Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Көрінбей қалған қоқыстар

Көрінбей қалған қоқыстар


Шиелі кентінде апта сайын сенбілік өтіп, тазалық жұмыстары белсенді жүріп келеді. Біршама шаруаның басы қайырылып, аудан орталығындағы көшелерге көрік бітіп қалғаны да рас. Алайда, бұл игі істің әлі де болса ақсаңқырап тұрғаны анық байқалады. Бұған біз жүргізген журналистік зерттеу барысында көз жеткіздік.Иә, сыртынан қараған адам Шиелі кентінің дәл қазіргі көрінісіне мін таға алмайды. Өйткені, келімді-кетімді қонақтар жиі жүретін орталық көшелер күл-қоқыстан арылып, айнадай жарқырап тұр. Вокзал маңы қоқыстан тазарып, жағымсыз иістен де арылған. Бірақ... Бірақ, тасада қалған қоқыстарды да көзіміз шалып қалды. Орталық монша мен шағын «Аян» көтерме бағадағы сауда дүкенінің қиылысы, А.Байтұрсынов көшесі бойында орналасқан қоқыс контейнерінің айналасы қағаз қораптар мен шөлмектерге, сондай-ақ, пластмассадан жасалған қалдықтарға толып жатыр. Бей-берекет тастаған қоқыстар сол маңның көркін қашырып, жағымсыз әсер қалдыруда. Осы сәтте кент тұрғындарының әлі де болса қоқыс тастау әдебін үйрене алмай жүргендігі біраз қынжылтты. Арнайы тұрған контейнерге салмай, айналасына апарып лақтыра салу әдетке айналған. Ал, сол қоқыстың адам денсаулығына кері әсері көп екенін айтып, ғалымдар дабыл қағуда. Дегенмен, құлақ асып, мән беріп жүрген адамды байқамадық. Оны елеп-ескеріп жатқан да ешкім жоқ. Десек те, көше бойлап ойнайтын балалардың болашағы не болмақ? Күл-қоқыстың арасында өскен бала дені сау ұрпақ дүниеге әкеле алады ма? Ойланайық.
Сонымен қатар, Ш.Уәлиханов көшесі бойында орналасқан «Бақ-ару» сұлулық салоны мен «Қыпшақ» жиһаз дүкенінің артында орналасқан қалдық тастайтын контейнерлер толып, сыртына шығып жатыр. Ал, оған жауапты орындар қайда қарап отыр? Көзге көрінбей бұрыш бұрышта қолаңса иісі қолқаны жарған бұл қоқыстар ықты паналап тұра бермек пе? Жасыратын несі бар, өркениетті елдерде қоқыс жәшіктерінің маңы біздегідей шашылып жатпайды. Мысалы, АҚШ-та бір жерде үш контейнер тұрады. Біріншісі қатты қалдықтарға, екіншісі шөлмектер мен басқа да әйнек пен пластмассадан жасалған дүниелерге, қағаздарға, ал, үшіншісі азық-түлік қалдықтарына арналған. Американдықтар осы үшеуіне бөліп салады. Қоқыс жәшігінің жанында оны жинаумен айналысатын мекемелердің телефондары жазылған тақтайша ілініп тұрады екен. Күн сайын арнайы көлік темір жәшіктерді босатып отырады. Тұрғындар олардың қызметіне риза болмаған жағдайда дереу жаңағы нөмірлерге қоңырау шалып, наразылығын білдіретін көрінеді.
Түйін. Міне, бізге де осындай нақты қадамдар керек-ақ. Қо­қыс тастау жәшігіне жауапты адамдардың телефон нө­мірлері жазылған тақтайша іліп, үш контейнер орнатсақ және соған халық та бейімделсе нұр үстіне нұр болар еді. Елбасы Н.На­зар­баев «Болашаққа бағдар: руха­ни жаңғыру» атты халыққа Жолдауында алпауыт отыз елмен иық теңестіруді межеге қой­ған болатын. Сол өркениетке қо­сылу үшін қарапайым ғана тазалық сақтау, қоқыс салу әде­бі сынды дүниелерді үйреніп, мә­дениетімізді, деңгейімізді көтеруге неге атсалыспасқа? Болмашы дүниеге бас қатырып жүре берсек, үздік отыздыққа жетудің жолы алыстай беретіні анық. Сондықтан, қанымызға сіңген көптеген дағдылар мен таптаурын болған қасаң қағидаларды өзгертпесек, біздің толыққанды жаңғыруымыз мүмкін емес.
27 қараша 2017 ж. 1 808 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№78 (9242)

01 қазан 2024 ж.

№77 (9241)

28 қыркүйек 2024 ж.

№76 (9240)

24 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031