Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «Еңбек түбі – береке»: Танымдық сабақ өтті

«Еңбек түбі – береке»: Танымдық сабақ өтті

Елдің еңбекпен көркейетінін ескерсек, еңбек адамының қоғамда қашанда орны ерекше, абыройы биік. Халық еңбекке бейім болса, ел ырысқа кенеліп, өзгелермен терезесі теңеліп, бақуатты, бәсекеге қабілетті мемлекет болып нығаяды. Сондықтан айрықша маңызға ие еңбек құндылықтарын оқушыларға мектеп қабырғасынан құнттаудың маңызы жоғары. Бұл бір жағынан еңбекқор азаматтардың беделін көтеріп, өскелең ұрпақты өнімді еңбек етуге ынталандыру екені сөзсіз.

Осы мақсатта апта басында кенттегі №244 Ыбырай Жақаев атындағы орта мектебінде «Еңбек түбі – береке» тақырыбында танымдық сабақ өтті. 

Мектептің 4-сынып оқушылары және олардың аталарының қатысуымен өткен жиынның мақсаты – оқушыларға тек еңбек арқылы барлық жетістікке жетуге болатындығын түсіндіру, адам еңбегін бағалай білуге, еңбек адамдарын сыйлай білуге тәрбиелеу. Сыр-сұхбат түрінде сынып жетекшілері ұйымдастырған сабақты мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Арман Нұртаев ашып берді. Әрмен қарай оқушылар еңбек тақырыбында жыр шумақтарын оқып, әннен шашу шашты, мақал-мәтелдермен таным көкжиегін кеңейтті. Сондай-ақ атасы мен немересінің еңбек тақырыбындағы іс-әрекеті сахналанды.

Ал немерелерінің өнерін тамашалаған аталар өздерінің жеткен жетістіктері бала күннен еткен адал еңбектің нәтижесі екенін, тек еңбек арқылы ғана мақсатқа жетуге болатынын әңгімелеп, баталарын берді. Қойған сұрақтарына кеңінен жауап берген ақсақалдардың ақ батасына көңілі тоқ балдырғандар рақметін айтып тарады.
22 мамыр 2023 ж. 631 0