Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» Тәуелсіздік - ел бақыты

Тәуелсіздік - ел бақыты


Тәуелсіздік – ең алдымен Қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы – бұл мемлекетіміз бен халқымыз үшін ең басты құнды мереке болмақ.
Бұл – ата-бабамыз аңсаған арманның жүзеге асқан, елімізге еркіндік сыйлаған ұлы күн. Тұғыры биік Алаш жұртының көк Туын желбіреткен, Әнұранын шалықтатқан елімізді қазір әлем жұртшылығы мойындайды. Қазақ халқы сан ғасырдан бері Тәуелсіздікке ұмтылып келді. Ел егемендігі үшін қаншама асылдарымыз тер төкті. Халқымыз талай нәубетті басынан өткізіп, сан түрлі сыннан сүрінбей өтті. Тәуелсіздікті тойлау әрбір қазақстандық үшін ерекше мәнге әрі маңызға ие болмақ. Көкірекке қуаныш сыйлаған бұл уақыт барша қазақстандықтар үшін маңызды. Кең даладан бос даладан не пайда, бос далада бостандығың болмаса! – деп Қадыр ақынның бостандықты жырлауы ата-бабамыздың аңсаған асыл арман аманаты – азаттыққа үн қосып аға ұрпақтың жас ұрпаққа артқан сенімі еді. Ақындарымыз айтқан бостандық басымызға қонған бақ болатын. Жер бетіндегі қай халық үшін де тәуелсіздіктен асқан ұлы мұрат жоқ, болмақ емес. Сол тәуелсіздіктің арқасында елдің кеудесі қайта көтерілді. Халықтың рухы қайта шалқыды. Бұл жолда аққан тер, төгілген қан есепсіз. Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін мемлекет, халық және әрбір азамат өзінің болашағын жасаудың шынайы бостандығына қол жеткізді. Еліміздің басынан азап та, аштық та, сұм соғыс та өтті. Әсіресе, XX ғасыр қазақ халқы үшін ауыр тиіп, қайғыға толы кезеңімен есте қалды. 1916 жылы көтеріліс, жиырмасыншы жылдардағы аштық, отызыншы жылдардағы тоталитарлық жүйе, ұлы Отан соғысы, сексен алтыдағы Желтоқсан оқиғасы. Бұның барлығы да қазақ жанына ауыр жара салды. Қанша қиыншылық келсе де, біз оларды ешқашан ұмытпаймыз. Себебі, бұл – тарих. «Өткенімізді ұмытсақ, болашақ бізді кешірмейді» деген ұлы даналық сөз бар емес пе? Осы даналықтың әрдайым жадымызда сақталғанын қалаймын. Сонау ел басына түскен нәубет жылдары тарыдай шашырап кеткендердің елге оралған сәттегі туған жерді, ата-бабаларының кіндік қаны тамған топырақты құшырлана сүйген сәттегі бейнелерін көргенде қалайша толқымайсың? Қазіргі Қазақстан әлем сахнасында мақтанарлықтай беделге ие. Жас мемлекетіміз осындай аз ғана уақыттың ішінде көптеген ірі экономикалық, сая­си және әлеуметтік жетістіктерге қол жеткізді. Қазіргі таңда, Қазақстан жас мемлекет бола тұра, көптеген елдерден әлдеқайда алда. Еліміздің аяғынан нық тұруы, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және экономикамыздың жедел қарқынмен дамуы – негізгі стратегиялық бағыттар. Бүгінгі Қазақстан – тек өзі орналасқан аймақта ғана емес, бүкіл әлемдік проблемаларды талқылауда және шешуде ықпалды рөл атқарады. «Қаз тұрып, қадам басқан тәуелсіздік сәбилік тұсауын өміршең уақытқа кестірген кезден бастап, осынау 30 жылдың бедерінде айшылық жерді алты рет аттаған алып секілді, дәуір жалынын мығым ұстап, тізгінін бекем қаға білді» – деп Елбасымыз айтқандай, егемен Қазақстанды бүгінде барша әлем танып отыр. Тәуелсіздік алғандағы алғашқы әрекеттердің арасында мемлекетіміздің ұлттық валютасы – теңгені енгізу, көршілес мемлекеттермен шекараны белгілеп алу, Конституциямызды бекіту еді. Ата Заңымызға сәйкес, Қазақстан және қазақстандықтар ешкімнің жеріне көз салмайды, бірақ өз жерінің бір сантиметрін де ешкімге бермейді. Мұндай істердің орындалуы – ерекше тарихи жетістік. Айта берсек, 30 жылда жеткен еліміздің жетістігі өте көп. Дегенмен, бұл жетістіктерге жетуде еліміз көп қиыншылықты көргенін ұмытпағанымыз жөн.
Халқымыздың біртуар перзенті Әлихан Бөкейханов «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген. Біз шынайы патриоттық сезіммен рухтанып, қасиетті Тәуелсіздігімізді одан әрі нығайта түсу үшін бірлесе жұмыс істеуіміз керек. Тәуелсіздік үшін нағыз күрес күнделікті еңбекпен, үздіксіз әрі дәйекті елдік саясатпен мәңгі жалғасады. Біз қуатты тәуелсіз мемлекетімізбен ғана ұлт ретінде жер бетінде сақталамыз. Осы айнымас ақиқатты берік ұстануымыз қажет. «Тәуелсіздік бәрінен қымбат!» деген бір ауыз сөз мәңгі ұранымыз болуға тиіс.

Н.Нақыпов,
Н.Бекежановтың мемориалдық өнер музейінің қор сақтаушысы
---
12 маусым 2021 ж. 1 569 0