Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ерліктің ерен үлгісі

Ерліктің ерен үлгісі


Майданның бел ортасында болып, ел басына күн туғанда етігімен су кешкен жеңіс үшін кеудесін отқа төсеп, ерлігінің арқасында елге аман-есен оралып халыққа қызмет еткен қазақтың қайсар ұлдары біздің өңірімізде де жетерлік. Соғыс ардагерлерінің қатары уақыт өткен сайын сиреп, азайып бара жатыр. Бір-екі жылда Жеңісті шинеліне орап әкелген олар жайлы тек естеліктер қана қалары анық. Сондықтан да, сұм соғыстың қасіреті мен бабалар ерлігін жазу, кейінгі ұрпаққа дәріптеу бүгінгі күннің талабы. Есімізде мәңгі сақталар сол ерлердің бірі соғыс және еңбек ардагері Сәлмен Наржігітов.
Ұлы Жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Бойы өсіп, бұғанағы қатпаған бала мен еңкейген кәріге дейін майдан үшін еңбек етті. Бәрінің көкірегін кернеген жалғыз ой ол – Жеңіс туының көкте желбіреуі, ағайынның Отанға аман оралуы болатын. Алайда, қар жастанып, мұз төсенген азаматтарымыздың қаншамасы майдан шебінде қаза тапты. Қан майданнан елге оралғандары еңбек майданына сіңіп кетті. 1924 жылы Иіркөл ауылдық округінде дүниеге келген Сәлмен Наржігітов сол ауыр кезеңді арқалағандардың бірегейі еді. 12 жасынан мал бағып, еңбекке ерте араласқан ол 1936 жылы Коммунизм колхозына колхозшы қатарына алынады. Одан әрі, 1942 жылдың 31 тамызында әскерге аттанып, Ұлы Отан соғысына қатысады. Нақтырақ айтар болсақ, 1942 жылдан 1943 жылға дейін №7 атқыштар полкінде атқыш, 1943 жылдың ақпан айынан бастап, №244 атқыштар полкінде бөлім командирі болып ұрыс даласындағы айқаста алдыңғы шепте жүреді.
Фашистерге қарсы күресте жауапты атқарған жауынгерлік ерлігі үшін майдангер бас қолбасшы Сталиннің мақтау грамотасымен, Кеңес одағының маршылы Г.К.Жуков және «Германияны азат еткені үшін» медалімен, Ұлы Отан соғысының ІІ дәрежелі орденімен, Ұлы Отан соғысына 20, 30, 40, 50, 60, 70 жылдық және «Украинаны азат еткені үшін» медалімен марапатталған. Соғыста жараланып, елге оралған бойда 1946 жылы мал дәрігерлік бөліміне жұмысқа орналасады. Орта бойлы, қатаң мінезді Сәлмен аға 1962-1969 жылдары Қазалы ауылшаруашылық техникумының мал дәрігерлік бөлімінде сырттай негізде білім алады. Қолға арнайы құжат тиген соң 1970 жылы аудандық ветстанция мекемесіне вет-техник мамандығы бойынша жұмысқа орналасып, 1985 жылы зейнетке шығады. Ерлік пен еңбектің үлгісіне айналған ол ауданның мал шаруашылығына тигізген сүбелі еңбегі үшін «Лениннің 100 жылдық» және «Еңбек ардагері» медалін кеуде тұсына жарқырата қадады. Артында қалған 2 ұл, 5 қыздан 25 немере, 42 шөбере тараған есіл ердің өз ісіне деген қарым-қабілеті өте жоғары еді. Сөзге жоқ, кесімді ой айтатын ардагердің есімі жадымызда сақталып, рухани жаңғыру тұсында жандана түссе деймін. Халқы мақтан тұтар тұлғаға арнап, Шиелі кентінен бір көшеге есімі берілсе Сәлмен Наржігітовке көрсетілген құрметтің бір парасы болар еді.

Әбдішүкір Батырбаев,
кент ардагерлер ұйымының төрағасы.
17 қазан 2018 ж. 1 302 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930