Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕҢБЕГІМЕН ЕЛЕНГЕН АГРОНОМ

ЕҢБЕГІМЕН ЕЛЕНГЕН АГРОНОМ

Қай кезде болмасын ауылшаруашылығы саласы қызметкерлерінің еңбегі ескерусіз қалмаған. Тіршіліктің тамыры еңбекте екенін ұққан халқымыз ертеден еңбек адамдарын ерекше бағалайды. Егінге екпін берген біздің ауданымызда да үлгі етер еңбек адамдары жетерлік. Солардың бірі «Ақмая» шаруа қожалығының бас агрономы – Сәрсенбай Көбеген.Оның ауыл шаруашылығы саласында талмай еңбек етіп келе жатқанына 45 жылға жуық уақыт болды. 1957 жылы Ақмая ауылында дүние есігін ашқан С.Құрманбекұлы, алғашқы еңбек жолын осы шаруашылықта жұмысшы болып бастайды. Кейіннен Отан алдындағы борышын абыроймен өтеп келген соң Шымкент облысындағы гидромилиоротивтік техникумын, Қызылорда қаласындағы Ы.Жақаев атындағы агроөнеркәсіп инженерлік институтын инженер-гидротехник мамандығы бойынша аяқтайды.
Одан соң ауылға келіп, шаруашылықта гидротехник, есепші, агроном, бөлім басшысы, өндіріс бригадирі, халықтық бақылау комитетінің төрағасы, ауыл әкімі, шаруаршылық директорының орынбасары қызметтерін абыроймен атқарған.
Саналы ғұмырын егін даласына арнаған жан бүгінде Жер ананың қыры мен сырын әбден меңгерген озық агрономдардың бірі. Оны «Ақмая» шаруа қожалығының жыл сайын алғашқы орыннан түспей келе жатқанынан-ақ байқауға болады. Өз ісіне деген жауапкершілігінен де болар Сәрсенбай ағаны ауыл халқы түгел сыйлайды.
Ол мұндай жетістікке оп-оңай жеткен жоқ. Шаруашылықтың тоқыраған сәттері мен жомарт жердің өнімді ойдағыдай бермей қойған кездерінде еш мойымады. Керісінше, одан әрі жан-жақты ізденіспен талмай еңбек ете білді.
– «Ақмая» шаруа қожалығының әрбір қадамы менің көз алдымда. Әр жылғы еккен дақыл мен жиналған өнім де есімде. Бір кездері шаруашылықтың жұмысы өркендеп өріс алса, тоқырап құрдымға кете жаздаған сәттері де болған. Қазір шүкір, көптеген мемлекеттік бағдарламалар мен қолдаудың нәтижесінде қайта қалпына келді. Шаруашылықтың жұмысы жанданды. Еңбеккерлер де уақытылы, мардымды жалақыларына риза. Соған қарай ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайы жақсара түсті. Болашақта бұдан да зор жетістіктерге жететін боламыз, – дейді агроном.
Иә, бүгінде шаруашылықтың жағдайы шарықтап тұр. Соңғы үлгідегі техника, іскер азаматтар, еккен егін мен жиналған өнім де ойдағыдай. Қазір шаруашылық жанындағы ферманың да жұмысы жүйеленіп келеді. Ауыл халқы жұмыс іздеп шетке кетпей, өз ауылына еңбек етіп, уақытылы жалақысын алып жүргеніне дән риза. Бұдан асқан қандай жетістік болсын.
Жер құнарлығын сақтау, ауыспалы егіс көлемін реттеп, мол өнім алу жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан Сәрсенбай Көбеген ҚР кәсіподақ федерациясының ІІ дәрежелі Еңбек Даңқы белгісімен, «Тәуелсіздікке 20 жыл» мерекелік медалімен, ауыл шаруашылығы министрлігінің «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталған.
Еселі еңбегінің жемісіндей биыл «Алтын күз-2017» мерекесі аясында «Үздік агроном» атағы берілді. Ол тек іскер азамат қана емес, 2 ұл, 2 қыз, 9 немере сүйіп, алпыстың асқарына шыққан әулетінің ақылшысы. Бүгінде балаларының үшеуі мемлекеттік қызметкер болса, бір ұлы өзінің ізін жалғап, ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп келеді. Бар ғұмырын егін даласына арнаған еңбек адамының өнегелі өмір жолы кейінгілерге үлгі болып қала бермек.

Г.СӘБИТҚЫЗЫ.
16 қараша 2017 ж. 2 896 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№97 (9261)

06 желтоқсан 2024 ж.

№96 (9260)

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (9259)

01 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031