Сталинград шайқасында неміс фельдмаршалын тұтқындауға қатысқан сарбаздардың бірі
Сталинград түбіндегі шайқаста фельдмаршал Паулюсті тұтқындауға қатысқан сарбаздардың бірі Қызылорда облысының Шиелі ауданында тұрады. Ол – Нартай ауылының тумасы Сәрсенбек Байжанов. Бір қызығы, қарт майдангердің туған күні де 9 мамыр – Жеңіс күнімен қатар тойланады. Биыл ол 96 жасқа келді. Сәрсенбек Байжанов 1942 жылдың 8 наурызында шиелілік қылшылдаған 30 жастың қатарында соғысқа аттанды. Үш айдай ұрыс тактикасына машықтанғаннан кейін Қазан, Саратов қалаларынан өтіп, ең қанқұйлы Сталинград шайқасына түседі. Сәрсенбек Байжанов, ҰОС ардагері: – Жаяу әскерміз ғой, бір уақытта еңбектеп жүреміз, жатып жүреміз. Сөйтіп жауды тез ортаға аламыз деп бардық. Ол уақыттарда немістерді біздің әскерде атып жатыр, бізде оларды атып жатырмыз. Немістердің әскерлері азайып бара жатқан кезде немістердің фельдмаршал Паулюс: «Біз енді берілсек берілейік, 360 мың әскерден қазір 97 мың ғана қалды. Осымен жеңе алатын түріміз жоқ. Біз енді берілейік», – деп, сонымен берілді ғой. Сұрапыл соғыс жылдары Шиелі ауданынан 6 мың сарбаз қан майданға алынды. Бірақ олардың 1862-сі ғана туған жерге аман оралды. Ал Сәрсенбек Байжановпен бірге майданға сұранған 30 жігіттің тек екеуі отбасымен қайта қауышқан. Жеңісті жақындатқан жауынгер 1944 жылы ауыр жарақаттан кейін елге оралып, туған ауылында ұстаздық қызмет атқарды. Оның тәрбиесін көрген ұлғатты буын әр жыл сайын Жеңіс күні қарсаңында ұстаздарын ұлықтауды ұмытпайды. Баян Бегманова, ҚР Білім беру ісінің үздігі: – Сен әлі жақсы ұстаз боласың деген, сенім білдірген. Соның арқасында Қазақстан білім қызметкерінің үздік мұғалімі деген атақ алдым. Және сол жерде зейнеткерлікке шықтым. Өзім мақтаныш тұтамын. Жұбайы Жәмиля Сейтжановамен отау құрғанына 60 жылдан асты. 5 ұл, 5 қызды тәрбилеп, немере мен шөберенің қызығын көруді жазыпты. Жауынгер-ұстаз шығармашылықтан да құр-алақан емес. Оның өлеңмен жазған майдан хаттары кейін кітап болып басылды. Бұл бір жұқалау кітап болса да, бейбіт күнді сыйлаған батыр бабалардың ерлігі мен еңбегін суреттеген тарихи құнды мұраға айналары анық.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов
www.24.kz
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов
www.24.kz