Тәуелсіздік – ащы термен келген тәтті жеңіс
«Егемен болмай – ел болмас». Расында егемендік һәм Тәуелсіздік егіз ұғым. Еңсені тіктеген 30 жылда тұрмысымыз түзеліп, жоғымыз түгенделе бастады. Бұл қазақ елінің даму жолындағы дара жол. Небір нәубет пен соғысты өткерген тарих парағының жаңа беттері жазыла бастады. Ең бастысы бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарынан қара көрсетер күн де алыс емес. Жемісті жылдарды тізбектеген сәтте тәуелсіздіктің қандай соқтықпалы-соқпақты жолдармен өткенін аңғарамыз. Егеменді ел болудың ерекшелігін ұғынамыз. Тәуелсіздік жай ұран сөз емес. Оның қадір-қасиеті тереңнен тамыр тартып, ата-баба рухымен байланысып жатыр.
Кез келген елдің жылнамалық тарихында тарихи бастау алған кезеңдері болады. Біз үшін жаңа дәуірдің арайлы таңы – 1991 жылдың 16 желтоқсаны. Бұл – еліміздің ұлттық тарихындағы айырықша тарихи күн. Тәуелсіздік – ащы термен келген, тәтті жеңіс. Сол күні Қазақстан Республикасы жер жүзінде өзінің Тәуелсіз мемлекет екенін жариялады.
Тәуелсіздік мерекесі, мемлекетіміз бен халқымыз үшін ең басты әрі құнды мереке. Биыл рухы асқақ, тұғыры биік тәуелсіз мемлекетімізге 30 жыл толуда. Қарапайым қазақтың тілімен айтқанда нағыз ердің жасында, ұлы мақсаттардың басында тұрмыз. 30 жыл ішінде Қазақстан экономикалық дамуда, халықтың әл-ауқатын қамтамасыз етуде аса зор жетістіктерге қол жеткізді. Тұрақтылық және қоғамдағы өзара түсіністік, зор жауапкершілікпен жүзеге асырылған сыртқы саясат – республиканың ғаламдық деңгейде беделін өсірді.
Тәуелсіз еліміз ширек ғасырға жуық уақыт ішінде қаржы дағдарысының қиындықтарына қарсы тұрып, тұрақты даму жолына түсті. Биік белестерді бағындырып, толағай жетістіктерге қол жеткізді, әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына енді. Қазақстанның қалыптасуы ең алдымен Елбасы Н.Назарбаевтың есімімен байланысты. Елбасының көрегендігінің арқасында егемендік пен тәуелсіздігіміз нығайып, алға қарай дамуымызда Қазақстанның көптеген елдермен қарым-қатынасы жолға қойылып, тұрақтылықты сақтауға ықпалды қадамдар жасалды.
Тәуелсіздік – ол ұлттық мереке, оның тамыры – жасампаздық рух, ұраны – ел мен халық. Өміршеңдік пен кемелділік аясында өмір сүріп, бейбітшілік, татулық туын биікке көтерген Қазақстан халқы жаңа әлемнің жаңалықтарына ұмтыла бермек.
Ментаев Жанат Әбілқасымқызы,
Шиелі аудандық архивінің архивисі