ЖЕҢІС КҮНІН ЖАҚЫНДАТҚАН
1945 жылдың сәуір айының басында кеңес әскері Германияның орталық бөлігіне жақындады. Берлиннен 60-70 километр жерде тұрып, алдағы үлкен майданның жоспарын жасады. Ең соңғы қорғаныс жанталасына түскен вермахт командованиесі «Висла», «Центр», «Рейх» деген атаулармен қолда бар қарулары мен солдаттарын өз астаналарын қорғауға жұмылдырды. 1 миллионнан астам адам, 8 мың қару-жарақ пен миномет, 1200-ден астам танкі мен 3330 ұшақ тастай бекініп, өліспей беріспеуге бел байлады. Берлин қаласы үш шеңбердегі қорғаныс қамалына айналды. Осы тұста кеңес армиясының Бас қолбасшысы Иосиф Сталин барлық күшті 1-Беларусь майданына шоғырландырып, жауға бірнеше бағытта соққы беруге шешім қабылдады. Тап іргеге келіп тұрып, шабуылды кешеуілдетуге болмайтын еді. Сондықтан да бірінші және екінші Беларусь майданы, 1-Украин майданы, Балтық флоты күштерінің бір бөлігі, он сегізінші әуе күштері армиясы, Днепровск әскери флотилиясы, барлығы 2,5 миллион адам, 41600 орудие мен миномет, 6300 танкі мен 8400 ұшақ тек бір ғана – Берлинді алуға бағытталды.
1-Беларусь майданының жауынгерлері тікелей Берлин қаласын басып алуға тиісті болды.
26 сәуір мен 2 мамыр аралығындағы жойқын шайқаста 200 мың неміс жауынгері жер жастанды, 3000 қару-жарақтың, 250 танкінің тас-талқаны шықты. Үшінші екпінді армияның атқыштар корпусы 29 сәуірде рейхстаг маңайына жетті. 30 сәуір күні сағат 13.30-да артиллериялық шабуыл басталды. 152 және 203-гаубица арқылы тікелей көздеп атып, жау қорғанысын бұзды. Одан кейін 79-атқыштар корпусы рейхстагқа бұзып-жарып кірді. Ұясы талқандалған соң неміс әскері бытырап кетті. Тек 5 мамырда олар жеңілгендерін мойындады.
Жауынгерлігі мен ерлігі, жоғары әскери шеберлігі үшін 187 әскери құрама мен бөлімшелер «Берлинские» деген құрметті атаққа ие болды. КСРО Жоғарғы кеңесі президиумының Жарлығымен 1945 жылғы 9 маусымда «За взятие Берлина» медалі бекітіліп, 1082 мың кеңес әскері наградталды.
Солардың арасында Қызылорда облысы Шиелі аудандық әскери комиссариатынан 1938 жылы 15 ақпанда әскер қатарынан шақырылып, соғыс басталғаннан Ұлы Жеңіске шейін қанды майданда ерен ерліктің үлгісін көрсеткен сарбаздардың бірі – Байтілес Жүсіпов еді. Ол Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысып, Варшаваны азат етуге, Берлинді алу операциясына қатысты. Соғыста көрсеткен ерлігі үшін наградалар мен Бас қолбасшы Иосиф Сталиннің Алғысхатын иеленді.
Байтілес Жүсіпов 1918 жылы 10 қаңтарда Қызылорда облысы Шиелі ауданы Керделі ауылдық кеңесінде туған. 1938 жылы 15 ақпанда Қызыл әскер қатарына алынып, әуелі атты әскерде, соғыс басталғанда артиллерия құрамында қызмет етті.
Байтілес Жүсіпұлы Батыс, Брянск және 1-Белорусь майдандарында вермахт әскеріне қарсы взвод командирі дәрежесінде соғысты. Кеңес Одағы мен Шығыс Еуропа территориясында болған көптеген шайқастарға қатысты. Польшаны және Германияны азат етуде жанқиярлық ерліктің үлгісін көрсетті. Осы ерліктері үшін қызыл әскер Байтілес Жүсіпов «Қызыл Жұлдыз», «ІІІ дәрежелі Даңқ» ордендерімен, «За отвагу», «За освобождение Варшавы», «За взятие Берлина», «За Победу над Германией» медальдарымен наградталды, Генералиссимиус Иосиф Сталиннің Алғысхатын алды.
1941-1945 жылдар аралығында Ленин орденді Қызылтулы дивизияның алтыншы Мозырь артиллерия құрамасының екі мәрте Қызылтулы бригадасының 118-ші ауыр гаубицалық артиллериясы құрамында аға сержант дәрежесінде соғысқан Байтілес Жүсіпұлы бір рет жараланған.
Орденді жауынгер Ұлы Жеңісті 1945 жылдың 2 мамырында Берлин қаласында өзінің жауынгер достарымен бірге қарсы алды.
«Александровка деревнясы үшін болған ұрыста аға сержант Жүсіпов дәлдеп атқан оғымен жаудың жаяу әскері орналасқан блиндаждың тас-талқанын шығарды. Осы ерлігі үшін қарулы жасаққа «Ефрейторлар» атағы берілді. Осипово Рудня деревнясы үшін болған шайқаста оның зеңбірегі жаудың пулеметі бар ДЗОТ-ын талқандады, соның арқасында біздің шабуылға шыққан атқыштар құрылымымыз азғантай адам шығынымен жеңіске жетті. Осы ауданда 1944 жылдың 12 қаңтарында біздің шабуылдаушы әскеріміздің алға жылжуына кедергі болған жаудың минометтік батареясын өз зеңбірегімен тез және дәл көздеп атып, көзін жойды». Осы ерлігі үшін жауынгер «Қызыл жұлдыз» орденімен наградталды.
«1944 жылдың 10 қазан күні Юзефув ауданында жолдас Жүсіповтің зеңбірекшілер тобы асқан топтасқандығы мен даярлығының арқасында жаудың 105 мм артиллериялық батареясының көзін жойды, екі пультті талқандады және жаудың жаяу әскерінің 10 взводын жан-жаққа шашыратып жіберді. Зегже, Зогробы, Велушево стансалары үшін болған шайқаста жолдас Жүсіпов өз зеңбірегінің оғымен неміс солдаттары тығылған тас үй мен екі ДЗОТ-ты, жаудың пультін тас-талқан етті». Осы шайқаста көрсеткен жанқиярлық ерлігі ескеріліп, «Ерлігі үшін» медалімен наградталған екен. «Ерлігі үшін» деген медаль – солдаттың солдатына ғана берілетін марапат.
«Фашистік басқыншылармен Берлин түбінде және сол Берлиннің өзінде болған сұрапыл шайқастарда жолдас Жүсіпов өзінің ержүректілігін және жауды жеңе білетін қабілетін айрықша көрсетті. 1945 жылдың 25 сәуірінде болған шайқаста ол мергендігі мен шапшаңдығын көрсетіп, өз зеңбірегімен екі минометтік батареяның, екі пулемет нүктесінің көзін жойды. Жаудың екі взвод жаяу әскері орналасқан үйді дәл көздеп атып тас-талқан етті. 1945 жылдың 26 сәуірінде Жүсіпов жолдастың зеңбірегі жау оғының астында қалды. Соған қарамастан батыл командир зеңбіректен оқ атуын тоқтатпай, жаудың екі пультін талқандады». Бұл ерлігі үшін ІІІ дәрежелі «Даңқ» ордені жауынгер кеудесіне қадалды.
1945 жылдың қазан айында әскер қатарынан босатылып, туған жеріне аман-сау оралды. Соғыстан кейін қираған кеңес шаруашылығын қалпына келтіруге аянбай атсалысты. Қызылорда облысы Шиелі ауданы Ленин колхозында парторг, «Коммунизм» колхозында есепші, ферма меңгерушісі, «Еңбекші» совхозында Ауылдық кеңес төрағасы қызметтерін абыроймен атқарды. Зейнеткерлікке шыққанға дейін ұзақ жыл жемісті еңбек етті.
Зайыбы Рабиға Байділдақызымен отасып, 11 баланы дүниеге әкелді. Ұрпақтарының айтуынша, ардагер соғыстағы ерліктері жайында көп айта бермейтін, өйткені ауыр шайқастарда көптеген майдангер жолдастары көз алдында қайтыс болған. Соғыс және еңбек ардагері 1985 жылы 13 желтоқсанда өмірден өтті.
2015 жылы Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай, Байтілес Жүсіпұлының атына Шиелі кентінен бір көше берілді.
АНЫҚТАМА
Берлин операциясы тарихтағы ең ірі шайқастардың бірі ретінде Гиннес рекорд кітабына енген. Екі жақтан болған ұрыстарға 3,5 миллионнан астам адам, 52 мың орудие мен миномет, 7750 танкі мен 11 мың ұшақ қатысты.
Шыңғыс ЖӘНІБЕК