Жеңіс туын түсірмейтін ұрпақпыз
Уақыттың есте қалар белгісі ол – тарих. Мемлекеттің барлық тарихы жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу мен Отан қорғаушылардың жоғары рухын, батылдығын, ерлігін, жауапкершілігін қалыптастырумен байланысып жатады. Бұл сөзімізді Елбасы Н.Назарбаевтың «Біз әрқашанда Жеңіс күнін аға буынның Отанға деген шексіз сүйіспеншілігінің, жастарды ерлік пен патриотизм рухында тәрбиелейтін өлшеусіз өнегесі деп білеміз» деген ойымен қуаттай түссек те болады.
1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысы шарпымаған шаңырақ кем де кем. Бүгінде өсіп-өніп жатқан біздер бұрынғы батыр бабаларымыз бен кешегі майдангерлерден өсіп-өнген ұрпақпыз. Қанша жылдар өтсе де дүмпуі дүр сілкіндірген Ұлы Отан соғысының қасіреті баршамыздың жүрегімізде. Ел басына күн туғанда етігімен су кешкен қазақтың қайсар ұл-қыздары от пен оқтың ортасында жүріп, Отанымызға Жеңіс сыйлады.
Жеңіс күні – жанқияр ерліктің, еңселі елдіктің рухы өрлеп, қуаныштың жалауы желбіреген күн. Тәуелсіздік тұғырының берік, еңсеміздің биік болуын да, еліміздің өркендеуі мен елордамыздың гүлденуін де осы тарихи оқиғадан бөліп қарай алмаймыз. Келер ұрпақ ардагерлер көрсеткен қаһармандық пен қайсарлықтан үлгі алып, бой түзейді. Қазақстандық патриотизм – ел азаматтарының бүгінгі тұрақты өмірі мен жарқын келешегі жолындағы еңбегі мен күрескерлігі іспетті. Отаншылдық сана – халықты топтастырушы рухани күш бола тұра, халықтың ерік-жігерін, тәуелсіздікті нығайтуға бағыттайды. Сондықтан елдегі тәлім-тәрбие, идеология мен ақпарат жүйесі ел тұрғындарының бойында өзін республиканың толық азаматы ретінде сезінуге қалыптастыруы керек. Отаншылдық, елжандылық туған отбасына, туып-өскен ортаға, туған топырағы мен табиғатына деген құрметтен басталады. Сондықтан отаншылдықтың қайнар көзі адамгершілік қасиеттер болмақ. Отаншылдықтың іргетасы – ұлтжандылық.
Егер қазақы патриотизмнің қайнар көзін бажайласақ, біздің ұлтқа ол ешқашан жат болмағанына, қайта бесіктегі сәттен бастап ұлттық тәрбиемен бірге бойға дарығанына көз жеткізуге болады. Ата-бабаларымыз Отанды қорғауда жан-тәнін аямай, патриотизмнің ең озық үлгісін көрсеткен. Себебі ол табиғаттан, ұлттық тәрбиеден берілген сезім болатын. Қазыбек би «Атадан жақсы ұл туса, елінің туы болады. Атадан жаман ұл туса, көшінің соңы болады» деген екен. Осындай аталы сөздер ғасырлар бойы халқымызды жігерлендіріп, қанына сіңген қасиетке айналған. Біз әлі де осы қасиеттен ажыраған жоқпыз. Ұлттық патриотизм үлгісін жаңа қазақстандық патриотизммен ұштастыру, басқа ұлттарға өзіміздің елімізді, жерімізді, ұлтымызды, мемлекетімізді сыйлауына жол, бағыт көрсетуіміз керек.
Айбек АСАНОВ