Жүректерден өшпек емес
Уақыт өткен сайын кешегі күндей күркіреп өткен сұрапыл соғыстың дүрбелең оқиғалары да арасын аулақ салып, алыстап барады. Бірақ қаншалықты алыстағанымен, ол көңілдерден кетіп, жүректерден өшпек емес. Өйткені, ол соғыс қаншама ұрпақты қайғы-қасіретке душар етіп, өмірін өксітіп кетті.
Туған елдің тәуелсіздігі мен бостандығы үшін осыншама ерлік жасап, жандарын қиған батыр бабаларды мәңгі есте сақтаймыз. Отан үшін отқа түсіп, қан майданнан аман оралған ардагерлердің алдында бас иеміз.
Иә, дәл осы ойдың үдесінен шықпаққа бекінген аудандық соттың ұжымы Жеңіс күнінің 73 жылдық мерекесі қарсаныңда Ұлы Отан соғысының ардагері Сәрсенбек Байжановты атаулы мерекемен құттықтады.
Айта кетейік, Сәрсенбек Байжанов 1923 жылы Шиелі ауданы, Нартай ауылында дүниеге келіп, 18 жасында ел қорғауға аттанған. Шайқас алаңында жан аямай ерліктің үлгісін көрсеткен қарт майдангер бүгінде тоқсаннан асып, жүзге жақындады. Ардагер сот қызметкерлерімен соғыстың зұлмат естеліктерімен бөлісті.
Мұнан соң, сот төрағасы М.Күздеубаев, судья Г.Кұрманбай және сот маманы Д.Тайыров соғыс ардагерін ұлы Жеңіс күнімен құттықтап, ыстық лебізін жеткізді. Арнайы әкелген сый-сияпатын табыстап, ардагердің батасын алды. Өз кезегінде С.Байжанов аудандық сот ұжымына ризашылығын білдіріп, жұмыстарына жеміс тіледі.
Иә, сонау оқ пен оттың ортасында жүріп, елім, жерім деп жан қиған бабалар ерлігі ешқашан да ұмытылмақ емес. Ұмытылмайды да.