Айбары асқақ азат ел
Мыңжылдықтар тоғысында тәуелсіздік таңы атты. Ұлы көш басталды. Бұл – жаңа белеске, жаңа кезеңге өту көші. Бүгінгі Қазақ елі – абыройы асып, мерейі үстем болған, бүкіл әлем көз тігіп отырған жас мемлекет. Дербес ел болғалы 28 жыл болды. Осы уақыт ішінде біз талай белестерді бағындырып, талай асуларды өткердік.
Жас Қазақстан дүниежүзілік аренада өз орнын тапты. Тәуелсіздіктен артық, одан қымбат, одан киелі ұғым жоқ! Осы тәу етер жалғыз киемізге дақ түсірмей, қадірлеп өту – әр қазақстандықтың парызы. Әрісі кең жазиралы ұлан ғайыр атыраптағы қазақтың басын біріктіріп, азат ел болуды көздеген Абылай, Қазақ хандығын құрған Кенесары мен Жәнібектер, берісі алаш зиялылары, кешегі Желтоқсан құрбандары ел тәуелсіздігін алуда небір азап, озбырлықтарға төзіп, жандарын пида қылуға барды. Ата-бабаларымыз елді, жерді қорғау үшін қасық қаны қалғанша күресіп, сан мәрте бас көтерді. Мұның бәрі халқымыздың еңсесін басып тұрған бодандықтан арылу жолындағы күрестер еді. Оның ішінде халқымыз Ресей отаршылығына қарсы үш жүзден астам ұлт-азаттық көтерілістерін жасаған екен. «Арайлап атқан таңды ардақтап қарсы алып, Тәуелсіздікті халқымызға тәж етіп қондырсам» деген арман-тілек туғызған осындай бас көтерулер еліміз үшін нәтижелі болды. Сан ғасырлар бойы аттың үстінде азаттық үшін шайқасып, ширек ғасырдан астам уақыт Ресей боданы болған ұлтымыздың ұлттық санасының жаңғыруы, егемендікке деген ұмтылысы орынды еді.
1991 жыл. 16 желтоқсан. Қазақстан Республикасы өзінің дербес Тәуелсіздігін жариялаған күн. Тәуелсіздік – қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі. Елбасы Н.Назарбаев: «Қазақстанның тәуелсіздігі қазақтарға тартқан тағдырдың сыйы емес, өзінің ежелгі жерінде қилы кезеңді бастап кешу арқылы қол жеткен өз мемлекеттілігін құруға деген заңды құқығы, бұл даусыз және саяси фактіге ешкім күмән келтірмеуі тиіс» – деп атап көрсетуі егемендіктің бізге бұйыруы заңды екенін айғақтай түсті десекте болғандай. Енді міне, үшінші онжылдықты да еншілеп келеміз. Бүгінгі таңда тәуелсіз қазақ елі дамыған 30 елдің қатарына енуді мақсат етті. Болашаққа бағдар жасап, рухани құндылықтарын қайта жаңғыртты.
Жұма күні аудандық мәдениет үйінде тәуелсіздік мерекесіне орай «Тәуелсіз Отан – жүрегің, рухты халқың – тірегің» атты мерекелік кеш өтті. Шараны аудан әкімі Әшім Оразбекұлы ашып, «Ынтымағы ырысты, пейілі дархан, Қазақ елі тәуелсіздіктің қадір-қасиетін ерекше ұғынған халық. Өршіл намысты, биік рухты ата-бабаларымыздың асыл мұраты да осы еркіндік пен азаттығымызды аялау, халықтың тұтастығын сақтау болған. Сондықтан Елбасымыз айтқандай, «Бостандықты бағалаудан, азаттықты ардақтаудан, тәуелсіздікке тәу етуден артық ешбір бақыт жоқ» екендігі аян. Алдағы уақытта да ауқымды шараларды бірлесе атқарып, жүзеге асырамыз деген сенімдемін», – деп жалпы қауымға берекелі тірлік пен мызғымас бірлік тіледі. Одан әрі түрлі салада тынымсыз жұмыс істеп, тәуелсіз елдің өсіп-өркендеуіне, ауданның көркеюіне үлес қосқан қызметкерлерді марапаттау рәсімі орын алды. Ауданның үздіктері ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың «Алғыс хаты», ҚР Парламенті Сенатының «Құрмет грамотасы», «Үлгілі ауыл» облыстық байқаудың жеңімпазы, ҚР Білім және ғылым министрлігінің, ҚР Мәлениет және спорт министрлігінің «Құрмет» грамотасы, облыстық білім басқармасының «Құрмет» грамотасын иеленді. Сондай-ақ аудан әкімінің «Құрмет» грамотасы, облыстық Әділет департаментінің «Алғыс хаты» табысталып, ауылшаруашылығы саласының үздіктері де марапат төрінен көрінді. Ал, «Еңбек ардагері» төсбелгісін А.Сәрсенбаев, «Nur Otan» партиясының төсбелгісін М.Қазыбай, «Әлеуметтік еңбек саласының үздігі» төсбелгісін А.Арыстанова және түрлі жетістіктері бойынша А.Төлеген мен Қ.Мақсымхан кеудесіне тақты. Мерекелік кештің көркін кіргізіп, аудан өнерпаздары әсем әнмен шашу шашты.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ