Тәуелсіздік тәу етер тұмарым
Тәуелсіздік – бабалар аңсауы, ұрпақтың қолы жеткен киелі кезең. Тәуелсіздік – таңбасы таста, қаны қара жердің тамырында жатқан құдіретті сөз. Еліміз тәуелсіздіктің бесігінде тербелгелі 26 жыл. Жиырма алты жыл ішінде Қазақстан етек-жеңін жиып, шекарасын бекітіп, өз алдына дербес зайырлы ел болды. Бұл атадан келе жатқан ұлы жеңістің жемісі. Өткен бейсенбіде Бұдабай Қабылұлы атындағы аудандық мәдениет үйінде «Тәуелсіздік тәу етер тұмарым» атты салтанатты кеш өтті. Аталмыш шарада аудан әкімі Ә.Оразбекұлы барша халықты айтулы мерекесімен құттықтады.
1991 жылы 16 желтоқсанда егемендігін алған еліміздің өз президенті, ұлты мен ұлысы, салты мен дәстүрі, мәдениеті мен экономикасы бар. Жиылған көрермен сол тәуелсіз елдің бейнесін бейнеролик арқылы тамашалап, тарихқа шолу жасады. Арысы қазақ хандығынан бастап, берісі егеменді елдің іргесіне дейінгі көшті атадан балаға жалғаған, ұрпаққа мирас ұлы күн Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні қарсаңында өткен мерекелік шарада ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан аудан азаматтары республика, облыс, аудан әкімінің марапаттарына ие болды.
Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Жаныңда жүр жақсы адам» деген сөзінің байыбына бара бермейміз. Шын мәнінде, Тәуелсіздік дәуірінде өзінің еңбегімен, білімімен, өнерімен озып шыққан қаншама замандастарымыз бар. Олардың жүріп өткен жолдары – кез келген статистикадан артық көрсеткіш» - деген болатын. Расында, білімнің салтанат құруына үлес қосып жүрген жерлесіміз, Досмұхамед Кішібеков, Асқар Жұмаділдаев, Ағайдар Ысымұлы сынды тұлғаларды Елбасы айтқан жандардың қатарына қосуға болады. Солардың бірі туған жерге тағзым етіп, киелі Шиелі халқымен жүздескен дала академигі Асқар Жұмаділдаевтың дара бейнесін елі, жері қуана қарсы алды. Кеш соңында аудан өнерпаздары өнерлерін ортаға салды.
Гүлнәр Әбдіханиқызы