Аграрлық сала өркендемей, экономика өрлемейді
Еліміздің экономикалық әлеуетін көтеретін негізгі күретамыр – ауыл шаруашылығы. Асыраушы саланың егіншілік, жеміс-жидек, көкөніс, төрт түлікті түлету, тағы басқа да толып жатқан бағыттары бар. Мемлекет басшысы Қ. Ж.Тоқаев өз сөзінде азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін шешу қажеттігіне үнемі назар аударып, бүкіл әлемде азық-түлік бағасының өсуі аясында Қазақстан өзінің Ауыл шаруашылығын дамытуға тиіс екенін атап өтті. Нәтижесінде, Президент пәрменіне сәйкес әр өңірлерде іске асатын инвестициялық жобаларға қолдау көрсетіліп, елдегі ішкі өнімді дамытудың тың жобалары жүзеге асуда.Бұл ретте, Шиелі ауданында саланың дамуына көңіл бөлініп, ауыл тұрғындарының әлеуметтік саласы қоса дамып, өмір сүруіне қолайлы жағдай жасалуда. Ауданда мал басы жылдан-жылға артып келеді. Бұл тұрғындардың әлеуеті де өскендігін байқатса керек.
Елдің еңбекпен көркейетінін ескерсек, еңбек адамының қоғамда қашанда орны ерекше, абыройы биік. Халық еңбекке бейім болса, ел ырысқа кенеліп, өзгелермен терезесі теңеліп, бақуатты, бәсекеге қабілетті мемлекет болып нығая түсері анық. Осынау еңбеккерлердің арқасында ауыл шаруашылығы қарқынды дамып, айтулы нәтижеге қол жеткізіп келеді.
ӨСІМ МЕН ӨНІМ
«Егінді өсіре білу – алғашқы асу ғана, ал ысырапсыз жинап алу – мәре». Дала академигі Ыбырай Жақаевтың аталы сөзін өмірлік қағидаға айналдырған шиелілік диқандар жылда егінді шашпай-төкпей жинап алып, қамбаны қызылға толтыруға дағдыланған.
«Егінді өсіре білу – алғашқы асу ғана, ал ысырапсыз жинап алу – мәре». Дала академигі Ыбырай Жақаевтың аталы сөзін өмірлік қағидаға айналдырған шиелілік диқандар жылда егінді шашпай-төкпей жинап алып, қамбаны қызылға толтыруға дағдыланған.
Астықты өңірдің санатындағы ауданда биыл 30 192 гектар жерге егін егілді. Тарқатып айтар болсақ, күздік бидай 1197, жаздық бидай 694, тары 240, дән жүгері 862,5, мақсары 1044, күнбағыс 35,5, соя 78, жаңа жоңышқа 2661, ескі жоңышқа 5409, мал жемдік асқабақ 197, жемдік жүгері 80 гектар жерге орналастырылып, сәйкесінше мол өнім алынған. Сондай-ақ, биылғы жылы әртараптандыру дақылдарына аса мән беріліп, былтырғы жылмен салыстырғанда бидай 405 гектарға, жүгері 227 гектарға, майлы дақылдар 212 гектарға және көкөніс, бақша дақылдары 509,4 гектарға ұлғайған.
Биыл аудандағы негізгі дақыл күріштің үлесі 12 301 гектарды құрады. Шиелінің күріші ішкі нарықты қамтып ғана қоймай ақпан айынан бастап Қырғызтан Республикасына осы кезге дейін 352 тонна ақ күрішті экспорттады. Алдағы уақытта да алыс-жақын шетелдерге де экспортталмақ.
Сонымен қатар биыл әртараптандыру дақылдарына аса мән беріліп, өткен жылмен салыстырғанда бидай 405 гектарға, жүгері 227 гектарға, майлы дақылдар 212 гектарға және көкөніс, бақша дақылдары 509,4 гектарға ұлғайған.
Жыл басынан бері су тапшылығының алдын-алу мақсатында ерте көктемде 9500 гектар жер лазерлік тегістеуден өтті. Диқандардың сөзінше, бұл технологияны пайдалану арқылы су тапшылығына төтеп беріп, суды үнемдеп пайдалануға тиімді жағдай жасалынады. Сондай-ақ 2100 гектар жер тамшылатып суғару әдісімен егілген. Оның ішінде, 700 гектары «Таң ЛТД» ЖШС-гінің дән жүгері дақылы, 1400 гектары әр ауылдық округтер бойынша шаруашылық жерлеріне үлескерлер мен жеке тұрғындар есебінен егілген көкөніс, бақша дақылдары бар.
Аудандық ауыл шаруашылық бөлімінің мәліметіне сүйенсек, 1 желтоқсандағы статистика бойынша биыл 52 503,5 млн теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 103,6%-ға артқан. Ал ауыл шаруашылығының негізгі қорына 11айда 1619873 мың тенге салынған инвестиция 84,3 %-ға артып, тамақ өнімдерін өндірудегі негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 647 942 мың теңгені құраған.
Мейіржан ИБРАГИМ







