Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сiз Байсын Көлдейұлын бiлесiз бе?

Сiз Байсын Көлдейұлын бiлесiз бе?

Өзіміздің Сыр бойы туралы әңгіме айтар болсақ, осы өңірдің ерлері,еңбегі сіңген адамдары жетерлік.Кезінде Шәкәрім қажы Сыр өңіріндегі сапарында жеке бір рудың атын айтпай қазақтың, жалпы алты алаштың асыл мекені – Сыр бойы деп атаған екен.
Осы қасиетті өлкенің суын ішіп, ауа­сын жұтып, елі үшін еңбек еткен жандардың бірі – Байсын Көлдейұлы. Ол жұртшылықтың отырықшы елге айналып, тұрғындар үшін мәңгі қызмет ететіндей іс атқарып, аймақты суландырып, берекелі де, ырысты жерге айналдырудағы еңбегінің арқасында елдің есінде қалды. Сусаған жерді,танабы қураған өңірді жасыл айлаққа айналдыруға атсалысқан Байсын қаздырған 12 арық адамның қан тамырындай бүкіл өлкеге өмір сыйлады. Байсын атамыздың бұдан басқа да еңбектері бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге. Бүгінгі кейіпкерімізді ірі магистральды каналдардың ең алғашқы мұрабы десек те болады.
Байсын бабамыз бірнеше тілді білді. Білімі жетік кісі болды. Көзі тірісінде еліне сыйлы азамат атанды. Ол, орыс генералы Черняевтың тілмашы бола жүріп өзінің білімділігінің арқасында Ташкент бегі болып жұмыс жасайды. Алайда елінің мұң-мұқтажын, халқының жоғын жоқтауды мақсат етіп, басын құрауды және отырықшылыққа үндеп, туған жері Шиеліге қайтып оралады. Көлдейұлының еңбегі еленбей қалған жоқ. «Орта Азия мұрабы» деген күміс медалімен де марапатталған. Кейіпкеріміздің үлкен ерлігінің бірі кезінде түрлі саясатпен Скоблев аталып кеткен ауданымызды 1919 жылдың 19 мамырында әуелгі аты Шиелі атауын қайта алып беруге атсалысты.
Олай дейтініміз, «Шиелінің атын да қойған Байсын» дегенді жиі еститінбіз. Шиелі вокзалы 1904 жылы салынған. Ол кездегі ресми құжаттарда Шиелінің Скоблев станциясы атанғаны белгілі. Бірақ жергілікті халық оны әуел бастан Шиелі деп атаған. Шиелі өзінің ұлттық атауын өзге қалалар секілді Октябрь революциясынан кейін алғаны аян. Теміржол бойына шағын ғимараттар салына бастаған тұста (деректерге сүйенсек, қазіргі Бидайкөл ауылының маңы) су жағасында өсіп тұрған бір шоқ қызыл шиеге көзі түсіп: «Келешекте жемісті, миуалы жер болсын. Бұл қонысты Шиелі атайық!» десе керек. Шынында дуалы аузының айтқаны келіп, 1938 жылы жеке аудан орталығына айналған Шиелі топырағының атақ-даңқы қазір талай қиырларға кетті емес пе?» – деп «Өскен өңір» газетінің 1983 жылғы №125 санында «Байсын кім болған?» тақырыбымен жазушы Оразбек Сәрсенбаев қалам түрткен еді.
Білмеймін топырағы киелі ме,
Білмеймін жапырағы киелі ме?
Береке, ырыс болып өнеді екен,
Түйір дән түсіп қалған Шиеліге, – деп ақындар жырлағандай ынтымағы мен берекесі тасыған ауданымыздың бір ауылы осы кісінің атымен аталып келеді.

Ерұлан ДАТКЕН.
21 қараша 2017 ж. 2 162 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930