парасатты президент
1 желтоқсан күні еліміз үшін елеулі оқиға. Себебі, тәуелсіз Қазақстанның іргетасы қаланып, шекарасы шегеленген, болашаққа бағыт-бағдар берген күн. Қазақстан Республикасының алғаш Президенті ретінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сайланды. Бұл Қазақстанның жаңа өмірге басқан үлкен қадамы еді. Ал оның елбасшысы құрметті тұлға. Осы күнге жетіп отырғанымыздың өзі елбасымыздың арқасы.
Қазақстанның жеткен толағай табыстары, бүкіл дүниежүзін таңдай қақтырған жеңістерінің барлығы Елбасының кемеңгерлігінің арқасы деп білемін. Сол желтоқсанның ызғарлы күндерінде өткен сайлауға, халықтың ықыласы өте жоғары болды. Елбасы Н.Назарбаевтың жеңіске жетуі барша халықты шаттыққа бөледі. Содан бергі кезеңде еліміз тек алға басып, өркениеттің қандай саласы болсын бүгінде сан ғасырлық тарихы бар іргелі елдермен иық тірестіріп келеді. Тәуелсіздік алған жылдары мемлекетіміз ынтымақтың, татулық пен жасампаз еңбектің тамаша үлгісін танытып, биік асуларды бағындыруының басында әркез Елбасының тұрғанына куәміз.
Бұл мереке барлық қазақстандықтар Елбасымен бірегей екендіктерін білдіріп, халықтық сипат алуы тиіс. Осы мейрам көпұлтты қазақ елінің бірлігін одан сайын бекемдей түседі. Біздің күшіміз бірлікте. Сондықтан, Елбасының ел үшін жасап жатқан бастамаларын барлығымыз бірге іске асыруымыз қажет.
Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың еліне сіңірген елеулі еңбегі бүкіл Қазақстан халқының оған артқан зор сенімін ақтай білді. Сол себепті де халық тұңғыш президентінің өзі мен ісін ауыздан тастамай, онымен бірге жеткен жетістіктерді саралап, Елбасының елге, оның дамуына сіңірген зор еңбегін бағалап, ұлт көшбасшысы атанған тұлғаны келешек ұрпақтың да құрметтеп, ардақтап жүруіне сеп боларық осындай Елбасы күнін мерекелеуді қалайды. Тұңғыш Президент күнін атап өту мен үшін қуаныш, зор мәртебе.
Барша қазақ елін Тұңғыш Президент күнінде айтарым, біздің ортақ үйіміз Қазақстанға бейбітшілік, ырыс-береке мен жарқын болашақ тілеймін.
М.Күздеубаев,
аудандық соттың төрағасы.