Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тақтайшалар талапқа сай ма?

Тақтайшалар талапқа сай ма?


Ауданымыз келбетін айшықтап, даңқын асыратын тау тұлғалы азаматтардан кенде емес. Оларды ұрпағы ұлықтап, есімін көше атауларына ұсынып та жатыр. Дегенмен, сол тақтайшалардың әралуандығы өлкенің көркін қашырып, сырттан келген адамды адас­тырып жібереді.
Бүгінде көше мен елді мекен атауларының төңірегінде қордаланып қалған мәселе жетерлік. Оның үстіне кейінгі кездері көшелерге елге еңбегі сіңбеген, беймәлім адамдардың аттарының берілуі жайлы да баспасөзде жиі айтылып жүр. Жалпы, көшелерге ат беру қоғамның әр саласын дамытуға сүбелі үлес қосқан, елін-жерін жаудан қорғауда еңбегі сіңген бабалар мен отаншыл, елжанды азаматтарды ел есінде мәңгі сақтау мақсатын көздейді. Алайда, бұл үдеден шықпайтын жандардың есімі көше атауына беріліп жатқандығы да мәлім. Ол былай тұрсын көше атауы жазылған тақтайшалардың үлгісі мен өлшемінде де бірізділік жоқ. Бұл мәселенің анық-қанығына жету үшін мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Нұрболат Абусадировке хабарласқан болатынбыз.
– Көше атауы жазылған тақ­тайша­ларды көбіне ұрпақтары салдырып жатады. Сондықтан, олардың сәулеті мен әрлеуі өзгеше болады. Оларға белгілі бір талап қойылмайды. Ал, негізі көше белгілері көк түсті шағын тақтайшалармен беріледі.
Қойнауына 90 жылдық тарихты басып жатқан Шиелі ауданының әлеуметі мен экономикасы дамып, қанатын кеңге жайып келеді. Кәсібі дөңгелеп, несібесі артуда. Халқының тұрмысы да түзелген. Әсем ғимараттар бой көтеріп, ел игілігіне беріліп жатыр. Алайда, осы бір әттеген-ай дейтін тұсымыз бар. Даңқы тасып, абыройы асқақтаған Шиеліге сырттан қонақ көп келеді. Ал, олардың көзіне бірінші көше атаулары жазылған тақтайшалар түседі. Барар жеріңе дәл тауып бару үшін де сол белгілерге жүгінетініміз анық. Дегенмен, қалталылардың қалауымен дүркіретіп салынған белгілер мен жол бойында тұрған шағын көк тақтайшадағы көше атау­ларына қарасаңыз адасасыз. Бірі үлкен, бірі шағын, бірі тым кішкентай көлемде орнатылған тақтайшаларды бір қалыпқа келтіруді қолға алсақ қайтеді?
Сонымен қатар, ата-бабасына ескерт­кіш орнатып, көше атауына есімін бергісі келетін адамдарға арнайы бір талап қойылса. Себебі, бірінің дәулеті тасып даңғарадай белгі орнатса, келесісінің оған шамасы жете бермейді. «Көрпесіне қарай көсілген» қазақтың арасында бұл да бақталастықты тудырып, түсініс­пеушілікке апармасына кім кепіл?! Одан қала, ауданның да келбетін кері тартатыны белгілі. Көше атаулары жазылған тақтайшалардың үлгісі, түсі, өлшемі бірдей орналастырылса, аудан көркі ажарлана түседі. Сондай-ақ, көлік жүргізушілерінің де, сырттан келген қонақтың да, халықтың да көзінде жаттанды болып қалар еді.

Гүлнәр ӘБДІХАНИҚЫЗЫ.
23 қаңтар 2018 ж. 2 255 0