ТЕКТІЛІКТІҢ ҮЛГІСІ ҒОЙ ТҰРСАНОВ
Құрығы ұзын сұм ажал 82 жасқа қараған шағында белгілі айтыскер ақын, Шиелі ауданының «Құрметті азаматы» Махамбетқали Тұрсановты 2018 жылдың 4 қаңтар күні арамыздан алып кетті.
Махамбетқали Тұрсанұлы 1937 жылы
1 ақпанда Шиелі ауданы, 1 мамыр елді мекенінде дүниеге келген. Мектепті бітіргеннен кейін сол ауылға 15 жыл мал шаруашылығында еңбек еткен. 1974 жылдан бастап Шиелі ауданы Бәйгеқұм ауылындағы кәсіптік-техникалық училищеде директордың орынбасары, 1986 жылдан бастап Шиелі аудандық мәдениет бөлімінде қызмет атқарып, 1997 жылы зейнеткерлікке шыққан.
Мәдениет саласында көп жылдар бойы еңбек ете жүріп, облыстағы айтыс өнерінің дамуына, оны ұрпақтарға насихаттауға зор үлес қосты. 1979 - 1990 жылдары аралығында Қызылорда қаласында өткен дәстүрлі облыстық ақындар айтыстарының алты мәрте жүлдегері атанды.
1983 жылы Талдықорған қаласында, 1984 жылы Алматы қаласында, 1986 жылы Орал және 1987 жылы Павлодар қалалары мен мен 1989 жылы Қарақалпақ республикасында, 1990 жылы Қазақстан Республикасының 70 жылдығына арналған Алматыда өткен айтыстарға қатысып, І дәрежелі дипломдармен марапатталып, бағалы сыйлықтармен оралып жүрді. 1995 жылы Ұлы Абайдың 150 жылдығына арналған дәстүрлі VІ облыстық ақындар айтысында Бас жүлдеге ие болды.
Маханбетқали Тұрсанов ағамыз Сыр елінің айтыс өнерін өркендетіп дамытуда, кейінгі ұрпаққа ұлттық мұраны жеткізуге сіңірген еңбегі үшін облыстың Бас ақыны, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Еңбектегі ерлігі» үшін медалі және Қазақ ССР-і мен Қазақстан Компартиясының 60 жылдығына арналған облыстық ақындар айтысына қатысқаны үшін «Құрмет» грамотасымен, ұзақ жылдар облыс мәдениеті мен өнеріне сіңірген елеулі еңбегі үшін облыстық «Құрмет» грамотасымен марапатталды.
Жұбайы Маржан апамызбен бірге 12 ұл мен қыз тәрбиелеп, өсіріп,
38 немеренің, 25 шөберелерінің қызығын көріп отырған абыз ақсақал, асыл жан еді.
Айтыскер ақын Махамбетқали Тұрсанов ағамыздың жатқан жері жайлы, топырағы торқа, иманы жолдас болсын. Марқұмның отбасы мен туған-туыстарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамыз.
Бақұл бол ардақты аға! Асыл аға!
Аудан әкімдігі, аудандық мәслихат, «Нұр Отан» партиясы Шиелі аудандық филиалы, аудандық ардагерлер кеңесі