Сырты – бүтін, іші – түтін
Шиелі кентіндегі РУ-6 аталып кеткен, қазіргі Көкшоқы мөлтек ауданы – күннен-күнге көркейіп, көріктеніп келе жатқан жерлердің бірі. Бүгінде сәні мен сәулеті келіскен спорт кешені, аудандық «Арман» мәдениет үйі және кешкі мезгілде әдемі көрінетін «Флай» демалыс орны көпшіліктің көңілінен шығып келеді. Алайда, осы мөлтек ауданымыз қара күз келіп, қыс түссе түтін басып, күл қоқыстың орталығына айналатыны ащы болса да шындық.Осындай ақпармен жақында ғана редакциямызға Көкшоқы мөлтек ауданының бір топ тұрғыны хат жолдаған болатын. Онда: «Ауданымызға үш жыл бұрын газ келгенде барлығымыз қуанып, мәз-мейрам болып едік. Алайда, өкінішке орай бұл мөлтек ауданына әлі күнге газ келмеді. Шиелі кентінің орталығына іргелес тұрса да, үлкен жолдың үстінде орналасса да, көпқабатты үйлер отын жарып, көмір жағумен әлек. Әрине, әркім өзі үшін тіршілік жасауда. Бірі электр қуатын пайдаланса, бірі пәтерге кіріп асхана үшін берілген газды әртүрлі әдістермен пайдаланып жүр. Ал, олардың бірі қалтаға түссе, енді бірі қаншалықты қауіпті екені айтпаса да белгілі. Тіпті, көпқабатты үйлерде 380 В электр қуатымен жылытатын кабельдердің өртеніп, адамдардың улану фактілері де орын алып жатқаны жасырын емес» – делінген.
Әрине, ең бірінші кезекте адам өмірі мен денсаулығы тұрады. Ал, осы аудан тұрғындарының жанайқайын жеткізу біздің міндет. «Осы көп- қабатты үйлерді орталықтандырылған газбен жылыту мәселесі бойынша бірнеше рет аудан және облыс әкімдіктеріне хат жолдап, кент басшылары мен «ҚазТрансГаз» мекемелерінің табалдырығын тоздырдық. Ешқандай нәтиже жоқ. «ҚазТрансГаз» мекемесі әкімдік «техусловие» берсе болды десе, кент әкімдігі «сендер жеке тұрғын үйсіңдер, ақша қаралмаған» өздерің жиналып котельный соғыңдар дегенге келтірді» – деген тұрғындардың мұң-мұқтажына тиісті мекемелер жауап береді деп сенеміз.