Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Смоленскіден сау қайтты

Смоленскіден сау қайтты


Биыл бүкіл әлемге ажал оғын сеуіп, жер жүзіне үстемдік етуді мақсат еткен неміс-фашист басқыншыларының ордасы – Рейхстагқа Жеңіс туы тігіліп, бейбітшілік туы желбірегеніне 73 жыл толып отыр.
Баршаңызға мәлім заманның зарына айналған, астарында зорлық пен зомбылықтың, қатігездік пен жауыздықтың зары бар Ұлы Отан соғысы бейбіт өмірдің күл-талқанын шығарды. Олай демегенде ше? Алты жылға созылған екінші дүниежүзілік соғыстың адамзат баласына әкелген қайғы-қасіретін айтып тауысу мүмкін емес. Баланы анадан, ананы баладан, енді біреуді жолдасынан, біреуді әке, ағадан айырған сол сұм соғыс әрбір жанның жүрегіне ұмытылмастай жара салды. Қару ұстауға қауқарлы ер-азаматтардың барлығы майданға аттанды. Әлі буыны қатаймаған жас баланың иығына отбасының, қала берді бүкіл ауылдың ауыртпалығы артылды. Отан қорғау жолында өлімге басын тіккен жастар елі үшін, ұлы Отаны үшін ештеңеден аянбағаны бәрімізге мәлім. «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа үлгі» деген бабалардан қалған асыл сөз бар. Алдыңғы буын аталарымыз бен ағаларымыздың ерлігін елге жеткізу біздер үшін үлкен аманат.
9-мамыр Жеңіс күні қарсаңында «Елім», «жерім» деп ұран салып, кеудесін оққа тосқан майдангерлер жайында газет бетінен мақалалар ұйымдастыруды қолға алған болатынбыз. Өкініштісі сол, арамызда ауданда тірі аңызға айналған Ұлы Отан соғысы ардагерлерінен екі ардагер ғана қалыпты. Сол жанның бірі – Айдарбек Жолбаев.
Қазақ халқының даңқты ұлы, Ұлы Отан соғысының қаһарман қолбасшыларының бірі Бауыржан Момышұлы: – «Біз майданда белуардан қан кештік. Тылда жүріп көз жасымызды көл еттік. Күн, түн демей еңбек етіп, жеңіс үшін тер төктік. Осының бәрін Отан алдында адамгершілік, намыс алдында ақ ниетпен азаматтық борышымызды өтеу үшін істедік. Жауынгердің сағынышы, ата-ананың қайғысы, жардың мұңы, жетім-жесірдің көз жасы әрқайсымыздың көз алдымызда. Мен өзім қырық жылғы қырғында аман қалған жандардың бірімін. Сол сұрапыл қырғын соғыста еліміздің талай саңлақ батырларының, ақылды ерлердің қаза тапқанын өз көзіммен көргенмін» – деген еді. Осы қырғынның ішінен еліне, туған-туысына аман оралған жоғарыда аты аталған қарт майдангер Балаби ауылы «Жөлек» болысында 1920 жылы дүниеге келген. Екiншi дүниежүзiлiк соғыс басталар алдында, яғни, 1940 жылы А.Жолбаев қатарластары сынды әскер қатарына алынады. Мұнан соң Чкалов қаласындағы №10-шы дивизия құрамында әскери қызметiн өтеп жүргенiнде 1941 жылы немiс-фашистерiне қарсы соғыс басталып, дивизиясымен Белоруссия майданына жiберiледi. 1942 жылы Смоленск майданында шайқасып жүрiп жараланады. Сөйтіп, Рязан қаласындағы №2029 әскери госпиталында емделiп шыққан соң өз бөлiмшесiне оралып, жан алысып, жан берісіп, шайқасып жүрген жауынгерiне взвод командирi арнайы тапсырма береді. Ол – бекiнiстегi жаудың көзiн жойып, құжаттарын әкелуі керек болды. Өзіне жүктелген осынау міндетті тиянақты орындаған сарбазға ерлiгi үшiн «Қызыл Жұл­дыз» орденi бұйырады. Смоленск мен елдi мекендерiн азат ету үшiн жүргiзiлген шайқастарда тағы да ауыр жараланған кейiпкерiмiз 1944 жылы елге демобилизация етiледі. Ауылға келген соң майдан даласында түрлi ұлт өкiлдерiмен тiлдесе жүрiп, орысша үйренгендiгi қажетке асып, 1945 жылы «Ащы­құдық» мектебiнде ұстаз болады. Осылайша, Смоленск майданынан сау қайтқан А.Жолбаев бейбіт күнде ұрпақ тәрбиесіне атсалысып, бұл күнде «Қызыл жұлдыз», I-II дәрежелi «Отан соғысы» ордендерi мен бiрнеше медалдардың иегерi.
Ел басына күн туған шақта қолына қару алып, ерліктің ерен үлгісін көрсеткен ата-апаларымызды біз әрқашан есте ұстап, мақтан етеміз, құрмет жасаймыз. Себебі, олар өзінің туған елін, Отанын қорғауға деген сезім мен сенімнің арқасында қаһармандықтың хас үлгісін көрсетіп, жеңіске жетті. Сондықтан да, соғыс және тыл ардагерлерінің жанқияр ерліктері мен ерен еңбектері ешуақытта ұмытылмақ емес.

Дина
ЖҮСІПОВА.
04 мамыр 2018 ж. 1 233 0