Біреу үшін ақ парақты өмір тұр,
Қалғаны үшін ақ қағазда сия көк.
Сабырымды буындырды төзім кеп,
Ыза-кек боп алаулайды көзімде от.
Оқылмаса ақын жетіп өлең сор,
Жазғырмаңдар бұдан артық сөзім жоқ.
Пенделерді адастырды құлқыны,
Ақынға айтар қалмай, пай-пай, шіркін.
Қабір қазып, хатым құран түсіріп,
Өлең жерлеп тұрмайықшы бір күні.
Дана болсаң осынымның айт емін,
Ақын өлсе, өлсін хақтың жарлығы.
Өлең өлсе қайтемін...

Бұл жас ақын, республикалық, облыс­тық жыр мүшәйраларының жеңімпазы Мақсат Дауылбаевтың қаламынан туып, қазақтың қара өлеңінің мұзбалақ ақыны Мұқағалиға арналған жыр жолдары. Қара өлеңнен қасиет түйген жас ақын өз туындысы арқылы жұрт жанына жылылық сыйлады. Көңіл түпкірінен қайнап шық­қан шығармаларын көпшілік ерекше ықы­ласпен тыңдады. Жоғарыда берілген өлеңнен тек үзінді беруге де болар еді, дегенмен, ақын рухына арналған жүрек тебірентер осынау жыр біз көтергелі отырған тақырыпқа тұздық болмақ.
Иә, жаны әр қазақтың жүрегіне қоңсы қонған ақиық ақынның туған күніне ар­налған әдеби-сазды шығармашылық кеш­тің бір көрінісі еді бұл. Көкшоқы мөл­тек ауданы «Арман» мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өткен кеш Мұқағали Мақатаев өлеңдерінің монологымен бас­тау алды. Керемет кештің күйін келтірген сахна ортасындағы бимен көмкерілген қыз бен жігіттің көпке ұсынған поэзия кезегі еді.
Тоқсан жылдық тарихы бар Шиелі ауданында өткен әрбір шара тарихтар қойнауына тасқа басқан таңбадай газет беттерімен енетін болғандықтан, әлқиссаны әріден бастап, ақын өмірінен аз-кем ақпар беріп кетуді де жөн санадық.
Қазақ қара өлеңінің көш керуенін қара нардай алға сүйреген бірегей ақын Мұқағали Мақатаев екендігі жалпақ жұрт­қа аян. Сонау бір 1931 жылдың боран­датқан ақпанында Нарынқол өңірінің ескі Қарасаз ауылында дүние есігін ашқан Мұхамедқали Сүлейменұлы Мақатаевтың – қазақ поэзиясының басына Абай, Жамбыл, Махамбет, Сұлтанмахмұт, Мағжан, Қасымдардан соңғы қонған бақ екенін ол кезде ешкім жорамалдамаған да болар. Ақынның атын нағашысы Бизақ қояды. Мұхаммед пайғамбар мен пайғамбардың төрт шадиярының бірі – Әли сияқты қасиет­ті қос есімнен құралған атты иеленген бала тегін азамат болмас,–деген ырыммен қояды. Бірақ, жеңгелері қайныларының есімін тіке айтпай, Мұқағали атап кеткен екен. Асыл ой, жауһар сезімге суарылған жырлары қазақ халқының рухани әлемін байытқан лирик ақынның әкесі Сүлеймен 1941 жылы 29 желтоқсанда қан майданға аттанады. Хабар-ошарсыз кеткен әкесінің орнын басып, бала Мұқағали жетімдіктің қамытын киеді. Әжесі Тиын мен анасы Нариманның тәрбиесінде жетіліп жатқан оның алғашқы өлеңдерінің тууына да өз әкесіне деген балалық сағынышы себеп болады.
Хош, сонымен кешімізге қайта орал­сақ. Сахна төріне көтерілген айтыс­кер ақын К.Жүсіп ақын Мұқағали жайлы өзінің лебізін білдіріп, ойымен бөлісті. Ойының соңын әнмен әдіптеуді жөн көрген ҚР Мәдениет қайраткері К.Жүсіп кеш кейіпкері Мұқағалидың сөзіне жазылған «Бесік басында» әнімен қос ішектің құдіреті арқылы көрермен құлағының құрышын қандырды. Мұнан әрі рухани кештің тізгінін руханият­тың шамын жағып, қазақ әні мен жырын өз биігінде насихаттап жүрген та­лантты жыршы К.Түрікпен мен Нартай ән өнерін жалғаушы әнші, жыршы М.Бекпейісов «Есіңе мені алғайсың» және «Сенің көзің» әндерін аккардион мен домбыраның сүйемелдеуінде нақышына келтіре орындап, тамашалаушыларды тамсантты.
Кеш барысында Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері оқылып, ән де шырқалды. Кештің қорытынды сөзін алған кент әкімінің орынбасары Ә.Мұхамедкәрімұлы өзінің ізгі лебізін ортаға салып, өлең оқыды. Рухани жаңғыруды қолға алған елдің халқы үшін бұл кеш рухани демалыс болғаны хақ.

Дина ЖҮСІПОВА.
18 ақпан 2018 ж. 1 668 0