Мәңгілік естен кетпес отты жылдар
9 мамыр – Ұлы Жеңіс күні еліміздің түкпір-түкпірінде аталып өтуде. Бұл мереке әр отбасына ыстық, өйткені соғыс бірде-бір жанұяны айналып өтпеді. Әр отбасында соғысқа қатысып, жеңіспен оралған немесе ерлікпен қаза тапқан және оралмаған батырлары бар. Қаншама адам тылда еңбек етті. Сұрапыл соғыста жеңіске жету жолында миллиондаған адамның өмірі қиылды, сондықтан адамзат өткен соғыстың құрбандарын жақсы біледі Және ұмытпайды.
Міне, осынау мереке аясында аудандық балалар кітапханасында 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күніне арналған «Мәңгілік естен кетпес отты жылдар» атты тағзым кеші болып өтті. Мақсат – жас оқырмандарға Ұлы Отан соғысының тарихын, ондағы қазақстандықтардың ерлік істерін айту, жас ұрпақты Отанын сүюге, оны қорғауға тәрбиелеу, олардың ой-өрісін дамыту еді. Кітапхана қызметкері Перуза Түлкібайдың ұйымдастыруындағы шара кенттегі №45 «Ақ Орда» мектеп-гимназиясының және Ы.Жақаев атындағы №244 орта мектептің 3,5-7 сынып оқушыларының қатысуымен өткізілді.
Кеште «Соғыс қасіреті», «Майдан шебінде», «Жараланған солдат», «Бауыржан Момышұлы», «Мәншүктің жұлдызды сәті», «Жеңіс! Жеңіс, Жеңіс!», «Соғыстан қайтқан солдаттар» атты көріністер бойынша Ж.Сұлтанбеков, Н.Балтабай мен Балнұр, М.Ахметханқызы, А.Сәмединов, С.Қоңырова сынды оқушылар өздеріне берілген бейнелерді шебер сомдап шықты. Тіпті, көріністердің әсерлі шыққандығы жиналған ата-аналар мен қонақтар жанарларына келген жасты жасырып қала алмады.
Сонымен қатар, Н.Серікқызы Ж.Жабаевтың «Ленинградтық өренім» өлеңін, А.Ерғалиқызы А.Бақтыгерееваның «Мәншүк» атты өлеңін жатқа оқыды. Ал кітапхана жанындағы «Жыр-жауһар» поэзия клубының белді мүшесі Б.Алпысбай майдангер аталарына, Ұлы Жеңіс мерекесіне арнап шығарған жүрекжарды өлеңдерін көпшілік назарына ұсынды. Шара соңы оқырмандардың көпдауыста шырқалған «Ақ көгершін» әнімен өз мәресіне таяды. Балалар кітапханасының ұжымы шараға қатысушы оқырмандарды алғыс хаттармен марапаттады.
Дина Әбіласан.