Патриоттық тәрбие – болашақтың мызғымас іргетасы
Тәуелсіздік – ең алдымен Қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі. Сондықтан да біз үшін Тәуелсіздік күні – ең қастерлі күн. Еліміз қалай болғанда да сан ғасырлық қиын-қыстау жолдан, тар жол тайғақ кешуден өтіп, тәуелсіз елдер қауымдастығына қосылды. Отанымыз Қазақстанымыз туралы айтарымыз да мақтанарымыз да көп-ақ! Мемлекетіміздің тәуелсіздігі - ең алдымен халқымыздың бақыты. Басымыздағы осынау бақ мұратымызды бағалап қана қоймай, тұғырлы ету жолында жас ұрпақты тәрбиелеу де зор маңызға ие.
Тәуелсіздік мерекесіне орай №4 «Шұғыла» санаторлық бөбекжайында “Елімнің еркіндігі–Тәуелсіздік” атты тақырыбымен ертеңгілік болып өтті. «Балдырған» тобының тәрбиешісі А.Жауенованың ұйымдастыруындағы аталған шараның шымылдығы бөбекжай меңгерушісі Ф.Қожасованың мерекелік құттықтауымен түрілді.
Бүлдіршіндер келген қонақтарға өз өнерлерін көрсетіп, тақпақтарын айтып, шағын қойылым сахналанды. Бүлдіршіндер мен қонақтарға тәуелсіздікке жету жолындағы еңбектер және еліміздің жетістіктері жөнінде айтылды. Әннен шашу шашылып, мың бұралған билер жиналған қонақтардың көңілдерін сергітті. Елбасы «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – ұлттық кодыңды сақтай білу» деп орынды атап көрсеткені белгілі. Елбасымыздың мақаласында атап көрсетілгендей, жас ұрпақ өздеріне үлгі тұтар тұлғалардан өнеге алып, мемлекетіміздің күшті де қуатты болуына сүбелі үлесін қоса білуі қажет. Ал, бұл ретте ұстаздар мен тәрбиешілерге артылар жүк те жеңіл емес. Өскелең жас ұлттық рух пен ұлттық сананы жаңғыртуды болашаққа бағытталған үкілі үміт, асқақ арман, абыройлы парыз деп қана қабылдамай, төл міндет және тегеурінді талап деп ұғынғандары абзал. Сондықтан, бүгінгі күні халқымыз өткеннен қалған тарихи өнегені, отансүйгіштікті, ұлтына деген махаббатты жоғалтпай, әрі қарай жастардың патриоттық сезімін оятуға баулу метепке дейінгі тәрбиеден бастау алса, ел болашағының мызғымас іргетасы қаланары хақ.