Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлттық мереке ұлықталған күн

Ұлттық мереке ұлықталған күн

25 қазан – Республика күні. Иә, бұл – тарихи күн, Ұлттық мереке. Осыдан тура 32 жыл бұрын Қазақстан Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданды. Яғни, Тәуелсіздікке алғашқы қадам жасалды. Сондықтан да, бұл күннің Ұлттық мереке – ретінде қайта таңдалуы қазақ сынды тағдырлы халық шежіресіндегі тарихи шешім болды. Осынау қайта оралған айтулы мереке жуырда Б.Қабылұлы атындағы мәдениет үйінде аталып өтті.
Мерекелік іс-шараға аудан әкімі Н.Ахатов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ө.Исмаил, зиялы қауым өкілдері мен сала мамандары қатысты.
Қайта оралған мереке бұған дейін Қазақстанда 1992 жылдан бері аталып келе жатқанымен мемлекеттік мерекелер тізіміне тек 2001 жылы ғана енгізіліпті. Республика күнін ел бар жоғы 17 рет қана тойлаған. Бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев 2009 жылдың сәуір айында қол қойған «Мерекелер туралы» Қазақстанның жаңа заңына Республика күні енбеген. Содан бері бұл мереке атаусыз қалды. Енді міне араға 9 жыл салып қайта тойлануда.
Салтанатты жиын Қазақстан Республикасының Әнұранымен ашылып, сөз аудан әкімі Н. Ахатовқа берілді.
– 25 қазан – егемендігіміз жарияланған күн. Бәрінен қымбат, мәртебесі де жоғары – осы мерекемен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! Осы декларацияның арқасында біз кеңестік заңдарынан бас тартып, өз Ата Заңымызды құруға қадам бастық. Араға 10 жыл салып бұл мейрам 2001 жылы мемлекеттік мереке ретінде аталып өтті. Мемлекет басшысы атап өткендей егемендік декларациясы қабылданғаннан бас­тап Қазақстан еңсесі биік, терезесі тең жеке мемлекет ретінде таныла бас­тады. Қымбатты қауым Респуб­лика күні сөзсіз тәуелсіз Қазақстан үшін айрықша мәнге, маңызға ие мереке болмақ. Оның маңызы мен мәнін айшықтап келешек ұрпақтың санасына сіңіру сіздер мен біздерге артылар міндет. Сондықтан әрбір аудан азаматы осынау мерекені шынайы қабылдап, жан дүниесімен сезінуі керек, – деді Н.Сәбитұлы.
Мұнан соң ауданның экономикалық-әлеуметтік әлеуетін арттыруға қосқан үлесі үшін бірқатар сала қызметкерлерін облыс және аудан әкімінің алғыс хатымен марапаттады.
Қазақ қашаннан тәуелсіздікті текті ұғым деген. Бұл – кешегі ел үшін егеулі найза қолға алып, ұлтарақтай жер үшін ат үстінен түспеген батыр бабалардан қалған жәдігер сөз. Біз – ғасырлар бойы азаттықты аңсап, еркіндікке қолы жеткізуге ұмтылған, арман-мұраты тең өріліп, тай қазаны ортаймаған қазақ деген байтақ ел, дана халықпыз. Міне, сол бақыт бастауы жеке мемлекет болу емес пе еді. Демек, Республика күні тәуелсіздігіміздің алтын тұғыры болуы керек.

Шапағат ТІЛЕУБАЕВ
24 қазан 2022 ж. 508 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№79 (9243)

07 қазан 2024 ж.

№78 (9242)

01 қазан 2024 ж.

№77 (9241)

28 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031