Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Есімі ел есінде сақталады

Есімі ел есінде сақталады


Өмір өткелінде өшпес із қалдырған бабалардың есімі ел есінде мәңгі сақталады. Сонау сұрапыл соғыста жерін жаудан, елін езгіден, қызын күңдіктен, ұлын құлдықтан қорғаған ардагерлердің ерлігіне бас иіп, тағзым етеміз. Ұрпағы ұлықтап, үкіметтің заңды талаптарына сай ата-бабасына лайық құрмет көрсетіп жатса нұр үстіне нұр болары сөзсіз. Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері Нұрдин Әбжәліұлы 1917 жылы Бәйгеқұм ауылында дүниеге келеді. Небәрі алты айлық сәби кезінде ата-анасынан айырылып, жетім қалған Н.Ноғайбаев туыстарының қолында өседі. Тағдыр тауқыметін туғанынан басынан өткерген ардагердің жұбайы Пейішкүл (1996 жылы дүниеден озған) 4 ұл, 5 қыз­ды дүниеге әкеліп, үлкен шаңыраққа айналады. Балаларына ұлағатты тәлім-тәр­бие берген әкенің артында іздеушілері, ізбасарлары қалғаны, оған лайық құрмет көрсетуі заңдылық. Әкесінің ерлігін айтып, өмірдерегімен бөліскен ұлы Серік Ноғайбаевтың айтуынша, 1938 жылдың 10 қазанында Шиелі аудандық әскери комиссариаты арқылы әскерге шақыртылады. Сол жылдан 1942 жылдың қыркүйек айы аралығында 100-ші бригадада, одан әрі 1945 жылға дейін 134 артиллериялық полкінде 122 мм. Гаубицада атқыш болады. Сондай-ақ, 1945 жылдың тамыз, қазан айлары аралығында 2189 гаубица артиллериясында орудиялық есеп топ нөмірі болып қызмет атқарады.
Өмір мен өлім арасында жүрген жауынгерлер жеріміздің шетіне жаудың табаны тимесін деп жан қиып, қан кешті. Ұлы Отан соғысы кезінде Праганы азат ету үшін күрескен азаматтар қатарында Нұрдин Әбжәліұлы да бар болатын. Сондай-ақ, Фин соғысында да жеңіс үшін күресіп, жерім деп жанын шүберекке түйеді. Қан майдандағы ерлігі еленіп ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен және екі мәрте «Ерлігі үшін», «Праганы азат еткені үшін», «Германиядағы жеңісі үшін» медальдарымен марапатталады. Сұм соғыстың тырнағынан құтылып, елге оралған Н.Ноғайбаев 1952 жылдан 1953 жылға дейін «НО-1» мекемесінде жұмысшы болып қызмет жасайды. Сондай-ақ, Шиелі мамандандырылған күзет бөлімінде де абыройлы жұмыс жасап, 1967 жылы теміржол депосына экипировщик болып қызмет ауыстырады. Еңбегімен еліне сыйлы болған ақсақал бейнеттің зейнетіне жеткен шағында осы мекеменің құрметті еңбек демалысына шығады.
Соғыс ардагерінің сол бір зұлматты сәттерді есіне жиі алғысы келмейтін. Алайда, Отан, Жер Ана алдындағы парызын өтеген абзал азаматты ауыл ақсақалдары мен ұл-қыздары әрдайым есіне алып, құран бағыштауды ұмытқан емес. Бүгінде көзін көрген Ж.Сейітжанов, О.Кемелов, А.Ноғайбаев, А.Абдрахманов, О.Шаймерденова т.б ата-ағалар Ұлы Отан соғысының ардагері Н.Әбжәліұлының жаңадан ашылып жатқан көшелердің біріне есімін беріп, тиісті құрмет көрсетуді сұрап отыр. Ұрпаққа үлгі болатын, елі-жері үшін күрескен азаматтың есімі ұмытылып кетпесе екен деп шырылдайды. Онысы жөн-ақ. Аталар алып берген жеңіспен бейбіт заманда ғұмыр кешіп жатырмыз. Сондықтан, ардагерлердің көзі кетсе де есімдері жас буынның санасында сақталатынына сенеміз.
Туады ерлер ел үшін,
Өлмейді ісі мәңгілік.
Өшпейді абзал есімдер,
Ұрпаққа жетіп мәңгілік, – деп ақын ағамыз Жұбан Молдағалиев жырлағандай, батыр бабалардың ерлік рухына көрсетер құрметіміздің бір парасы осы болар...

Г.ӘБДІХАНИҚЫЗЫ.
04 ақпан 2018 ж. 2 573 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930