Тәуелсіздік толғамы
Азаттықтың айдынында қанатымызды кеңге жайып, алға жылжып келеміз. Сән салтанаты келісті ауданымыз, жұмысы жемісті қызметкерлеріміз, ақылы көл-көсір қарияларымыз, демографияны көтеретін көп балалы жанұяларымыз бар. Аллаға шүкір. Елім дейтін ер, бейбіт күнге бастайтын биіміз де бар. Елбасы Н.Назарбаев жаһандану, жаңғыру жолында түрлі игі бастамаларды көтеріп, үкімет оны қолдаудан жалыққан емес. Осының бәрі тәуелсіздігіміздің тұғырын бекітіп, көк туымызды ашық аспан астында желбіретуде.
Расында, тәуелсіздіктің көк байрағы желбірегеніне биыл 26 жыл. Еліміз қалай болғанда да сан ғасырлық қиын-қыстау жолдан, тар жол тайғақ кешуден өтіп, тәуелсіз елдер қауымдастығына қосылды. Азаттық қазақтың ежелгі арманы еді. Түлкі бұлаң тарихтың қаншама бұрылысында тәуелсіздік үшін талай тарланның тақымындағы тер кеппеді. Ұлт-азаттық көтерілістер, Ұлы Отан соғысы мен Желтоқсан оқиғасы, қатал сыннан өткен жандардың жан қиярлық ерліктері тарих қойнауында сақталып қала береді. Желтоқсанның ызғырығында солақай саясаттың салқынымен күрескен қайран «желтоқсан құрбандары». Сол бір желтоқсан «гүлді солдырып, нұрды оңдырып, көңілде мұңды із қалдырып» қана қойған жоқ, «Тәуелсіздік» атты тәу етер киемізді сыйлады. Шыбын жанын шүберекке түйіп, қасықтай қанын төккен қазақтың қайсар қырандары бүгінде көк аcпанда, алтын шуақты күн астында, қанаттарын кеңінен жайып, елінің азаттығын күзетіп жүргендей. «Тар қолтықтан оқ тисе, тартып алар қарындас» - деп қыздарға сеніммен арқа сүйеген де, шашын төбесіне түйіп, мұздан жастық жастанып, қайтпас қажырлықпен күрескен Әлия, Мәншүк, Ләззат, Сабира сынды апаларымыз да халық жадында сақтаулы. Ұлым құл, қызым күң болмасын деп күресіп, жерінің шетін жауға бастырмаған, досқа адал, дұшпанға қатал «қазақ» деген текті елдің ұрпағы болғанымызға «тәубә» деймін. Себебі: «Біз қазақ айбаттансақ арыстанды алқымынан алып, алаша қылып басқан елміз, қайраттансақ қасқырды құйрығынан алып қазық қылып қаққан елміз!» Осындай өр рухты елдің сағын ешкім де сындыра алмасы хақ. Қолда бар алтынның қадірін біліп тәуелсіздіктің тұғырын биіктету бүгінгі күннің мақсаты.
Өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанғанда, осы дүние есігін ашқан күнәсіз пенде ол – Азаттық. Ағы мен қарасы, жақсы мен жаманы, жасығы мен жасампазы егіз ұғым болған жаңа ғасырда сап алтындай баға жетпес байлығымыз ұлт құндылығын берік сақтауымыз керек. Тәуелсіздіктің тал бесігінде тербеліп, егеменді елдің айбынды ұрпағы атану, осы күнге дейінгі төгілген қан мен тердің жемісі. Белгілі ұлама У.Годвин: «Барлық игіліктерден ең ұлы – тәуелсіздік» ‒десе, елбасы Н.Назарбаев: «Біз тәуеліздікті ақылмен, ата-баба жолымен алдық деп ойлаймын» ‒ дейді. Демек, тәуелсіздік – ұлттық тілдің, дәстүрдің, салт-сананың мызғымас тірегі, күші, алтын діңгегі, халықтың бақ жұлдызы. Тәуелсіздік – арман! Біздің сол арманымыз орындалды. Мұстафа Ататүрік айтқандай «шынжырларды балқытып, тәжбен тақты күйрететін күшті нұр-ұлттық егемендігімізге қолымыз жетті».
Тәуелсіздікке жету жолында әттеген-айлар неден, неліктен кетті, олқылықтың орнын қалайша оңтайлы толтыруға болады, қателіктер қайталанбас үшін қандай шараларды қарастырған жөн? Мерейлі мерекені тойлап қана қоймай, осы секілді сан сұрақтардың жауабын ойлап алуға тиіспіз. Бұлай ету бүгінге, ертеңге керек. Одан әрі әлемнің дамыған елдерінің қатарынан көрініп, асыл мұраттарға жетуіміз үшін керек. Бір қаламның ұшымен жазылып, барша қауымның жүрегіне орнаған, бір ауыздан айтылып, кең өлкемді шарлаған осынау бір ыстық сөз, бар уақытта да қан тамырымыздың лүпіліндей естіліп тұра берсін. Тәуелсіздік – тәуекелі жеткендердің ғана пешенесіне бұйыратын бақыт. Біз үйренетін ұлттан, үйрететін ұлтқа, жығуға емес, жығылмауға ұмтылатын елге айналдық. «Өткенімізді ұмытсақ, болашақ бізді кешірмейді» деген ұлы даналық сөз бар. Өткенімізді өшірмей, болашаққа дұрыс бағдар қоя білейік. Бұғау біткенге сымай, шідер біткенді шірей тартып, тәуелсіз ел дербестігіне қол жеткізген күнді ұмтпайық!
Гүлнәр Дүйсебаева.