Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Орденді ағаның орны бөлек еді

Орденді ағаның орны бөлек еді

Олай дейтініміз, бабаларымыз, ағаларымыз біздің еншімізге еңбекқорлықтың, Отан сүюдің тамаша бір үлгілерін үкілеп тас­тап кетті. Олар бүгінгі ғана емес, ертеңгі өмірімізге де керек үлгі. Осыған сәйкес азаттығымыз бен тәуелсіздігімізді нығайту жолында сол ағаларымыз секілді аянбай тер төгіп еңбек ету жолында бар мүмкіндігімізді сарқа пайдалануымыз керек.
Пірман Аманбаев 1904 жылы болат жол бойындағы 23 темір жол бекетінде өмірге келеді. Ерсілі-қарсылы өтіп жатқан құрама поездардың әуенімен өскен жас Пірман әкеден ерте айырылып анасына көмек беріп, інісін әдімұлыққа жеткізу үшін небәрі 16 жасында теміржолға жұмысқа кіреді. Домбыраның қос шегіндей тартылған болат жол бойында еңбек еткен ол шыңдалып жолшылардың бригадиріне дейін көтеріледі. Теміржол бойында тәжірибе жинақтап үлгерген Пірекең 1935 жылы аға бригадир атанып, содан 1939 жылы жол шеберіне дейін жоғарылатылады. Жолшы қызметі аса жауапты. Олар жүк және жолаушы тасымалының қауіпсіздігін жіті қадағалайды, ақаулар кездессе тез арада жөнге келтіреді, әрбір болтқа дейін жауап береді. Қажет болған тұста қай мезгілдің де қиындығына және төтеп береді, күндіз-түн екеніне де қарамайды.
Жұмыс өте ауыр әрі жауапкершілігі де орасан зор. Бұл жұмыстың жауаптылығын жақсы білетін үкімет те көбіне-көп теміржолшыларды бронмен тылда алып қалады. П.Аманбаев та 1942 жылы Тартоғай стансасы бойында жемісті еңбек етіп, үздік еңбектері үшін марапатталып, абыройға бөленеді.
Отан соғысы аяқталып, 1947 жылы П.Аманбаев жоғарғы кеңес президиумы жарлығымен «1941-1943 жылдары Отан соғысы кезіндегі ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталса, 1951 жылы жоғарғы кеңестің жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалін омырауға қадайды. Мұнан соң 1952 жылы жоғарғы кеңестің Құрмет грамотасымен марапатталады. Өзім де кезінде теміржолшы болғандықтан білетінім, біздің Шиелідегі теміржолшылардың бірде-бірі «Ленин» орденімен марапатталмаған болатын. Бұл орден әркімге беріле бермейтін. Ал, Пірман ағамыз 1953 жылы осы «Ленин» орденімен марапатталған алғашқы болат жол майталманы еді. Пірман ағамыз 1931 жылы Зағипа Әбдіраманқызымен шаңырақ көтеріп, екеуі он баланы дүниеге әкеліп, жұбайы Батыр ана медалін омырауына тағады. Ұл-қыздарының бәрі өнегелі, тәрбиелі болып өсіп, әрқайсысы ел игілігі үшін еселі еңбек етіп келеді. Бір баласы Мейрамбек Аманбаевты еске алсақ Шиеліде әуез мектебінің директоры қызметін абыроймен атқарған. Пірекең өз әулетінің жағдайын да жасап кеткен жан. Олардың ұл-қыздары Айткүл, Айтбек, Айтжан, Мейрамбек, Әуелбек, Маржан, Айгүл, Мәрия, Әлия, Нұржамалды аудан жұртшылығы жақсы біледі, құрметтейді. Ардагер, ақылшы-ұстаз Пірман ақсақалдың үйі болат жолдың бойында болатын. Ол бізге, теміржолшыларға ақыл-кеңестерін үнемі беріп жүретін, табыс тілейтін. Ол 1990 жылы 86 жасында дүниеден озды. Ағамыз тірі болғанда биыл 100 жасқа толар еді. Орденді ағаның орны бөлек еді. Енді бүгін соңында қалған ұрпақтары ақсақалдың 100 жылдығына орай ас беріп, құраннан дұға бағыштады, қабыл болсын дейміз.

Алтай АЙЫП.
23 қараша 2017 ж. 1 523 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№79 (9243)

07 қазан 2024 ж.

№78 (9242)

01 қазан 2024 ж.

№77 (9241)

28 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031