25 қазан – Тәуелсіз ел тарихындағы таңдаулы күн
Тәңірдің бергеніне тәубе айтудан жаңылмаймыз. Ел тәуелсіздік алғалы 30 жылды артта қалдырыпты. Осы жылдарды ой сорабына салсақ тар жол тайғақ кешуден өткен жас мемлекеттің жаңашыл қадамдарын аңғаруға болады. Тарихты түре тартып, 1991 жылы КСРО ыдыраған тұста ел тәуелсіздігін жариялаған қазақ мемлекетінің бертін келе қандай белестерді бағындырғанын тарқатайықшы. Ең әуелі 1990 жылы 25 қазанда қабылданған Қазақстанның Егемендігі туралы Декларация 1991 жылы Тәуелсіздік туын тік көтеруге сеп болғанын айта кеткеніміз абзал. Бұл арман болған тәуелсіздікке қарай жасалған алғашқы қадам болатын. Ел егемендігін алған соң, көрші мемлекеттер әсіресе, түрік халықтары Қазақстанның тәуелсіз ел болатындығына сенім білдірді. Аталған декларация қабылданғаннан кейін қазақ даласының өзіне тән шекарасы белгіленіп, қазақтың алтын бесік ата жұрты Ертіс пен Еділдің, Арқа мен Алатаудың арасы болды. Тек бұл ғана емес, декларация қабылданғаннан кейін мемлекеттік бюджет, халықаралық қатынастағы дербестік, мемлекеттік рәміздер бекітілді. Қазақстанның егемендегі мен территориясының тұтастығы саяси, құқықтық және экономикалық тұрғыдан дәйектелді. Осы кезден бастап ел ішінде біраз өзгерістер орын алды.
Қаншама қасірет көрген қазақ халқы әрине, бұл күнді көп күтті. Шетте жүрген қазақтар бір-біріне сауын айтып, тарихи отандарына қайтар сәтті асыға күтсе, жергілікті тұрғындар сүйіншілетіп, егемендікті тойлай бастады. Тойламағанда ше? Басынан Отырар ойранын, екі ғасырға созылған жоңғар шапқыншылығын, Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама, қайың сауған нәубеттерді, екі жарым ғасырдан астам дерлік орыс бодандығын кешірген қазақ елі тәуелсіздікке қуанбағанда кім қуанады? Сондықтан да жыл сайын халық Республика күнін тойлауды әдетке айналдырды. Тіпті 2001 жылы 13 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» №267 заң бойынша 25 қазан мемлекеттік мерекелер қатарына қосылды. Алайда 2009 жылдың сәуір айында жарияланған «Мерекелер туралы» Қазақстанның жаңа заңына Республика күні енген жоқ. Өйткені Республика күні мен Тәуелсіздік күні бір-біріне бәсекелес мерекелер деп танылған. Әрі саясаткерлердің пікірінше, егемендік туралы декларацияның қабылдануы Қазақстанға түпкілікті дербестік алып бере алған жоқ. Бар болғаны тәуелсіздікке қарай жасалған қадам ғана болған-мыс. Бірақ қазақ халқының жүрегінде 25 қазан тәуелсіздік тарихындағы таңдаулы күн болып қала берді. Еліміздің егемендігін еске алғанда, бұл айтулы күнді аттап өту мүмкін емес еді. Осы құжаттың қабылдануы ұлттың санасын оятуға, азаттық алуға деген сенімнің күшеюіне себеп болды.
Әрине, қазір жоғымыз түгенделіп, өшкеніміз қайта жанып, салт-дәстүрлеріміз өзімізге оралып, толықтай тәуелсіздікке ие болған елміз. Ендігі кезекте әрқайсымыз «Мен – қазақпын» деп көк байрағымызды көтеріп тұрып, мақтанып айта алатын дәрежеге жеттік. Ұлттық мерекелердің де қатары толып, мемлекеттік рәміздеріміз, ұлттық құндылықтарымыз ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып қалуда. Осының барлығын ескерген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жақында ғана 25 қазан Республика күні мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болу керегін айтып, атаулы күнге ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды. «Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек» деп айтты Қасым-Жомарт Тоқаев. Әрине, Республика күнін қайтару зор мәнге ие. Себебі осы күні қазақ елінің рухани құндылықтары, тәуелсіздікке дейінгі тартқан тауқыметі таразыға түсіп, көпшілікке насихатталатын болады.
Қазақ еліне қайта оралған мерекенің маңыздылығын тілге тиек етуіміз бекер емес. Ендігі жерде Қазақстан Республикасы жаһандық бәсекеде де бәсін арттыра түсуі тиіс. Ол үшін әлем елдерінің әлеуетін, тарихын, тәжірибесін білген ләзім. Мәселен, Италияда Республика күні –2000 жылғы 20 қарашада Италия Президенті қол қойған заңға сәйкес мемлекеттік мереке ретінде аталып өтеді. Бұл датаны тойлау 1946 жылғы 2 маусымда өткен референдумда қабылданған тарихи шешімдерге негізделген деген дәйек кезігеді. Ал Пәкістан Ислам Республикасының күні 23 наурызға белгіленген, бұл мейрам 1940 жылы Лахор қарарының қабылдануымен тікелей байланысты. Енді қазақ халқы жиі сапарлайтын Түркия елінің тарихына зер салып көрелік. Онда 1923 жылы 29 қазанда мемлекет Конституциясына түзетулер енгізіп, ел Республика күнін жариялаған екен. Бұл оқиға Осман империясының түпкілікті ыдырауымен байланыстырылады. Яғни әлем елдері де Республика күнін тарихи оқиғалармен байланыстыра отырып белгілеген.
Қалай десек те, 25 қазан қазақ халқы үшін – айтулы күн. Әлдекімдер бұл мерекені тәуелсіздік күнімен пара-пар десе де, екеуі екі түрлі мағына мен түсінік береді. 25 қазан егемендікке бастайтын алғашқы қадамдардың бірі болып есте қалса, 16 желтоқсан тәуелсіздікке қол жеткізген күн болып тарих бетінде мәңгі сақталады. Ең бастысы екі айтулы мереке де жастардың рухын өршітіп, намысын қайрап, жігерін тасытады.
Гүлнәр Дүйсебай
https://syrboyi.kz