Жеңісім – береке, бақ, дәулет
Уақыттың есте қалар белгісі ол – тарих. Мемлекеттің барлық тарихы жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу мен Отан қорғаушылардың жоғары рухын, батылдығын, ерлігін, жауапкершілігін қалыптастыру табысты шешумен байланысты.
Екінші дүниежүзілік соғыстың өрт шарпымаған шаңырақ кем де кем. Бүгінде өсіп-өніп жатқан біздер бұрынғы батыр бабаларымыз бен кешегі майдангерлерден тараған ұрпақпыз. Қанша жылдар өтсе де дүмпуі дүр сілкіндірген Ұлы Отан соғысының қасіреті баршамыздың жүрегімізде. Ел басына күн туғанда етігімен су кешкен қазақтың қайсар ұл-қыздары от пен оқтың ортасында жүріп, Отанымызға Жеңіс сыйлады.
Соңғы деректер екінші дүние жүзілік соғыста 60 миллион адамның қаза тапқанын айтады. Кеңес Одағының адам шығыны ресми түрде 27 миллион адам деп есептелді. Ең қанқұйлы соғыс ретінде тарихқа енген Ұлы Отан соғысы болып танылды. Сондықтан біз Жеңістің өзіндік мән-маңызын аша түсуге тиіспіз. Туған жерден топырақ бүйырмай, жат жерде қалған жауынгерлеріміз жау лагеріне кісенделіп, кейінгі тағдыры белгісіз болып қалған сарбаздарымыз қаншама?!
Жеңіс бізге миллиондардың қанымен, мыңдаған аналардың көз жасымен келді. Соғыс жылдарында талай бала әкесіз өсті. Талай шаңырақ шайқалып, берекесінен айырылды. Талай ана майданға кеткен жарын жоқтаумен өтті. Мұның барлығы соғыс салған жараның жазылмағанын, қанды жылдар қасіретінің қаншалықты ауыр болғандығын көрсетеді.
Сұрапыл соғыстың соқпағынан өтіп, Отан деп от пен суға түсіп, кең байтақ жерді қорғаған Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ерліктің ерен үлгісін танытып, бүгінгі бейбіт күн үшін жасаған өлшеусіз ерліктері мәңгі ұмытылмайды. Бұл Жеңіс – бүкіл соғысқа қатысушылар және тыл еңбеккерлерінің қажымас қайраты мен қайсар рухының жеңісі.
Міне, содан бері талай ұрпақ жаңғырып, заман жаңарды. Әйтсе де, сол бір сұм соғыс салған өшпес із әлі күнге дейін жүрегімізді сыздатады, жанымызды жабырқатады… Қасірет пен қайғысы ел қабырғасын қайыстырып, еңсесін езгілеген бұл соғыс жайлы айтып та, жазып та тауыса алмаспыз. Егемен елі барда ерлер есімі ешқашан да өшпейді.
Бүгін "Қызылорда облысының мемлекеттік архиві" КММ Шиелі аудандық филиалында Жеңіс күніне орай "Отан үшін от кешкендер" коллекциясы жеке тектік қоры құжаттарынан көрме өтті. Көрмеге "Майдангер ерлігі ұрпаққа үлгі" тақырыбында Ұлы Отан соғысы мен Еңбек ардагерлері Ыбырай Ермағанбетов, Бәһән Дүйсенов, Маханбет Төрешов, Ибаділда Райысовтардың жеке тектік қор құжаттары көрермендерге ұсынылды. Сонымен қатар архивист Жанат Ментаева №219 Ы.Алтынсарин атындағы мектептің оқушыларына "Бейбіт күн жасасын" әлемде тақырыбында сабақ өтті.
Жанат Ментаева,
архивист