ҚАМБАҒА ҚҰЙЫЛҒАН БЕРЕКЕ
Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының күретамыры ғана емес, ауылдың әлеуметтік ахуалы мен халықтың әл-ауқатын айқындайтын стратегиялық сала. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өз сөзінде азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін шешу қажеттігіне үнемі назар аударып, бүкіл әлемде азық-түлік бағасының өсуі аясында Қазақстан өзінің ауыл шаруашылығын дамытуға тиіс екенін атап өтті. Нәтижесінде, Президент тапсырмасына сәйкес әр өңірлерде іске асатын инвестициялық жобаларға қолдау көрсетіліп, елдегі ішкі өнімді дамытудың тың жобалары жүзеге асуда. Бұл ауыл шаруашылығы саласын басқаруды жетілдіру, ауылды жерлерде кәсіпкерлікті дамыту, бәсекеге қабілетті өнімдерді экспортқа шығару, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, еңбек өнімділігін арттыруда таптырмас мүмкіндікке айналды.Қоңыр күз айы береке мен мерекенің мезгілі десек, тіршілігі егін шаруашылығымен біте қайнасып жатқан шиелілік диқандар егін ору маусымына білек сыбана кірісіп кеткен. Қызу тіршілік үстінде. «Еңбек – бәрін жеңбек» деген қазақтың тәмсілді сөзін ту еткен шаруалар қамбаны алтын дәнге толтырып, өнімді шашпай-төкпей ысырапсыз жинап алу жолында күн-түн демей, бел жазбай еңбектенуде. Көңілдерін алажаздай еткен бейнеттің, тәтті дәмін татар сәттің де күн санап жақындап келе жатқаны қуантады.
Биыл Шиелі ауданында 32 мың 499 гектар жерге түрлі дақыл егілді. Оның ішінде дәндi дақылдар 4 327 гектар, мал шаруашылығын жем-шөппен қамтамасыз ету мақсатында 10 392 гектар жерге мал азықтық дақылдар егілді. Сондай-ақ халықтың күнделікті тұрмысына қажетті өнімдер – картоп, көкөніс және бақша дақылдары – 5030 гектарға егіліп, аудан тұрғындарының сұранысын өтеуге бағытталды. Ал майлы дақылдар – 1 150 гектарға себілді. Ал Сыр өңірінің брендіне айналған күріштің көлемі – 11 600 гектар. Бұл көрсеткіш ауданның аграрлық әлеуетінің жоғары екендігін айқындайды. Сонымен бірге әртараптандыру жұмысына да баса мән беріліп, өткен жылмен салыстырғанда бірқатар дақылдың көлемі артты. Анығында, бидай 1962 гектарға, дән жүгеріні 2145 гектарға, сүрлемдік жүгері 69,4 гектарға, мал жемдік асқабақты 154 гектарға көбейді. Бұл бағыт – ауыл шаруашылығының болашағын қамтамасыз ететін стратегиялық шешім.
Шиеліде ауыл шаруашылығы дақылдарының пісіп-жетілуіне байланысты егін жинау науқаны қарқынды жүргізілуде. Ауыл шаруашылығы және жер қатынастар бөлімінің берген мәліментінше бүгінде 1661 гектар күздік бидай толық жиналып, орта өнімділігі гектарына 10 центнерді құрап, жалпы 1661 тонна бидай жиналған. Сонымен қатар 300 гектар жаздық бидайда жиналып, орташа өнімділігі гектарына 10 центнерді құрап нәтижесінде 300 тонна астық қамбаға түскен. Сондай-ақ 15 гектар арпа дақылы толық жиналып, орташа өнімділігі әр гектарына 10 центнерді құрап, жалпы 15 тоннағ 900 гектар мақсары да толық жиналып 495 тонна өнім өндірілген.
Егін жинау науқанының қатарында мал шаруашылығы үшін тағы бір аса маңызды міндет – қысқы мал азығын дайындау. Шаруашылық құрылымдары тарапынан қысқы мал азығы қорын толық көлемде қалыптастыру мақсатында шөп шабу және мал азығын жинау жұмыстары ұйымдастырылып келеді. Қазіргі таңда 63 757 тонна шөп жиналып, жинау жұмыстары жалғасуда.
Ал негізгі дәнді дақыл күріштің 5442 гектары орылып, оның 4174 гектары бастырылып, жалпы 17 531 тонна алтын астық қамбаға құйылған.
Енді диқандардың алдында жаз бойы күткен еңбектің нәтижесін ысырапсыз жинап алу міндеті тұр. Өйткені егіннің тағдыры тек алқаптағы өнімділікпен өлшенбейді. Оны уақытында жинау, тасымалдау, сақтау және тиімді өткізу де маңызды. Бұл ретте, ауданның инфрақұрылым әлеуеті бұған толық жетеді деп сенеміз.
М.Ибрагим






