25 қазан – Республика күні: тарих және тағылым

Әр халықтың тарихында елдің тағдырын айқындап, болашаққа бағдар берген айтулы күндер болады. Мұндай күндер уақыт өткен сайын өз мәнін жоғалтпайды, керісінше, ұрпақ санасында тереңдей түсіп, ұлттық жадтың ажырамас бөлігіне айналады. Қазақстан тарихындағы осындай маңызды даталардың бірі – 25 қазан, Республика күні. Бұл күн – халқымыздың егемендікке ұмтылысын, мемлекеттіліктің қалыптасу жолындағы тарихи таңдауын және азат болашаққа деген сенімін айшықтайтын ерекше мереке.
Республика күні – күнтізбедегі кезекті мереке ғана емес. Оның астарында елдік мұрат, тарихи жауапкершілік, ұлттық бірегейлік пен тәуелсіздікке бастар жолдың тағылымы жатыр. Бұл күн бізді өткенімізді саралауға, бүгінгі жетістіктерімізді бағалауға және келешек алдындағы міндеттерімізді терең сезінуге үндейді.
Егемендікке басталған тарихи жол
1990 жылғы 25 қазанда Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Жоғарғы Кеңесі «Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы декларацияны» қабылдады. Бұл құжат Қазақстанның дербес мемлекет ретінде қалыптасуына негіз болған маңызды саяси-құқықтық қадам еді. Декларацияда республиканың мемлекеттік егемендігі жарияланып, ел аумағының тұтастығы мен бөлінбейтіндігі, халықтардың мәдениеті мен тілдерін дамыту, ұлттық бірегейлікті нығайту секілді іргелі қағидаттар көрініс тапты.
Тарихи құжаттың маңызын тек сол кезеңнің саяси оқиғаларымен шектеуге болмайды. Оның қабылдануы Қазақстанның болашақтағы дербес даму жолын айқындауға, мемлекеттік басқару мен ұлттық мүддені қорғаудың құқықтық негіздерін қалыптастыруға мүмкіндік берді. Егемендік туралы декларация халықтың өз тағдырын өзі айқындауға деген ұмтылысын заңдық тұрғыдан бекітіп, тәуелсіздікке қарай жасалған маңызды қадамға айналды.
Арада бір жылдан астам уақыт өткенде, 1991 жылғы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданды. Осылайша, егемендік туралы декларацияда белгіленген тарихи бағыт толыққанды тәуелсіз мемлекет құру жолындағы маңызды негіздердің біріне айналды.
Тәуелсіздік – халқымыздың сан ғасырлық арманының орындалуы. Азаттықты аңсаған ата-бабаларымыздың күресі, ел мен жерді қорғаған ерлердің ерлігі, ұлттың рухын сақтап қалған зиялылардың еңбегі бүгінгі мемлекеттілігіміздің тарихи тамырын құрайды. Сондықтан Республика күні – тек бір кезеңнің оқиғасын еске алу емес, ұлттың ұзақ тарихи жолындағы сабақтастықты тану күні.
Тарихтан тағылым алу – болашаққа жауапкершілікпен қарау
Тарихты білу – өткен оқиғаларды жаттап алу емес, сол оқиғалардың мәнін түсініп, одан өмірлік сабақ ала білу. Егемендік туралы декларацияның қабылдануы бізге мемлекеттіліктің бір сәтте қалыптаспайтынын, оның құқықтық негізі, қоғамдық тірегі және ұлттық рухы болуы керектігін көрсетеді. Ал тәуелсіздіктің баянды болуы ел азаматтарының бірлігіне, еңбегіне және ортақ мақсатқа деген адалдығына байланысты.
Бүгінгі жас ұрпақ үшін Республика күнінің тәрбиелік мәні зор. Өйткені ел тарихын білу арқылы жастар туған жердің қадірін түсінеді, тәуелсіздіктің бағасын сезінеді және өз болашағын мемлекет тағдырымен байланыстыра бастайды. Тарихи сана қалыптасқан жерде ұлттық құндылықтарға құрмет те артады. Ал өткенін бағалайтын ұрпақ болашаққа сеніммен қадам басады.
Осы бағытта архив құжаттарын насихаттау, тарихи деректер негізінде танымдық материалдар әзірлеу, өлке тарихын зерттеуге қызығушылықты арттыру маңызды. Құжаттарда сақталған деректерді халыққа түсінікті тілмен жеткізу арқылы тарихты баршаға ортақ рухани қазына ретінде танытуға болады.
Өткенін ұмытпаған елдің болашағы айқын. Тарихын таныған ұрпақтың рухы биік, елдік санасы берік болады. Республика күні – осыны ұғындыратын, тәуелсіздіктің қадірін арттыратын және ортақ Отанымыздың келешегіне сеніммен қарауға үндейтін ұлы мереке.
Ж. Ментаева,
«Қызылорда облыстық мемлекеттік архиві» КММ-нің «Шиелі аудандық архиві» филиалының қойма меңгерушісі







