Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖЕҢІС КҮНІ ҚАРСАҢЫНДАҒЫ ЖОСПАРЛЫ КӨРМЕ

ЖЕҢІС КҮНІ ҚАРСАҢЫНДАҒЫ ЖОСПАРЛЫ КӨРМЕ

Жуырда «Қызылорда облысының мемлекеттік архиві» КММ-нің Шиелі аудандық филиалы қызметкерлері №47 М.В.Ломоносов атындағы орта мектебінің жоғарғы сынып оқушыларына жоспарлы көрме өткізді. Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты №1 қалалық кітапхана қызметкерлерімен бірлесіп ұйымдастырылған шара Ұлы Жеңістің 77 жылдығына орай «Майдангер ерлігі ұрпаққа үлгі» деп аталды.
Көрмені архив филиалының басшысы Ерболат Дүйсенбаев ашып, оқушыларды архив қорында сақтаулы тұрған Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің жеке тектік қорларымен таныстырды. Мектеп оқушылары архив қорындағы «Отан үшін от кешкендер» коллекциясынан дайындалған Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагерлері Ыбырай Ермағанбетов, Бәһән Дүйсенов, Маханбет Төрешев, Ибаділда Райысовтың еңбек жолы, медальдарына қатысты куәліктері, құттықтау хаттары және суреттерін тамашалап, өмір жолымен танысты.
Көрменің негізгі мақсаты – архив қорындағы құжаттар арқылы ержүрек майдангерлеріміздің батырлығын насихаттап, болашақ ұрпақты Отан сүюге, елінің, жерінің адал патриоттары болуға тәрбиелеу болатын. Шара барысында архив филиалының қор сақтау қоймасының меңгерушісі Н.Төлешова оқушыларға архив қорында сақтаулы тұрған Ұлы Отан соғысының ардагерлерінің өмірі мен еңбек жолындағы жетістіктері жайында мағлұматтар берді.

Г.ЯХИЯ
11 мамыр 2022 ж. 282 0